» » Криштиану Роналду «Ювентуске» ауысты. Не өзгерді?

Криштиану Роналду «Ювентуске» ауысты. Не өзгерді?

Әлемде Португалия футболшысы Криштиану Роналдуды білмейтін жан кемде-кем. Соңғы онжылдықта әлемнің ең үздік ойыншысы атағы үшін аргентиналық Лионель Мессимен жарысып келген бомбардир өткен жылы италияның Ювентус клубына ауысқан болатын. Ювентус Роналдуды өз сапына қосу үшін трансферлік терезеде 100 миллион еуро жұмсады. Ал футболшы жылына 30 миллион еуро табыс алатынын мәлімдеді.
Тарқатып кетейік. Роналду 2009 жылдың жазында ағылшындық Манчестер Юнайтедтен Реал Мадридке 94 миллион еуроға ауысып, трансферлік құны бойынша рекорд жаңартқан еді.  Шабуылшы корольдік клубта 9 жыл бойы өнер көрсетті. Осы аралықта ол Ла Лиганы (2), Испания кубогін (2), Испания супер кубогін (2), Чемпиондар лигасын (4), УЕФА супер кубогін (3) жеңіп алды. Сонымен қатар әлемнің ең үздік футболшысына берілетін «Алтын допты» 4 рет, маусым бойы ең көп гол соққан үздік сұрмергенге берілетін «Алтын бутсаны» төрт рет қанжығасына байлады. Ол 438 ойында 451 гол соғып, корольдық клубтың тарихындағы ең үздік бомбардир атанды. Ал ұлттық құрама сапында 2016 жылы Еуро бәсекесінде топ жарса, кешегі аптада Ұлттар лигасының жеңімпазы атанды. Осылайша ұлттық құрама сапындағы көрсеткіш бойынша Мессиді басып озды. Себебі Лионель Аргентинамен ешқандай жеңіске жетпеген.
Тақырыпқа оралайық. Жалпы, бұл тарихи ауысымның бірнеше себебі бар еді.Бірінші себеп – ақша. Роналду спорттық нәтижелерге ғана емес, жалақысына да үлкен мән беретін ойыншы. Ол үнемі Барселонаның шабуылшысы Мессимен тең дәрежеде бәсекеге түскісі келеді. Өйткені соңғы бес жылда Барселона Мессиге 2 рет жақсартылған келісім-шарт ұсынды. Оның үстіне Реал Мадрид президенті Флорентино Перес жасы отыздан асқан Роналдуға табыс көзі ретінде қарай бастаған. Өйткені Перес португалдықтың үздік ойынына қарамастан енді танылып келе жатқан Неймар, Мбаппе, Азар секілді жас ойыншыларға көз тіккен болатын. Міне осыдан кейін ойыншы мен президент арасында дау туындады. Бұл жайында испан басылымдары оқтын-оқтын жариялап отырды. Роналдуға жазғы ауысым кезінде франциялық Пари Сен-Жермен және қытайлық бірнеше клубтан  жылдық табысы 45 млн. евро болатын ұсыныстар түскен. Алайда ойыншы мансабын Ювентусте жалғастыруды жөн санап, ақыры ауысып тынды.
Реал Мадридтің бұрынғы президенті Рамон Калдерон Криштианудың ауысымынан кейін: «Команданың ойынында шешуші роль атқарып, әр маусымда 50-ден астам гол соғатын чемпионды ауыстыру оңай емес. Өткен тоғыз жылда Флорентино Перес Реал Мадридке өте жақсы шешімдер қабылдады. Алайда, Раул мен Икер Касильястан кейін сабақ алмағаны өкінішті», – деді.
Екінші себеп – спорттық мансабы. Роналду әрқашан биік шыңдарды бағындыруға тырысатын ойыншы. Сондықтан оған осындай үлкен өзгерістер қажет еді. Оның үстіне клуб жаттықтырушысы Миссилиано Аллегримен арасы өте жақсы болатын.
Ювентус соңғы жеті жылда ел біріншілігін ешкімге бермей келеді. Алайда клуб еуропаның кіл мықтысы бақ сынасатын Чемпиондар Лигасында топ жара алмай келе жатқанына көп болды. Тіпті соңғы екі жылда осы турнирдің финалына шығып тұрып, екеуінде де қарсыластарына есе жіберген болатын. Сол себепті туриндік клуб әлі де болса «Реал», «Барселона» және «Бавария» клубтарының деңгейіне жете алмай келеді. Ал Криштианудың келуі осы турнирде жеңімпаз атанып, тарихтың жаңа бетін ашуға үлкен мүмкіндік беретінін болжаған клуб басшылығы ерте қамданды. Олар оның жасына қараған жоқ. Өйткені ойыншының жасы 33-те болғанмен физиологиялық тұрғыда және алаңдағы керемет ойыны жағынан алдына қара түсірмеген еді. Ұтымды сәтті өз пайдасына жаратқан Ювентусқа биылғы жыл табысты болды. Әлемдегі ең үздік футболшының келуі клубтың танымалдылығын одан әрі арттырып, әлемнің назарын өзіне бұрды. Сонымен қатар клуб жанкүйерлерінің саны миллиондап көбейді.
Биыл Реал Мадрид басты қарсыласы саналатын Барселонадан 19 ұпай артта қалып, турнирлік кестеде Атлетикодан кейін үшінші орынға тұрақтады. Ал Испания кубогі мен Чемпиондар лигасында жеңіліс тауып, жарысты уақытынан бұрын аяқтауға мәжбүр болды. Жыл сайын тым құрығанда бір кубок алатын испандық клуб Роналдудың кетуімен бір-ақ сәтте жанкүйерлердің сенімінен айрылып, төмен құлдырап кетті. Туриндік клуб болса Италия супер кубогі мен өз чемпионатында топ жарды.  Ал маусым қорытындысы бойынша Серия А-ның жыл футболшысы марапаты португалдық сұрмегенге бұйырды. Айта кетейік, 10 маусым күні Ұлттар лигасының ақтық сынында Нидерланды мен Португалия құрамасы кездесіп, 1:0 есебімен Криштианудың ұжымы жеңіске жеткен болатын. Ал Роналду бұл турнирдің де ең үздік ойыншысы деп танылды. Міне осынау тарихи ауысым қос клубтың да маусым бойғы ойынына үлкен әсер етті. Бірі құлдырады, бірі жаңа биікке көтерілді.
Ендігі мәселе – «Алтын доп». 2020 жылдың қысында «France Football» журналы әлемнің үздік ойыншысын анықтайды. Өткен жылы бұл атақты хорватиялық жартылай қорғаушы Лука Модрич иеленді. Ал алдағы маусымда бұл мәртебеге үміткер есебінде Роналду мен Мессидің түсері күмәнсіз. Әйткенмен португалдықтың «Алтын допты» алу мүмкіндігі жоғары. Роналду биылдыққа 3 жүлде жеңсе, Лионель 1 жүлде ғана ұтты. Дегенмен қысқа дейін біршама уақыт бар. Осы аралықта кім қанша гол соғып, қанша нәтижелі пас берері белгісіз. Айта кетейік, қос ойыншы да «Алтын допты» бес реттен жеңген.
Ақтілек БІТІМБАЙ
14 маусым 2019 ж. 188 0

PDF нұсқалар мұрағаты

25-302

20 маусым 2019 ж.

24-301

13 маусым 2019 ж.

23-300

06 маусым 2019 ж.

Хабарландыру

Құрметті жас дос!

Құрметті жас дос!

01 мамыр 2019 ж.
Құрметті жас дос!

Құрметті жас дос!

03 сәуір 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930