» » Қырық төртінші орын

Қырық төртінші орын

Қазақ – қай заманда да бейбітшілікті ту еткен халық. Мынау ұланғайыр атырапты білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғағаны рас. Алайда өздігінен ешкімге соқтығыспаған, соғыс отын тұтатпаған әлемдегі бірден бір ел. Қай дауды да ақылмен шешкен. Көбіне дініміздің ұстанымына жүгінген. Одан әріге кетпеген. Өзі адамзат байлығының бірі осы бейбітшілік қой. Адамзат мәңгілік тыныштықты, бейбіт өмірді аңсап келеді. Кешегі жерұйықты іздеген Асан қайғы секілді. Бірақ ақ пен қара аралас дүниеде оған толықтай қол жеткізген ешбір халық жоқ.

Жақында әлеуметтік желіден мынадай ақпарат оқыдым. Ғалымдар осы тақырып аясында зерттеу жүргізіпті. Зерттеушілердің деректерінде, соңғы бес мың жылда жер бетінде небары 292 жыл ғана бейбітшілік болған. Қалған уақыттың бәрінде мемлекеттер бір-бірімен қақтығысып келген. Оның ішінде біздің де «тар жол тайғақ кешулеріміз» бар. Осы аралықта жер бетінде он бес мыңнан астам қантөгіс шайқас өткен. Екінші дүниежүзілік соғыстан бері жер бетінде мамыражай өмір орнады дегенмен, әлемнің әр бұрышында үлкенді-кішілі соғыстар, қарулы қақтығыстар жиі кездесуде. Ғалымдардың есептеуіне қарағанда, өткен жиырмасыншы ғасырдың соңғы қырық бес жылында әлемде небәрі он екі ғана бейбіт те, тыныш күн болыпты. Кейінгі қырық жылдың өзінде әлемде 250 соғыс болып, 354 млн. адам қаза тапқан. Мұндай дерек әрине бейжай қалдырмайды. Ал енді әлемдік аренада біздің елдің жай-күйі қалай, соған ойысайық.
Қазақстан – бүгінде біршама одақтың мүшесі. Әрине мұның барлығы әртүрлі мақсатта жұмыс істейді. Бірақ негізгі мүдде біреу. Ол – бейбітшілік. Жалпы ел мен ердің мазасын кетірген аласапыран соғысты болдырмау үшін әлемдегі одақтар мен мемлекеттердің, ұлттар һәм ұлыстардың өзара келісімі болуы шарт екенін бәріміз білеміз. Бұл өз кезегінде бейбітшілікте күн кешудің алғышарты болады. Бейбітшілікте болу бастамасы әр ғасырда, әрбір кезеңде көтеріліп келеді. Кезінде кіші жүздің, кейін тағы екі жүздің Ресейге қосылуы да елдің тыныш өмір сүруіне бағытталған әрекеттер еді. Бірақ бүгінде бұған құлақ асушылардың қатары аз-ақ. XV ғасырдан бері қарайғы дүбелеңдерді есептемегенде, 90-жылдары тәуелсіздігін алып, әлемдік аренада бейбітшіліктің туын тіккен ел біздің Қазақстан ғана. Жаһандағы мемлекеттердің өзара бейбітшілігі мен ауызбіршілігін нығайтуда біздің елдің үлесі зор. Әр жылдары елімізге саяси іс-сапармен келген елшілер жүрекжарды лебізін білдіріп, біздің елдің әлемдік бейбітшілікке қосқан үлесі жайлы жиі айтып жүр. Осы жолда күні бүгінге дейінгі жетістіктердің, қабылданған шешімдердің бәрінде Елбасының ерен еңбегі бар екенін атап өтуге болады. Мәселен, дінаралық саясатты алайық.  Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласында үш жыл сайын өткізілетін әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі Қазақстанның бастамасы ретінде одақтар тарапынан жоғары бағаланған. Жалпы адамдарды тура жолдан тайдырмау, оларды жақсы істерге жақындату – діннің негізгі миссиясы. Сондықтан астанамызда шетелдіктердің қатысуымен өтетін осынау басқосудың бейбітшілікке үндейтіні айқын.
Кез келген дүниенің бастауы да, тірелетін соңғы нүктесі де – дін. Сол арқылы елді бейбіт өмірге шақыруға болады. Әйтпесе басып-жаншудың өзі кей жағдайда көмектесе алмай қалуы бек мүмкін. Қазақстан – діндер, өркениеттер, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың үлгісіндей. Әлем саясаткерлері Қазақстан бастамаларының дұрыс екендігін айтып-ақ жүр.  Бейбітшіліктің қадірін білген елге, оның ауқымы мен маңызы жыл сайын артып келеді. Діндер съезі алғаш рет қазақ даласында өткенде қатысушылар саны он жеті елден бір-бір делегат келген екен. Ал, соңғы съездерде әлемнің елу мемлекетінен жүзге тарта делегация жиналыпты. Біздің елдің бейбітшіліктің нағыз ордасы болғанын осыдан-ақ білуге болады меніңше.
Қазақ сонау ертеден малын бағып, кәсібін дөңгелетіп, тып-тыныш өмір сүрген. Өзі бейбіт, тыныш өмір сүруге ұмтылу – қазақ халқының қанына сіңген қасиет екені осыдан белгілі. «Сырт көз – сыншы» деген рас. Жетісу жерінде қазақтың байрағы қадалып, көк түріктің ұрпағы ел болғалы сырттан қонақ болып немесе саяси ахуалдарға байланысты тұрақтап қалған өзге ұлт өкілдері жетерлік. Бүгінгі 131 ұлт – осының бұлтартпас дәлелі. Қазақтың ұлан байтақ жерінде болған ғалымдар, елшілер, саяхатшылар қазақ ұлтының ешкімге жамандық жасамайтынын, ежелден бейбітшілікті сүйетінін, қонақжай, ешкімге жайдан-жай соғыс ашпаған ел екенін жазып қалдырған. Тәуелсіздік алған жылдары Елбасының және елдің бетке ұстар азаматтарының арқасында біз осы қасиетімізді тағы да бір дәлелдеп, оны әлемге паш еттік. Мәселен, сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Семей ядролық полигонын жабу еліміздің тарихында ғана емес, дүниежүзіндегі айтулы оқиғаның бірі болды. Кезінде КСРО-ның аса маңызды стратегиялық базасы саналған Семей ядролық полигоны 1991 жылдың 29 тамызында жабылды. Ядролық қару пайда болғалы ешбір ел ядролық полигонды өз еркімен жауып көрмеген еді. Бізден басқа. Қазірде солай. Алпауыт елдерді есептемегеннің өзінде, Солтүстік Корея, Ирак сияқты елдер ядролық қарудан бас тартпай, айналасына қауіп төндіріп отыр. Біздің еліміздің әлемде бірінші болып ядролық полигонды жабу жөніндегі шешіміне БҰҰ мен дүниежүзілік қауымдастық жоғары баға берді. Сол уақыттан бастап әлем Қазақстанды тани бастады.
Сақ заманынан бастап жер бетінде жойқын соғыстар болды. Тіпті тарих сахнасынан жойылып кеткен мемлекеттер де жетіп артылады. Мәселен, жоңғарлар, тибеттіктер тағысын-тағы. Текетірестердің әсерінен өз егемендігін сақтай алмай, басқа ұлттардың құрамына еніп кеткендері қаншама?! Мысалы, татар, тибеттіктер, шешен, башқұттар. Кеңес заманында Чехословакия, Югославияда осы тізімде. «Елу жылда – ел жаңа». Заман жыл санап өзгеріп келеді. Осы күнгі біздің ғасырдың ең басты талабы – татулық. Бұл кезеңде бейбітшілік пен өзара татулықсыз әлемнің құрдымға кететінін, адамдардың қырылып қалуын, табиғаттың экологиялық проблемаларға ұшырау мүмкіндігін әр адам түсінеді. «Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды», – дейді Абай. Сирия, Ауғанстан, Ирак секілді елдердегі жағдайды көріп, әлем елдері сабақ алары анық. Бүгінгі күннің актуалды мәселесі де осы бейбітшілік пе деп ойлайсың кейде. Мемлекеттердің тәуелсіздігінен айырылу қаупі туралы Елбасы «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында айтқан болатын. «Тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Бірақ осыны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлемде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткенін білесіздер. Бұл – тарихи шындық. Өзара түсіністік танытпау, жан-жаққа тартқан алауыздық талай елдің тағдырын құрдымға жіберген», – деген еді Елбасы.
Жалпы бүгінгі әлемнің жаңа тарихында ұлтаралық татулықты насихаттап,  тек қана бейбітшілікке үндеген Қазақстанды әлем жұртшылығы мойындады. Мемлекетіміздің көптеген азаматтары, әсіресе өзге ұлт өкілдері этносаралық татулықты сақтаған бізге алғысы шексіз. Мұны әлем біледі. «Көш жүре түзеледі». Жұрттан жақсысын алса, оңалады. Бейбітшілік заңдылығын бұзып, өз ішінде қырық пышақ болып қырылып жатқан елдерден сабақ алуымыз қажет-ақ. Қараңызшы, бір ғана Сирияның өзінен мыңдаған босқындар қашып шығып, Түркия мемлекетінде жан сауғалады. Мыңдаған жылдар бойы өркениеттің ордасы болған тарихи қалалардың күл талқаны шықты. Жағдай қиын. Бүгінде осындай ұлттық қақтығыстардың алдын алу үшін еліміз көптеген іс-шараларды қолға алуда. Астанадағы әлемдік бейбітшілік туралы кездесулер де осы сөзіме дәлел бола алады. Шыны керек, Қазақстан – Орта Азиядағы небір ұлттардың тоғысқан жері. Ресми деректерге сүйенсек, республикамызда 40 конфессия өмір сүреді екен. Бабалар жүрген жолдан таймай, өзгелер құра алмаған қоғамды құрып, оның өзара татулығын нық ұстау да жоғарыда айтқан біраз елдің қолынан келмеді. Бұл да – біздің жетістігіміз.
Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған бірлігі екені бізге мәлім. Ерінбесек, Аңырақай шайқасынан бері қарай тізіп шығуға болады. «Күлтөбенің басында күнде жиын» дегенді естіген шығарсыз. Жалпы әрбір азамат өз қоғамының бейбітшілігін бұзбауға, өзара ынтымаққа атсалысу қажет. Мемлекетіміз қайтсе «мәңгілік ел» болады деген сауал әрбірімізді ойландыруы тиіс. Бәрі өзімізге байланысты. Әсіресе жастарға. Болашақ жастардың қолында екенін ескерсек,  бейбітшілікті сақтау бізге тікелей байланысты. Бірлік бар жерде ел құрдымға кетпейді. Тарих сахнасынан өшпейді. Ауызбіршілік болғанда ғана, алға жылжуға болады.  Көре алған адамға бейбітшіліктің берері көп. Соның бір дәлелі, бүгінде халықтың саны 19 миллиардқа жуықтап қалды.  Біздің елде қалыптасқан ұлттардың тыныш өмір сүруі, олардың бір-біріне еркін сіңісуі, достығы қандай үлгілі ел екенімізді айқындап бергендей.  Қазақстанның өзге елдерден айырмашылығының бірі, көпұлтты  болса да татулықты сақтауында. Осынысымен көпке үлгі. Ендігі міндет – осы бейбітшілікті сақтау.
Жалпы әлемдегі және еліміздегі бейбітшілік мәселесін жоғары да қаузап өттік. Енді тағы да бір тың дерекпен бөлісе кетейін. Global Finance журналы 128 елден тұратын әлемнің ең қауіпсіз елдері рейтингісін жариялапты. Онда қауіпсіздік деңгейі қақтығыстар, табиғи және техногенді апаттар ықтималдығы бойынша есептелген. Сонымен қатар азаматтарға төнетін қауіп деңгейі мен экономикалық даму дәрежесі де ескеріліпті. Қазақстан бұл тізімде Балтық жағалауындағы мемлекеттерден кейін қырық төртінші орынды иеленген.
Ақтілек БІТІМБАЙ
09 қыркүйек 2019 ж. 327 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-315

19 қыркүйек 2019 ж.

37-314

12 қыркүйек 2019 ж.

36-313

05 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30