» » «Серпіндіктер» неге сеңделіп жүр?

«Серпіндіктер» неге сеңделіп жүр?

    «Қазақстан 2050» стартегиялық бағдарламасында айқындалған мақсаттарды орындау үшін жастар мәселесіне арнап, Үкімет «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты әлеуметтік жобасын ұсынған еді. Жоба аясында еңбек ресурстары басым келетін оңтүстік өңір жастарын кадр тапшылығын көріп отырған аймақтарда оқыту және жұмысқа орналастыру мақсатын көздеген «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы іске кірісті. Бүгінде алты жылдан бері бағдарлама аясында білім алған жастар көп. Әсіресе серпіндіктер Қызылорда облысында димпломы бар, жұмысы жоқ жастар қатарын көбейтті. Себебі бағдарлама бойынша білім алған аймақтарында тұрақты жұмысқа қалмай, басым бөлігі облысқа қайтып келген.
Ақтолқын Тілеуова, жұмыссыз:
Мектеп бітірген соң басты мақсат білім грантына қол жеткізу болды. Бағдарлама аясында Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде биология пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым. Бітірген соң Орал қаласының өзіндегі мектептерден жұмыс ұсынды. Алайда бөтен жер, пәтер жалдап тұру керек деп келіспедім. Ата-анам да көз алдымызда жүрсін деп елге қайтарды. Келген кезден бастап Қызылорда қаласынан жұмыс таппай жүрмін. «Еnbek.kz» бірнеше оқу орындарына түйіндеме алып бардым. Бәрі адам алып қойдық деп шығарып салды.
− Қанағат Іскендір, жұмыссыз:
Семей қаласында оқыдым. Аймаққа қажетті құрылыс инженері мамандығын меңгердім. Бітірген соң ол жақта қалмадым. Аймақта жұмыс дайын деп жалған ақпарат беріп кеттік. Себебі елден бір жұмыс табылар деп ойладық. Қалада құрылыс әркез қарқынды жүріп жатады ғой. Әйтседе мамандығыма сай жұмыс табылмай тұр. Енді жоғары білім алуды мақсат етіп отырмын.
         Қызылордада жұмыс іздеген жастардың басым бөлігі «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алған қолында табақтай дипломы бар өрендер. Алайда мемлекет қаржысына оқытқаннан кейін жұмысқа орналастыру неге қиын болып жатыр? Бағдарлама жалғасын таба ма? Талаптары өзгере ме? Осы сұрақтарды SERPIN білім беру ұйымдарының Ұлттық Қауымдастығының төрағасы Мұрат Әбеновке қойдық.
Мұрат ӘБЕНОВ, «Серпін» жобасының негізін қалаушылардың бірі:
− Бағдарлама аясында жұмыс істеп қаламын деген адамға жұмыс тауып береміз. Алайда түлектердің басым бөлігі қалуға мәжбүрлемеуді сұрап, өз таңдауларын жасады. Себебі бөтен қалада тұрғылықты тұруға дайын емес немесе отбасылық жағдайын айтқан. 2014 жылдан 2018 жылға дейін оқыған аймағында тұрақтандырып қалдыруға нақты талап көрсетілмеген. Жұмыс табылады. Әкімдіктер қанша жасқа болса да жұмыс тауып беруге ниетті. Алайда баспана мәселесі шешілмеген. Сондықтан біз таңдауды жастардың өз еркіне қалдырдық. Басқа қалаларға жұмысқа орналасқандары бар.
         ызылордалық жастар «Серпін» бағдарламасымен тағы да грантқа түсе ала ма? Қандай жаңа талаптары болады деген сауалымызға: «Білім және Ғылым министрімен кездестім. Жоспар бойынша алдағы уақытта грант бөлінеді. Оқыған жерінде тұрақты қалдыру мақсаты бар. Президент әкімшілігіне ұсыныс бердік. Қаламын деген балаға бір жыл бойы пәтер жалдауға ақы беруге немесе жатахқанада тегін тұру мәселесін қарап жатырмыз. Бұл екі таңдаудың біріне келсек, ол кезде талапкер оқуға түспей жатып келісім беру қажет. Балалар оқығысы келеді. Алайда оқу бітірген соң мен қаламын деп уәде бергісі келмейді. Оқу жылының соңында таңдау жасау қажет болғанда қалғысы келмейді.  Оқып жүрген кезде жақсы өндіріс орнында тәжірибеден өту керек. Бітірген соң сол аймақта жұмыс істеуге үгіттеп қалдыру қажет. Әйтпесе бірі тұрмысқа шығады, біріне ауа райы жақпайды. Енді бірін ата-анасы шақырып алады. Грант алды екен деп жастарды белгілі бір аймақта мәжбүрлеп қалдыруға қарсымын. Қалауымен туған жеріне қайтқан екен әр аймақ өз жастарына жауапкершілікпен қарау керек»,  − дейді Мұрат Абдуламитұлы.
         Бітірген түлектердің жұмысқа тұрғаны жөнінде ақпарат сіздерде бар ма? Жұмысқа орналасуына ықпал ету басқарманың құзіреттілігіне кіре ме? Біздің  бұл сұрақтарымызға облыстық білім басқармасының «Әдістемелік кабинет» облыстық оқу орталығының басшысы Бақдәулет Дүрманов жауап берді.
 – Басқарма тарапынан «Серпін» бағдарламасын үйлестіруші 9 аймақтан келген оқу орнының қызметкерлерін мектеп бітіруші түлектермен кездестіріп, түсіндірме жұмыстарын жасауына көмектесеміз. Сондай-ақ облыс орталығындағы М.Ықсанов атындағы политехникалық колледждің базасында қажетті құралдармен қамтып, арнайы орын бөліп, қызығушылық білдірген балалармен әңгімелесіп, құжат қабылдауына жағдай жасаймыз. Алайда оқу бітіріп келген соң жұмысқа тұруы бойынша мониторинг жасауға мүмкіндігіміз жоқ. Қанша жас бітіргені туралы «Серпіннің» штабынан алатын едік. Қазір ол кісілермен де байланысу қиын болып кетті. Жалпы бітірушілердің жұмысқа орналасуымен айналысу басқарманың құзіретіне кірмейді. Мүмкін облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы айналысып жатқан шығар», − дейді Бақдәулет Дүрманов.
         Жұмыссыз жастардың мәселесі аймақтағы жастар саясатының өзекті тақырыбы. Дегенмен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы жұмыссыз жастар туралы мәліметтер жинақтай ма? Бәлкім талдау жасап, таразылап отырған шығар? Ал оларды жұмысқа орналастыруға ықпал ету басқарма құзіреттілігіне кіре ме? Сауалымызды сала басшысы Қуаныш Жанұзақовқа қойдық.
  – Бағдарлама аясында 2,5 мыңнан аса жастың оқуға түскені жөнінде мәлімет бар. Қазір олардың жағдайын нақты анықтау бойынша "Серпін" бағдарламасымен білім беретін оқу орындарынан, тиісті органдардан сұралуда. Жастарды жұмыспен қамтуөте маңызды. Дегенмен арнайы статистикалық мекемелер  жұмыссыздық деңгейін анықтаса, әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту орындары жұмыспен қамту шараларын қабылдайды. Ал біз әдістемелік, ақпараттық қолдау көрсетіп, мемлекеттік бағдарламаларға жастардың қатысуын үйлестіреміз, − деді Қуаныш Қуантханұлы.
         «Серпін» бағдарламасының бастапқы мақсаты «болам дейтін баланың бетін қақпай, белін буу» болатын. Мемлекеттік бағдарлама аясында білім алды. Енді оларды жұмыспен қамту мәселесі кімдерді алаңдатады? Білім және ғылым министрлігі де түлектердің жұмысқа тұруына салмақты қарамайтын болғаны ма?
         Қызылорда қалалық жұмыспен қамту бөлімінің мәліметінше, 2019 жылы 15 пен 28 жас аралығындағы 5494 жұмыссыз жас тіркелген.
  Гүлбану МАҚАЖАН
02 ақпан 2020 ж. 187 0

PDF нұсқалар мұрағаты

08-337

27 ақпан 2020 ж.

07-336

20 ақпан 2020 ж.

06-335

13 ақпан 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
242526272829