» » ЕУРО – 2020: ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАНЫҢ ҚАРСЫЛАСТАРЫНА ҚАУҚАРЫ ЖЕТЕ МЕ?

ЕУРО – 2020: ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМАНЫҢ ҚАРСЫЛАСТАРЫНА ҚАУҚАРЫ ЖЕТЕ МЕ?

  Бүгін Футболдан"Еуро 2020" біріншілігіне іріктеу турнирі аясында бас командамыз Шотландия командасымен жолықса, 24 наурызда  Ресей  құрамасымен кездеседі. Астана қаласында болатын кездесуді жанкүйерлер тағатсыздана күтіп жүргені белігілі. Қазірдің өзінде алғашқы ойынға 10 мыңға жуық билет өз иесін тапқан. 21 мен 24 наурыз күні өтетін қос кездесуге Ұлттық құраманың қарсыластарына қауқары жете ме? Осы орайда футбол жанашырларының көзқарасын білсек...
Нұрымжан Салайдын, «Қайсар» командасының ойыншысы:
– Елордада өтетін бұл кездесулер тартысқа толы болмақ. Өйткені барлық команданың да басты мақсаты ұпай алу. Дегенмен Шотландия  құрамасының алаңдағы ойын мәнерін бағалаған жөн. Өйткені бұл ұжым талай асуды бағындырған. Десек те біздің аяқдопшылар жанкүйерлердің үмітін ақтайтынына шүбә келтірмеймін. Себебі біздің елде біріншіліктің бәсі жоғары. Осыны негізге алсақ Ұлттық құрама ойыншылары ұпай олжалайтынына сенімім мол. 24 наурызда  Ресеймен өтетін кездесуде қос ұжым тең тарқасады деп ойлаймын. Ресей құрамасының ойын мәнері бұрынғыша жақсы емес. Сондай-ақ негізгі құрамның бірнеше ойыншысы жарақатына байланысты қатыса алмайды
Жанболат Каденов, жанкүйер:
– Бүгінде Шотландия ұлттық құрамасы ФИФА рейтингі бойынша 40-орынға жайғасқан. Европа құрлығында алдыңғы қатарлы ұжымдардың бірі. Қазіргі уақытта Шотландия футболында үлкен серпілістің болып жатқаны баршамызға мәлім. Сондықтан ойын өте тартысты өтеді деп ойлаймын. Қазір бапкерлер қосыны қарсылас құраманың ойындарын зерттеп, сараптама жұмыстарын жүргізіп, әлсіз және жоғары тұстарын ойыншыларымызға теориялық жаттығулар барысында көрсетсе деймін. Жалпы ұлттық құраманың ойындарын бақыласаңыз, көбінде шабуылды түйіндейтін шабуылшы жетіспей жатады. Бұл жолы Белик мырза құрамға шақырту алған Бауыржан Тұрысбек пен Оралхан Өміртайға мүмкіндік берсе екен.
Әділжан Үмбет, спорт журналисі:
– Футболдан ұлттық құрамамыз Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында  Шотландиядан келген әріптестерімен шеберлік байқасады. Рас, қай кезде де бүйрегіміз өз жігіттерімізге бұратыны белгілі. Десе де, әрбір іске шынайы көзбен қарағанымыз орынды.
Бұл кездесу біздің құрамаға оңай соқпайды. Оған бірнеше себеп бар. Шотландия – әркім қалпақпен ұрып алатын оңай қарсылас емес. Оларға мықты деген құрамалардың өзі тіс батыра алмайды. Құрамада шеберлігі шыңдалған тәжірибелі футболшылар бар. Осындай оғландар Еуропаның белді клубтарында ойын көрсетеді. Тіпті олардың арасында Англия жерінде атойлап жүргендері бар. Өз елінің біріншілігі де анау айтқандай төмен емес. Талай талантты тәрбиелеп, үлкен футболға ақжол тілеп шығарып салды. Ендеше мұндай жігіттер біздің ығымызда кете қояды деп айта алмаймыз. Дегенмен қарсыласымыз бұрынғыдай мықты емес. Кезінде әлемдік додаларда бой көрсетіп тұратын. Олар соңғы бес әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде іркіліп, жарыстың финалдық сатысына бара алған жоқ. Сондай-ақ 1996 жылдан бері Еуропа біріншілігінің финалдық кезеңінде бақ сынай алмай келеді. Соған қарай отырып көп нәрсені аңғаруға болады.  Әрине, тәжірибесі мен әлеуеті жағынан біздің жігіттерден басым болуы мүмкін. Десе де қазақстандық футболшылар намысқа тырысып ойнаса, бұл қарсыласын тізе бүктіріп кетуі ғажап емес.
Түйін: Ұлттық құрамамыз Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңін сәтті бастайды деп сенеміз.Ел аяқдопшылары Шотландия және Ресейге қарсы кездесуде  қонақжайлық танытпаса екен дейміз.  Ең бастысы, футболшыларымызғабатырлық пен тәуекелден гөрі намыстың оты көбірек қажет.
Ерасыл ШӘРІБЕК
27 наурыз 2019 ж. 122 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 17 (294)

25 сәуір 2019 ж.

№ 16 (293)

18 сәуір 2019 ж.

№ 15 (292)

11 сәуір 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930