» » Нұрлыбек Нәлібаев, қала әкімі: Біз үшін орталық пен шет аймақтың маңызы бірдей

Нұрлыбек Нәлібаев, қала әкімі: Біз үшін орталық пен шет аймақтың маңызы бірдей

  А.Тоқмағанбетов атындағы Мәдениет үйінде Шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев халық алдында жылдағы дәстүрге сай есеп беріп, атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Кездесуге облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
         Қала әкімінің айтуынша, өткен жылы қала бюджеті 43 млрд. теңгеге жетіп, өнеркәсіп кәсіпорындарының, өңдеу өнеркәсібінің, негізгі капиталға салынған қаржының, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі артқан. Қаладағы 251 шаруа қожалығының бірігуімен 21 ауылшаруашылығы өндіріс кооперативі құрылған. Сонымен қатар қаламыздың инженерлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да жүйеленген. Мәселен, өткен жылы республикалық, облыстық және қалалық бюджеттен инфрақұрылымды дамытуға, ауыз су, кәріз жүйелері мен ғимараттарды қайта жаңғырту мақсатында, облыстық бюджеттен қаржыландыруға 61 млн. теңге, Ұлттық қор есебінен 545 млн. теңге бөлінген. Нәтижесінде, Қызылорда қаласы республика бойынша қалаішілік су құбырлары 60 пайыз толық жаңартылған, таза жерасты ауыз суын тұтынып отырған бірден-бір қала. Мұнан бөлек, жылу желілерін жаңарту жұмыстары да қарқынды. Соңғы 5 жылда қаладағы магис­тральды жылу желілерін жаңартуға  8 млрд. теңге қаржы жұмсалған.
Өткен жылдың тағы бір айтулы жетістігі, қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында заманауи үлгідегі автобус паркі пайдалануға берілді. Бүгінде бұл парк қоғамдық көліктердің техникалық жағдайын бақылап, көлік жүргізушілері мен қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға септігін тигізуде. Биыл «Қызылорда автобус паркіне» қосымша орта сыйымдылықтағы 150 жаңа автобус алу жоспарлануда. Осылайша қоғамдық көлік мәселесі кезең-кезеңімен шешімін таппақ.
Соңғы жылдары аймағымызда тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселеп артты. Нәтижесінде, соңғы 5 жылда қаламызда жаңадан 12 шағын аудан бой көтеріп, 7 мыңға жуық жерлесіміз қоныс тойын тойлады.
         Есепті кездесу соңында қала әкімі тұрғындардың сауалына жауап берді. Тұрғындардың басым көпшілігі жер телімі, баспана алу мәселесі төңірегінде сұрақ қойды.
         – Қаламызда тұрғын үйлер салынып жатқанымен, алдын ала қаржы жинауға жағдайы жоқ жандар бар. Жеңілдікпен тұрғын үй алудың қандай мүмкіндіктері бар, – деп сауал жолдады қала тұрғыны Үрпатша Тұрманова.
         – Соңғы бес жылда 7 мыңға жуық жерлесіміз баспаналы болды. Ол пәтерлер жалға алу, сатып алу құқығымен беріліп жатыр. Одан бөлек 300-ге жуық арендалық пәтер табыстадық. Сол жағалаудан 220 пәтерлік үй салынады. Облыс әкімінің қолдауымен басталған «Орда» бағдарламасы қабылданып жатыр. Алдын ала 30 проценттік төлем төлеуге қабілетсіз жандарға арналған аймақтық бағдарлама бекітілді. Аталған бағдарлама аясында жылына 300-400 пәтер беріледі, – деп жауап берді қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
         Мұнан бөлек, «Саяхат» шағын ауданының тұрғыны Талғат Әлиев аталмыш ауданның жол мәселесін қозғап,  жөндеу жұмыстары қашан басталатынын сұрады.  
         – Халық арасында айтылатын «тек қаланың орталық жолдары жөнделеді» деген пікір бар. Бұл дұрыс емес. Шет аймақтарға да жіті көңіл бөлініп келеді. Біз үшін орталық пен шет аймақтың маңызы бірдей. Әл-Фараби, С.Торайғыров көшелерінің, Тасбөгеттегі және Сәулет шағын ауданындағы жолдардың жөнделуі бұл сөзімізге дәлел. «Саяхаттың» жол құрылысы жобасын дайындап жатырмыз. Жоба дайын болған соң, облыс әкімдігіне ұсыныс береміз, – деді шаһар басшысы.
         Есепті жиынды облыс әкімі Қ.Көшербаев қорытындылап, тұрғындарды толғандыратын негізгі мәселені түртіп алып, шешу жолдарын қарастыратынын айтты. Алдағы атқарылар шаруаларға тоқталып, Сырдария өзенінің сол жақ жағалауын игерудегі жоспарларымен бөлісті. Осылайша, қала әкімінің есеп беру жиыны қала тұрғындары тарапынан оң бағаланды. Жиын соңында Қырымбек Көшербаев шаһар басшысына қала көлемінде кәсіпкерлікті дамытуға, инвестиция тартуға күш салу бағытында жұмыс жасау керегін тапсырды.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА
08 ақпан 2018 ж. 1 160 0

PDF нұсқалар мұрағаты

19-348

14 мамыр 2020 ж.

18-347

07 мамыр 2020 ж.

17-346

01 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031