» » «Алтын доп-2018»: Қай футболшының мүмкіндігі жоғары?

«Алтын доп-2018»: Қай футболшының мүмкіндігі жоғары?

   Футбол әлемінде жекелеген ойыншыға берілетін наградалардың арасында «Алтын доптың» бәсі жоғары. Үздік ойыншылардың барлығы осыған ұмтылады. Биылғы бәсеке жылдағыдан тартысты болары анық. Себебі Месси-Роналдудың 10 жылға созылған дуэліне нүкте қойылуы мүмкін.

«Алтын доп» жайлы ақпарат
«Алтын доп» сыйлығын France Football журналы 1956 жылдан бері табыстап келеді. Ең алғаш «Блэкпул» ойыншысы Стэнли Мэтью ие болған. Басында тек Еуропаның үздік футболшыларына ғана берген. Сондықтан Пеле, Марадона секілді мықтылар бұл сыйлықтан құр қалды. 1995 жылы ереже өзгерді: Енді кез келген ұлттың футболшысы «Алтын доп» жеңіп алуға мүмкіндігі бар. Бірақ ол ойыншы Еуропа клубтарының бірінде ойнау керек еді. Сөйтіп, Еуропа аймағынан тыс дүниеге келгендерден тұңғыш «Милан» шабуылшысы, қазіргі Либерия елінің президенті Джордж Веа қол жеткізді. Арада 12 жыл өткенде барлық шектеулер алынып тасталды. Әлемнің қай елінде, қай командасында ойнаса да, ол футболшы үздік өнер көрсетсе, «Алтын доп» сыйлығына үміткер болуға толық құқылы. «Алтын доп» сыйлығының иегерін әлемнің 96 журналисі дауыс беру арқылы анықтайды.
Үміткерлер
Биылғы жылы жеңімпаздың есімі 8 желтоқсан күні белгілі болады. Ұйымдастырушылар жақында «Алтын допқа» үміткер 30 футболшының есімін жариялады. Олардың тізімі төмендегідей:
Алғашқы бестік: Серхио Агуэро («Манчестер Сити», Аргентина), Алиссон («Ливерпуль», Бразилия), Гарет Бэйл («Реал», Уэльс), Карим Бензема («Реал», Франция), Эдинсон Кавани (ПСЖ, Уругвай).
Екінші бестік: Тибо Куртуа («Реал», Бельгия), Криштиану Роналду («Ювентус», Португалия), Кевин де Брюйне («Манчестер Сити», Бельгия), Роберто Фирмино («Ливерпуль», Бразилия), Диего Годин («Атлетико», Уругвай).
Үшінші бестік: Антуан Гризманн («Атлетико», Франция), Эден Азар («Челси», Бельгия), Иско («Реал», Испания), Харри Кейн («Тоттенхэм», Англия), Нголо Канте («Челси», Франция).
Төртінші бестік: Уго Льорис («Тоттенхэм», Франция), Марио Манджукич («Ювентус», Хорватия), Садьо Мане («Ливерпуль», Сенегал), Марсело («Реал», Бразилия), Килиан Мбаппе (ПСЖ, Франция).
Бесінші бестік: Лионель Месси («Барселона», Аргентина), Лука Модрич («Реал», Хорватия), Неймар (ПСЖ, Бразилия), Ян Облак («Атлетико», Словения), Поль Погба («Манчестер Юнайтед», Франция).
Алтыншы бестік: Иван Ракитич («Барселона», Хорватия), Серхио Рамос («Реал», Испания), Мохамед Салах («Ливерпуль», Египет), Луис Суарес («Барселона», Уругвай), Рафаэль Варан («Реал», Франция).
Лука Модричтің мүмкіндігі қандай?
Көптеген сарапшылар «Алтын доптан» басты үміткер Криштиану Роналду деген қорытынды жасауда. Ал Модрич ше? Әлем чемпионатында жанкүйерлердің қошеметіне бөленген ойыншы. Хорватия құрамасын финалға алып шыққан Лука десек қателеспейтін шығармыз. Егер португалиялық футболшы жеңіске жететін болса, онда алтыншы рет «Алтын допқа» иелік етеді.
Дауыс беру кезінде қорытынды нәтижеге әсер ететін негізгі факторлар:
  • Клубтағы ойыны;
  • Сол жылы Әлем немесе Еуропа чемпионаты өтетін болса, футболшының және оның құрамасының ойын нәтижесі мен жалпы есептегі көрсеткіші;
  • Танымалдылығы.
Соңғы пунктқа қатысты әр түрлі болжамдар бар. Бәлкім келіспейтіндер де көп болуы мүмкін. Бірақ кейінгі жылдары бұл сыйлықты табыстау кезінде осы факторлардың жиі ескеріліп жүргені де жасырын емес.
Бұл туралы кезінде атақты италиялық қақпашы Джанлуиджи Буффон пікір білдірген еді. Ол өз сөзінде «Алтын доптың» иегерін анықтау кезінде футболшының шеберлік деңгейі шешуші фактор емес деген болатын.
Енді, Модрич туралы тақырыпқа қайта оралсақ. Хорват футболшысы жайлы 2017/18 жылғы маусымда қаншалықты жиі естідіңіздер?
Шынын айтқанда, ол негізінен аса танымал емес спорт газеттері мен журналдарға болмаса, әлемдегі беделді ақпарат құралдарының бірінші бетіне өте сирек шықты. Модричтің БАҚ-тағы жұлдызы әлем чемпионаты кезінде 2-3 аптаның ішінде жарқырады. Сондықтан оның танымалдылығы қысқа уақытпен бағаланады.
Ал Роналду танымал журналдардың мұқабасынан түскен емес. Оның «Алтын допқа» талас кезіндегі бір басымдығы деп осыны айтуға болады.
Неліктен бұлай болып жатыр? Себебі жеңімпаздың есімін басқа-басқа емес, журналистер анықтайды. Футболшының танымалдылығын да қалыптастыратын солар. Бұл ретте Роналду туралы жазу оларға жеңіл және жоғары рейтинг әкеледі. Криштиану әдемі ойын көрсетеді және голдарды көп соғады. Сондай-ақ оның медиадағы белсенділігі Модричтен жоғары. Әлеуметтік желідегі оқырмандары да көп. Жарнамаға жиі түседі.
Мысалы, Гризманн шампун мен бальзамды жарнамалайды, ол туралы қауесеттер көп. Антуан туралы журналистерге жазу ыңғайлы. Жарнама және жоғары деңгейдегі ойыны арқылы француз шабуылшысын әлемнің көптеген елі жақсы таниды. Сондықтан Гризманның суреті тұрған газетті немесе журналды сатып алатындар көп.
Журналистерге Роналдуды жеңімпаз деп тану оңайырақ. Португал футболшысы осы жолы жеңіске жетсе, алты дүркін «Алтын доптың» иегері атанған алғашқы футболшы болады. Сол кезде барлық газеттер мен журналдар бірінші бетке жазып, рейтингтерін көтеріп алуларына мүмкіндіктері бар. Егер Модричтің бағы жанса, «Алтын допты» иеленген көптеген футболшылардың бірі болып қалмақ. Ал Роналду – тұңғыш. Басты, айырмашылық осында.
Егер жеңімпазды құрамалардың капитаны мен бапкерлері анықтайтын болса, онда бірінші кезекте футболшының таланты мен шеберлік деңгейі ескерілетін еді. Бірақ France Football журналы тілшілерге сенім артатын болғандықтан негізгі фактор басқаша. Оларға ақша мен жақсы тираж керек екені анық.
«Мен үшін ең бастысы ұжымның жүлдесі. Жекелеген сыйлықтарды алу ешқашан бірінші орында болған емес. Егер «Алтын доп» бұйырмаса, қара аспанды төндіретіндей трагедия бола қоймас. Басқалар секілді: «Алтын допты» алуға еңбегім сіңді деп айту менің стилім емес». Маған алаңда қалай ойнайтыным маңызды. Әрине, 2018 жыл белгілі бір деңгейде карьерамдағы үздік маусым болды. Соның өзінде: «Мен міндетті түрде жеңуім керек» деген сөзді айтқызуға итермелей алмайды. «Алтын допқа» басты үміткерлерді сұрасаңыз? Бірінші кезекте Рафаэль Варанды айтар ердім. Керемет маусым өткізді. Килиан Мбаппе – өте талантты ойыншы. Болашақта атақты футболшылардың бірі болуға толық мүмкіндігі бар. Қазірдің өзінде жоғары деңгейлі ойын көрсетіп жүр. Оның потенциалын жоғары бағалаймын. Сондай-ақ тағы бір фаворит деп Антуан Гризманды санаймын. Биыл бірнеше жүлдені жеңіп алды», – дейді Лука Модрич France Football журналына берген сұхбатында.
Модрич биылғы жылы «Реалмен» Чемпиондар лигасында топ жарды. Хорватия құрамасымен әлем чемпионатының финалына дейін жетті. 33 жастағы футболшы қыркүйек айында ФИФА-ның нұсқасы бойынша жылдың үздік ойыншысы атанды. Сөйтіп, Роналду мен Мессидің 10 жыл бойы ешкімге ұстатпай келген «Жылдың үздік футболшы» атағына нүкте қойды. Оның алдында УЕФА-ның таңдауы бойынша өткен маусымның үздік ойыншысы болып танылған.
Месси қайда?
2008 жылдан бері «Алтын допқа» талас негізінен Месси мен Роналдудың арасында өрбіп келеді. Екеуінің біреуі үздік үштіктен түсіп қалуы соңғы 10 жылда тек бір рет орын алған. 2010 жылы Испания құрамасы әлем чемпионы атанғанда Андрес Иньеста мен Хави Мессимен бірге алғашқы үштікке енді. Роналду тыс қалған болатын.
Биылғы жылы Месси УЕФА-ның және ФИФА-ның нұсқасы бойынша «Жылдың үздік футболшысын» анықтау кезіндегі үздік үштікке ене алмады. Оған басты себеп, Аргентина құрамасының әлем чемпионатынан ерте шығып кетуі, Мессидің мундиальда көріне алмауы және Чемпиондар лигасындағы сәтсіздік екені түсінікті. «Алтын допты» анықтау кезінде де алғашқы үштікке Мессидің кірмей қалуы мүмкін екені жиі айтылып жүр.
Лионель әлем чемпионатында Нигерия құрамасына маңызды гол соқты, бір-екі рет әріптестеріне нәтижелі пас берді. Одан басқа ештеңе көрсете алмады. Аргентина құрамасының жанкүйерлерінің көңілі тағы да қалды. Әлі күнге Марадона мен Мессиді салыстыратындар өте көп. Әзірге Месси Марадона секілді еліне әлем чемпионатының кубогын әпере алмай жүр.
Клубтық деңгейге келер болсақ, аргентиналық футболшы Испания чемпионаты мен кубогын ұтты. Екі турнирде өзі 38 гол соқты. Бірақ Чемпиондар лигасында «Барселона» үшінші жыл қатарынан ширек финалда шығып қалды.
Месси өзінің деңгейімен салыстырғанда орташа маусым өткізді. Голды көп соғуы және екі титулын ескеретін болсақ. «Алтын допқа» талас кезінде оның үштікке ене алмауына Чемпиондар лигасы мен әлем чемпионатындағы сәтсіздігі себеп болары анық. Алайда, бұл Мессидің деңгейін төмендеп кеткенін білдірмейді. Керсінше, өзге ойыншылар арасында биыл одан да асып, жарқырап шыққандардың бар екендігін байқатады.
Роналду «Алтын допты» алтыншы рет жеңіп алудан дәмелі
Роналду биыл «Реалмен» Чемпиондар лигасында топ жарды, өзі сол турнирдің үздік сұрмергені атанды. Тіпті, Португалия құрамасы әлем чемпионатын ерте аяқтағанымен, оның Испанияға жасаған хет-тригі көпшіліктің есінде ұзақ сақталары анық.
Криштианудың «Ювентуске» ауысуы да, қосымша фактор болары анық. Турин клубына келгеннен кейін рекордтық деңгейде жейделері сатылды. Тез арада Италияның үздік клубының көшбасшысы болып үлгерді. Чемпионатта гол+пас жүйесі бойынша бірінші орында келе жатыр.
Өзі де жақында France Football журналына сұхбат беріп, алтыншы рет «Алтын доп» алуға еңбегі сіңгенін айтыпты.
«Мен өзімнің әлемдегі үздік ойыншылардың бірі екендігімді әр кезде білдім. Алтыншы рет «Алтын допты» жеңіп алу басты мақсатым болмаса да, бірақ, әрине, қалайтыным жасырын емес. Егер басқаша айтсам ол өтірік болар еді. Мен күн сайын әрбір ойында жеңіске жетіп және гол соғу үшін еңбек етемін. Менен біреу осы ойыныңызбен «Алтын допқа» еңбегіңіз сіңді ме? деп сұраса: «Мен бұл жүлдеге лайықтымын» деп жауап берер едім», – дейді Роналду France Football журналына берген сұхбатында.
2018 жылдың жаңалығы
Лука Модрич, Эден Азар, Антуан Гризманн сияқты ойыншылар бірнеше жылдан бері жоғары деңгейлі ойын көрсетіп келе жатқаны белгілі. Ал 2017/18 жылғы маусымда бұл қатарға Мохамед Салах қосылды.
Оның биыл жазда әлем футболының триумфаторларының біріне айналуға керемет мүмкіндігі болған. Ол үшін Чемпиондар лигасында жеңіске жетіп, Египет құрамасымен әлем біріншілігінде сәтті өнер көрсету керек еді. Бірақ екеуі де жүзеге аспады.
Өкініштісі, «Ливерпуль» шабуылшысы Чемпиондар лигасының финалында жарақат алып қалды. Осыдан кейін оның командасы ұтылып қалды әрі өзі әлем чемпионатына толық бабында барған жоқ. Егер «Алтын доптың» иегерін анықтау кезінде футболшының трофейі есепке алынатын болса, Салахта бірде-біреуі жоқ. Англия премьер-лигасындағы төртінші орын және Чемпиондар лигасының финалындағы жеңіліс ғана еске түседі. Әлем чемпионатындағы көрсеткішін ескерер болсақ, Салахта бәрі нашар. Құрамасы топтан шықпады, өзі тек пенальтиден гол соқты.
France Football-дың бүйрегі француздарға бұрады
France Football журналы Францияда шығатын болғандықтан, француз ойыншыларына бүйрегі бұрады деген пікірлер де жиі айтылып жүр. Ресейлік футбол сарапшысы Сергей Акулинин «Матч ТВ» арнасына берген сұхбатында осылай деп отыр.
«Меніңше, француз ойыншыларының бір жеңіп алуы мүмкін. Мысалы, Гризманн немесе Мбаппе. Өйткені, France Football Франциядан шығатын журнал екенін естен шығармайық. Биыл әлем чемпионаты өтті. Журналистер бірінші кезекте мундиальдағы нәтижелерді есепке алу тиіс. Ресейдегі чемпионатта Франция жеңіске жетті. Сондықтан «Алтын доп» француз ойыншыларының біріне бұйыруы әбден мүмкін. Ал Роналду мен Месси биыл тыс қалады», – дейді Акулинин.
«Пари Сен-Жермен» командасының қақпашысы Джанлуиджи Буффон да француз ойыншысы Килиан Мбаппені басты фаворит деп атапты. Екеуі бір команда сапында ойнап жүр.
«Киллианның» алаңда көрсетіп жүргенін өнерін, әлем чемпионатындағы ойынын ескерер болсақ, «Алтын допқа» еңбегі сіңді. Одан басқа ештеңе айта алмаймын. Италияда Мбаппені Роберто Баджо, Алессандро Дель Пьеро және Франческо Тоттимен салыстырады. Оның таланты мен техникасы бір-біріне сай. Мұндай футболшыларды сирек кездестіресің. Егер үздік болуға деген құлшынысын сақтайтын болса, өзінің энтузиазм мен шеберлігінің арқасында ұзақ жылдар бойы жанкүйерлердің сүйікті ойыншысы болары анық», – дейді 40 жастағы қақпашы Goal.com сайтына берген сұхбатында.
Букмекерлік кеңселердің көбісі, Модричті фаворит санап отыр. Осыдан, 2 ай бұрын хорват футболшысына 21 коэффицент ұсынса, қазір ол 1.38-ге дейін түсіп қалған. Криштиану Роналдуға 2.55 коэффицент беріп тұр.

05 қараша 2018 ж. 62 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 46 (271)

15 қараша 2018 ж.

№ 45 (270)

08 қараша 2018 ж.

№ 44 (269)

01 қараша 2018 ж.

Экономика

Әлеуметтік шаштараз

Әлеуметтік шаштараз

18 қазан 2018 ж.
Ащы, ащы да болса тәтті

Ащы, ащы да болса тәтті

06 қыркүйек 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
2627282930