» » ӨТЕШОВ ӨКПЕЛІ МЕ?

ӨТЕШОВ ӨКПЕЛІ МЕ?

 Алмас Өтешовтің ел спорты тарихында өшпес із қалдырғаны еш дау туғызбаса керек. Ол ауыр атлетиканы серік еткен қандастарымыздың арасынан алғаш болып әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілді. Ол – ҚР еңбек сіңірген спорт шебері атағына ие болған тұңғыш қазақ зілтеміршісі.  Ол – жастар арасында Азия чемпионы атағына қол жеткізген алғашқы қандасымыз. Осылай тізбектей берсек, Сыр бойында туып-өскен саңлақтың бұл салада бағындырған белесі орасан екеніне анық көз жеткізуге болады.
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Екпінді елді мекенінде дүниеге келген Алмас Өтешовтің спорттық мансабы қазақ күресінен бас- талды. Өзі құрыптас балалармен алысып-жұлысып жүріп, төл өнеріміздің қыр-сырын біраз меңгерді. 2002 жылы облыс орталығына келіп, спорт мектебіне оқуға түсті. Бірақ ол жерде қазақ күресі үйірмесі болмағандықтан, еріксіз ауыр атлетиканы таңдауына тура келді. Асқар Меңдияров пен Ғалым Сиқымов сынды жас мамандардан тәлім-тәрбие алған тастүлек шеберлігі шыңдала келе, талай таланттың тома­ғасын сыпырған даңқты бапкер Вилорий Пактың қол астына өтті. Сол кезден бастап Қызылорда облысы денешынықтыру және спорт басқармасының бастығы Садық Мұстафаев мырза дарынды жасты өз қамқорлығына алды. Алмас айтады: "Сол кездері Қызыл­ордада ауыр атлетикаға қызығушылық жоғары болатын. Алдымыздағы ағаларымыз халықаралық аренада атой салса, олардың ізін басып келе жат­қан жас өрендердің де қарқыны керемет еді. Мен мемлекетіміздің мақтанышына айналған Илья Ильинмен бір залда жаттықтым. Одан бөлек, сол залда Қуаныш Рахатов, Роман Русяновский, Жеңіс пен Айбол Алдабергеновтер, Дәурен Шауетеев сынды сайыпқырандар болды. Барлығымыз жаттығу залында аянбай тер төктік. Міне, осындай ерен еңбек, табандылық, шынайы бәсекелестіктің арқасында шеберлігіміз күн санап өсті".
Өз қатарының алды болған Алмас араға төрт жыл салып, Қазақстан ұлттық құра­масы сапына қабылданды. 2006 жылы Дохада алауы тұтанған Азия ойындарына қатысып, үлкен тәжірибе мектебінен өтті. 2008 жылы Оңтүстік Кореяның Ченджу қаласында өткен жастар арасын­дағы Азия біріншілігінде Алмасқа тең келер ешкім табылмады. Өз қатарластары арасында алтын тұғырға көтерілген жігіттің үлкен спорттағы жеңісті жолы осылай басталды. Сол жылы Каназавада және келесі жылы Талдықорғанда өткен ерлер арасындағы Азия чемпионатында Алмас Өтешов қола медальді мойнына іліп, барша қазақ жанкүйерлерін бір қуантты. Сыр бойынан келген сайыпқыран сары құрлықтың басты додасында мықтылар санатына қосылғанымен, әлем чемпионатында  жеңіс тұғырына көтерілу бақыты оған біразға дейін бұйырмады. 2010 жылы Анталия және 2011 жылы Парижде өткен дүниежүзілік додаларда Алмастың асығы алшысынан түспеді. Айтуынша, "Мен өнер көрсеткен 94 кило салмақ дәрежесінде кіл мық­ты­лар жиналғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Елшілік жарыстардың өзінде бәсекелестік деңгейі өте жоғары болды. Бір ғана Илья Ильиннің өзі неге тұрады?! Оған ешқайсымыз бәсе­келес бола алмадық. Ильядан бөлек, әлем және Азия чемпионы, Бейжің Олим­пиадасында төртінші орынға та­бан тіреген Владимир Седов бар. Әлем­дік деңгейдегі жарыстардың жолдама­сына иелік ету үшін көбіне-көп сол екеу­міз таласатынбыз. Жарысқа небары 10 күн қалғанда «жаға жыртысу» басталатын. Әлем чемпионаты және Олимпия ойындары қарсаңында оны үнемі ұтып жүрдім. Соның арқасында жауапты жарыстарға көбіне-көп мен қатысатынмын. Бірақ Седовпен айқасқаннан соң, көп күшім сарқылатын. Соның салдарынан дүниежүзілік додаларда біразға дейін кеңінен көсіле алмадым".
2012 жылы елішілік жарыста бас­ты қарсыласы Владимир Седовтан десі басым болған Алмас Өтешов Лондон Олимпиадасында Қазақ елі намысын  қорғау құрметіне ие болды. 94 кило салмақ­та сынға түскен қандасымыз төрт­жыл­дықтың басты додасын 7-орынмен қорытындылады. Лондон Олимпиадасында үздік жеті спортшының қатарына қосылған жас жігіттің бойында өз-өзіне деген үлкен сенім пайда болды. 2013 жылы Польшаның Вроцлав қаласында өткен әлем чемпионатында Алмас 397 (175+222) килолық нәтижемен күміс медальді олжалады. Қазақтың нар тұлғалы азаматының алдын Ресейдің мақтанышы Александр Иванов қана орай алды. Қола медальді Владимир Седов иеле­нді. Осылайша, Алмастың есімі әлем чемпионатында жүлде ал­ған тұңғыш қазақ зілтеміршісі ретін­де спорттық шежіреге алтын әріптермен жазылды. Жоғарыдағы табысының кез­дейсоқ еместігін Өтешов 2015 жы­лы АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатында тайға таңба басқандай етіп дәлелдеді. Алыс­тағы Америкада күміс медальді кеу­де­сінде қайта жарқыратты. Осындай биік белестерді бағындырғаннан кейін Өтешов 2016 жылы Риода алауы тұтанатын Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырына көтерілуді көздеді. Бірақ Бразилияға бару бақыты оған бұйырмады. Қазақстанның бір топ ауыр атлеті «допинг қолданды» деп айыпталып, олар ғаламдық додадан шет қалды. Солардың арасында Алмас та бар еді... "Екі бірдей әлем чемпионатында жүлде алған­нан кейін өз-өзіме деген сенімім күшейе түсті. Сол аралықта Азия ойындарында  күміс медальді мойныма тақтым. Содан барлығымыз жатпай-тұрмай Олимпиадаға даярландық. Риодағы жарыс қарсаңында Жасұлан Қыдырбаев екеуміз нағыз бабымызда едік. Ғаламдық доданың бас жүлдесі қос қазақтың біреуіне бұйыратынына кәміл сендік. Бірақ қапияда Қазақстанның бір топ ауыр атлетіне «допинг қолданды» деген айып тағылды. Бұл жаңалық баршамызға жай түскендей әсер етті. Өзіміз­дің әділдігімізді дәлелдеу үшін халықаралық сотқа да жүгіндік. Бірақ одан еш нәтиже шықпады. Осылайша, спорт саласының басы-қасында жүрген арамзалар ұйымдастырған қитұрқы ойындардың құрбаны болдық. Ең бастысы, біз допинг қолданған жоқпыз! Бұл сөзді Илья Ильин де, Жасұлан Қыдырбаев та, мен де нық сеніммен айта аламыз"- дейді ол. Иә, Алмастың сөзінің жаны бар. Қос қазақ Бразилияға бірге аттанғанда, екеуінің де бұл сапардан олжасыз оралмайтыны анық еді. Олай деуге негіз, Олимпиада ойындарында 94 кило салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырына көтерілген спортшылар мынадай нәтиже көрсетті: 1. Сохрад Муради (Иран) – 403 (182+221) кило 2. Вадим Стрельцов (Беларусь) – 395 (175+220) кило 3. Ауримас Диджбалис (Литва) – 392 (177+215) кило Салыстырмалы түрде алсақ, Жасұлан Қыдырбаев 2014 жылғы әлем чемпионатында 408 (179+229) килоны еңсерді. Алматыда ол алтын тұғырдан қол бұлғады. 2015 жылғы әлем чемпионатында Жасұлан 399 (178+221) килолық нәтижемен қола алса, Алмас 402 (172+230) килолық көрсеткішпен күміс медальді иеленді. Осы деректің өзінен-ақ, Рио Олимпиадасында екінші және үшінші орын алған спортшылардың біздің жігіттерден біраз қалып қоятынын аңғару қиын емес. Сол секілді чемпиондық тәждің иегері Сохрад Мурадидің де көр­сет­кіші анау айтқандай керемет емес. Парсы елі өкілін тұғырдан тайдыруға қос қандасымыздың күш-жігері анық жететін еді...
"Допинг дауына ілікеннен кейін көптеген қиындыққа тап болдық. Мемлекет тарапынан алатын стипендиядан қағылдық. Еңбекақыдан да айырылдық. Ол аздай, дәуіріміз жүріп тұрған шақта арқамыздан қағып, мақтау сөздерін айтқан ағаларымыздың біразы теріс айналды. Дос-жарандар да азайды. Бір сөзбен айтсақ, тұрмыс тауқыметін біраз тарттық. Қиналған сәтте Шалқар Тәліпов пен Мұрат Өмірбек сынды кәсіпкер ағаларым қолдау көрсетті. Өзім былтыр Алматыға қоныс аударып, Қазақтың Спорт және туризм академиясы және республикалық спорт колледжіне жұмысқа орналастым. Бүгінгі таңда сол жерде жастарды ауыр атлетикаға баулып жүрмін. Бірақ сүйікті ісімнен түбегейлі қол үзгенім жоқ. Келесі жылы мен үшін үлкен спорттан шеттетілу мерзімі аяқталады. Сол кезде спорттық аренаға қайта ораламын. Мақсатым – Токио төрінде топ жару. 2020 жылы алауы тұтанатын Олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілу үшін еш аянып қалмаймын. Оған күш-жігерімнің жететініне сенімдімін" дейді болашақ олимпия чемпионы.   Міне, Алмас Өтешовтің басынан осындай оқиғалар өтті. Барша Алаш жұрты әлем чемпионатында жүлде алған тұңғыш қазақ ауыр атлетінің Олим­пия ойындарында да атой салатынына қатты сенді. Бірақ содыр саясаттың спорт­қа салқыны тиді. Соның салдарынан саңлақтарымыздың бағы байланды. Бірақ біздің жігіттердің сағы сынған жоқ. Мәселен, Алмас «Токиода атой саламын!» деп құлшынып отыр. Сол сенім, сол сезім қазақтың қара баласын жаңа биіктерге жетелесе игі...
"Егемен Қазақстан" газетінен

05 сәуір 2018 ж. 70 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 48 (222)

07 желтоқсан 2017 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30