Жер бетіндегі ұлттардың 3 пайызының ғана жеке мемлекеті бар десек, тәуелсіз ел ретінде мойындалған халықтардың да жаһандану барысында жұтылу қаупі бар. Жапония сынды толықтай жапондықтардан ғана құралатын, ұлттық бұйымдары мен өмір сүру салтын әлі күнге дейін сақтап қалған мемлекет көпке үлгі. Осы орайда уақыт өткен сайын қазақстандықтардың да ұлттық бұйым, киім, әшекейлер мен ыдыстарға деген сұранысы артуда. Соңғы жылдары ұлттық нақышта киіну сәнде болса, қазақылықтың бояуы көрінетін детальдарды пайдалану елден ерекшелену мен эстетикалық талғам үдесінен шығудың көрінісіне айналды. Соның ішінде өңірде ұлттық өнерді ұлықтап, өзгелерге де насихаттап, алғаш рет «Қолөнер» ұлттық нақыш орталығын ашқан Аида Керімқұлованың еңбегін елеусіз қалдыра алмаймыз.

А.Байтұрсынов пен Төле би көшелерінің қиылысында орналасқан «Sapa ka» жеңіл өнеркәсіп орталығы 2011 жылы құрылды. Бір айда 2000 дана мектеп формасы, 100 дана ұзату көйлегі сынды жекелеген немесе мемлекеттік тапсырыстарды жүзеге асыруға қауқарлы командада 30 адам жұмыс істейді. Оның ішінде жобаның бір бөлігі ретінде қарастырылатын «этно-ауыл» ұлттық мәдени кешенінің жұмысын жандандырып жүргендері де бар.

Сонымен аталған орталықтың басқадан басты ерекшелігі – қолөнермен айналысатын, атадан балаға мұра етіп, бүгінгі күнге жеткізе білер өз саласының үздіктерінің басын қосуда, «алтыдағы баладан алпыстағы қартқа дейінгі» қазақстандықтарды ұлттық нақыштағы тауарларымен қамтамасыз ете алуында. Барлық өнім мемлекеттік стандарт талаптарына сай болғандықтан жоғары сапада жасалады. Орталық ұлттық нақыштағы көйлектерге, мектеп және офис формаларына, арнаулы жұмыс киімдеріне, жеке қорғау құралдарына қолжетімді бағада тапсырыс қабылдауда.

Ұмыт қала бастаған ұлттық туындыларды жаңғыртып жүрген кәсіпкер Аида Әбдіқайымқызы әлеуметтік желіде тұтынушыға ұсынып отырған әр тауардың шығу тарихын, салт-дәстүрге қатысты маңызын түсіндіру арқылы жарнамалауды қолға алған. Ал бір рет тапсырыс берген жанның тұрақты тұтынушыға айналатыны сөзсіз. Ғимараттың ішінде орналасқан жасауы дайын киіз үй, алтыбақан – фотосессия үшін таптырмас локация ғана емес, жанды жайландыратын орын.

«Әдетте жас жұбайлар, отбасылық фотосессия жоспарлағандар бізге келеді. Кішкентай баладан қарт кісілерге дейін арнайы ұлттық нақыштағы киімді табуға болады. Мәселен, жеке фотосессияда ұлттық нақыштағы әшекей, сәукеле, жеңсіз, көйлек, етік 20 000 теңгені құрайды. Жас жұбайларға екі ұлттық образ қосып беріледі. Бағаға көпшіліктің қалтасына қарай келісім жасауға болады. Ең бастысы – бізде талғамға қарай түрлі образ бар. Жалға алудан бөлек дайын қазақы киімдерді сатып алуға немесе арнайы тапсырыспен тіктіруге болады», – дейді орталықтың атқарушы директоры Әли Кеңесұлы.

Сонымен бірге орталықтан суретшілердің картиналарын, қолөнер шеберлерінің сазбалшықпен жасалған дүниелерін көре аласыз. Тағамның құнарын сақтап, бойға бар нәрімен жеткізетін ағаш ыдыстар мен бұйымдар да бар. Жүзік, білезік, өңіржиек, алқаның да түр-түрін табасыз. Ал тапсырысқа сай, оюлы немесе өзгеше детальді көрпе, киімдерді тігуде «Barudan» мәшинесінің еңбегі зор. Оның тілін білетін білікті маман, Түркиядан арнайы шақырту арқылы келіп, орталықта қызмет ететін Мұрат Гүлтекиннің айтуынша, мәшине құрылымындағы бір шоғырбаста 12 дана ине бар. Компьютерлік бағдарламалау арқылы қажетті өрнектер оңай жасалады. Одан бөлек лазерлік кесу арқылы сурет, түрлі күрделі оюларды салатын тағы бір мәшине бар. Мұндай технология облыс бойынша осы орталықта ғана қолданылады.

Аида Әбдіқайымқызының осы бағытта іске асып жатқан тағы бір жобасы – «этно-ауыл» мәдени кешені. Өткен жылы ашылған этноауылда Қырғызстаннан алынған англо-араб, Ресейден әкелінген араб тұқымды екі жылқы бар. Туған күн сынды атаулы күнді осында өткізіп, достарыңызбен бірге киіз үйде тамақтанып, демалуға болады. Тіпті күнделікті күйбең тірліктен қажығанда демалыс ретінде садақ атуға келіп, жылқымен шауып, белсенді әрі ерекше уақыт өткізу мүмкіндік бар. Орталық та, этно ауыл да фотозоналық кешен ретінде қарастырылғанымен, ән мен күй төгіліп, сал-серілер сауық құратындай, қазақ боп туғаның үшін тағы бір мәрте қуанатындай ерекше жайлылық сыйлайды. Жылдар алға жылжыса да, жалықтырмайтын ұлттық ерекшелігіміз әр қазақтың бойынан табылады. Тек содан қол үзіп қалмасақ екен.

Дина БӨКЕБАЙ