» » ТАРИХТАҒЫ ТҰҢҒЫШ ЖҮЛДЕ

ТАРИХТАҒЫ ТҰҢҒЫШ ЖҮЛДЕ

  Иә, бұл номинацияға Тұрсынбаева лайық. Өткен жылы күллі әлем болып айдындағы шеберлігіне тәнті болдық.  2018-ді сәтті аяқтаған жерлесіміз жаңа жылдың маусымын жағымды жаңалықпен бастады.  Жапонияның Сайтама қаласында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионаты өтті. Айтулы жарыста Элизабет Тұрсынбаева керемет ерлік жасап, тарихта қалатындай үлкен іс тындырды. Бұл күндері барша жанкүйерлер қазақ қызының теңдессіз өнері жайында тамсана әңгімелеуде. Күн шығыс елінде кіл мықтылар бас қосты. Жарыс жолына шыққан 40 мәнерлеп сырғанаушының барлығының да есімі спорт сүйер қауымға етене таныс. Олардың алды Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында теңдессіз өнерлерімен танылып, жеңіс тұғырына көтерілген шоқ жұлдыздар. Біразы құрлықтық жарыстарда жасындай жарқырап, аса ірі халықаралық додаларда дараланған мықтылар. Тіпті аутсайдерлер санатына жатқызылған спортшылардың ең кемінде өз елдерінің ішкі біріншілктерінің жеңімпаздары және жүлдегерлері деген атақтары бар. Міне, Элизабетке осындай мықтылармен «тіресуге» тура келді. Қысқа бағдарламада қазақ қызы Людвиг ван Бетховеннің «Ай сонатасын» таңдаған екен. Расында да өнері мінсіз болды. Ең күрделі деген элементтердің өздерін жылдамдығын еш бәсеңдетпеген күйде шебер орындап, «Сайтама Супер Аренаға» жиналған сан мың жанкүйер мен теледидарға үңілген миллиондаған көрерменнің зор қошеметіне бөленді. Төрешілер де Тұрсынбаеваның өнерін лайықты бағалап, оның еншісіне 75,96 ұпай жазды. Элизабет тек ресейлік Алина Загитова (82,08 ұпай) мен жапониялық Каори Сакамотоны (76,86 ұпай) алға жіберіп, үшінші орынға табан тіреді. Сайтамаға сапар шеккен 40 спортшының арасынан суырылып шыққан 24 сұлу араға бір тәулік салып еркін бағдарламада бақ сынады. Бұл жолы да Элизабет Тұрсынбаева мінсіз өнер көрсетті. Аргентиналық Астор Пьяцолланың «Буэнос-Айрестегі жыл мезгілдерін» асқан шеберлікпен орындаған қандасымыз әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Қазақстандық спортшының қос бағдарлама бойынша жиған ұпайы – 224.76. Тағы бір айрықша атап өтуге тұратын жайт, Тұрсынбаеваның есімі айтулы жарыстың еркін бағдарламасында «Сальхов төрттігін» алғаш болып орындаған мәнерлеп сырғанаушы ретінде спорттық шежіреге алтын әріптермен жазылды. Күн шығыс еліндегі жарыста Элизабет тек Ресейдің әйгілі мәнерлеп сырғанаушысы, Олимпиада және Еуропа чемпионы, татар қызы Алина Загитовадан (234.50 ұпай) ғана қалып қойды. Екі дүркін әлем және Еуропа чемпионы, Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Евгения Медведева (223.80 ұпай) қола медальді қанағат тұтты. Ал Жапонияның үш бірдей жұлдызы – Рика Кихира (223.49 ұпай), Каори Сакамото (222.83 ұпай) және Сатоко Мияхара (215.95 ұпай) жеңіс тұғырына көтеріле алмай, 4-6 орындарды өзара бөлісті. Осылайша, өз елінде, өз жерінде, өз жанкүйерлерінің көз алдында өткен аса жауапты жарыста жапон қыздары жер сипап қалды. Сондай-ақ америкалық Брэди Теннел (213.47 ұпай) мен Мэрайя Белл (208.07 ұпай), ресейлік Софья Самодурова (208.58 ұпай) және кореялық Лим Ын Су (205.57 ұпай) сынды жұлдыздар осы бәсекеде үздік ондықтың қатарынан көрінумен ғана шектелді.
Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының тұсауы сонау 1896 жылы кесілген болатын. Қазақстанның өрендері арасында осы жарыстың жүлдесіне алғашқы болып иелік еткен даңқты Денис Тен екені баршаға мәлім. 2013 жылы Канадада ол күміс алса, 2015 жылы Қытайда қолаға қол созды. Ал әйелдер арасындағы дүниежүзілік дода 1906 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сол жарыстардың ешбірінде отандастарымызға жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бұйырмаған еді. Арада табаны күректей 113 жыл өткеннен кейін ғана Алаш жұртының осы арманы орындалды. 19 жастағы Элизабет Тұрсынбаева сынды сұлуымыз барша қазақстандық жанкүйерлерге әлем чемпионаты медалінің сыңғырын естіртті. Сайтамадаға жарыс аяқталған бетте БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Элизабет: «Қазір менің бақыттан басым айналып тұр. Эмоциямды да жасыра алатын емеспін. Шынымды айтсам, айтулы додада күміс медальді иеленемін деп мүлде ойлаған жоқ едім. Десек те мен жеңіске жету жолында еш аянбадым. Нәтижесінде көздеген мақсатыма қол жеткіздім. Бұл – мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатындағы әйелдердің жекелеген сайысындағы Қазақстанның тұңғыш жүлдесі! Байрақты бәсекеде өз халқымды қуанта алғаныма ризамын», – деп ағынан жарылды. Халық та Элизабетке дән риза. Осыған дейін ол әлем чемпионаттарына үш мәрте қатысып, діттеген мақсатына жете алмай жүрген еді. Ал бұл жолы қаршадай қызға төрткүл дүниенің теңдессіздері жиналған дүбірлі додада барша қазақстандықтарды қуаныш пен шаттыққа бөледі. Күллі әлемді өзінің мінсіз өнерімен тәнті етті. Осыдан бірер апта бұрын ғана Красноярскіде өткен Дүниежүзілік Универсиадада күміс медальді мойнына ілген ол Сайтамадағы әлемдік додада сол нәтижесін қайталады.

Ерасыл ШӘРІБЕК
30 наурыз 2019 ж. 830 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 17 (294)

25 сәуір 2019 ж.

№ 16 (293)

18 сәуір 2019 ж.

№ 15 (292)

11 сәуір 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930