» » САРЫ КУБОКТЫ СЫР ЕЛІНЕ ЖЕТКІЗЕМІЗ

САРЫ КУБОКТЫ СЫР ЕЛІНЕ ЖЕТКІЗЕМІЗ

Қанат Шерімбетов, «Қайсар» командасының сарапшы бапкері:

Қызылордалық "Қайсардың" нәтижесі жыл өткен сайын жақсарып келеді.  Өткен маусымда үздік бестіктен көрінген командамыз биыл Қазақстан кубогының финалына жолдама алды. Бұл жетістікке бапкерлердің еселі еңбегі ерекше. "Ақмешіт жастары" басылымының оқырмандарына "Қайсардың" бапкері Қанат Шерімбетовпен сұхбатты ұсынамыз.
– Қанат Райымханұлы, биыл Қызылорда футболынан тың жаңалықтар орын алуда. 20 жыл бойы Ел кубогының финалы командамызға бағынбай жүрді. 20 жылда жеткен айтулы жетістік туралы не айта аласыз?

– Рақмет. Көптен күткен жеңіске көпшілікпен бірге қол жеткіздік. Мұның ішінде ең алдымен қолдау көрсетіп жүрген №1 жанкүйеріміз болған  Қырымбек Елеуұлының,  футболшылардың, бапкерлердің, барша  жанкүйерлердің еңбегі бар. Өздеріңіз білесіздер, 20 жыл бұрын «Қайсар» Қазақстан кубогының финалында ойнап, өскемендік  «Востокты» жеңіп,  кубокты Қызылордаға әкелген болатын. Енді бірнеше жылдан кейін осы жетістікті қайталауға мүмкіндік туып отыр. Финалға оңайлықпен жеткен жоқпыз. Ақтық сынға дейін премьер-лиганың үздіктерімен ойнап, жарыс жолынан тайдырдық. Жартылай финалда жеңістің қалай келгенін көрдіңіздер. Соңғы секундтарға дейін үмітімізді үзбей, «Тобылмен» тайталастық.  12 жыл бұрын Ел кубогының  жартылай финалында қостанайлық ұжымға есе жіберіп алған болатынбыз. Кеткен есеміз  қайтты деген ойдамыз. Сәтін салса 22 қыркүйекте «Атырауды» жеңіп, сары кубокты Сыр еліне жеткіземіз деген жоспарымыз бар.
– «Атырау» командасымен жыл сайын Ел біріншілігінде жолығамыз. Жалпы  кубокты алуға мүмкіндігіміз бар шығар...
– Әрине, кубокты алуға толықтай мүмкіндігіміз жетеді. Дегенмен «Атырау» қалпақпен ұрып алатындай оңай қарсылас емес. Финалға әлсіз команда жетпейді. Оның үсіне қарсыласымыз қатарынан үшінші мәрте ақтық сынға жетіп отыр. Бірақ мұндай нәрселер бізді алаңдатпайды. Оның үстіне алғашқы турдағы кеткен есені қайтарғымыз келеді. Бұған дәрменіміз жетеді.
– Командадағы кейбір ойыншылар жанкүйерлердің сүйікті футболшысына айналды. Көпшілігі  Тигран Барсегян, Асхат Тағыберген және Джон Джошуаның ойынын құп көреді. Бапкер ретінде футболшыларымыздың деңгейіне тоқтала кетсеңіз...
– Команданы бөліп жарудың қажеті жоқ. Өйткені әр ойынның қорытындысына алаңдағы 11 ойыншы жауапты болады. Мысалы, біздің барлық позициядағы футболшылардың шама шарқы өзгелерінен бір саты жоғары деп айта аламын. Әрине голды көп соғатын ойыншыны кім ұнатпасын?! Сіз атаған ойыншылар – шабуылға етене араласатын футболшылар. Сондықтан олар гол соғып, халық қошеметіне бөленіп жатады.
– Кубоктан бөлек, премьер-лигадағы болжам қандай?
– Кубоктың финалына өттік екен деп премьер-лиганы ысырып қойған жоқпыз. Сондықтан біріншіліктің негізгі аламаны саналатын чемпионатта жоғары орынға ілігуді көздейміз. Сол себепті үздіксіз жаттығу жұмысын жүргізудеміз. Қазір біріншіліктің қызған шағы. Барлық командалар қалыпқа келді. Қай-қайсысымен жолықсаң да оңай ұпай ұстатпайды. Дегенмен әр ойында жеңіс үшін шығып, мақсатымызды жүзеге асыруға күш жұмсаймыз
– Кейінгі жас толқынды футболға дайындау жағы қалай?
– Қазір "Қайсардың" әр жасқа арналған футбол үйірмесі үздіксіз қызмет етуде. 2001 мен 2011 жыл аралығында туған жеткіншектер шеберлігін шыңдауға болады. Жақсы футболшы болып қалыптасуға бапкерлердің біліктілігі жеткілікті. Бүгінде 26 бапкер жас толқынды дайындауда еселі еңбек етіп келеді. Көбінде ауыл балаларының футболға келуі қиындық тудырып жатады. Сол себепті былтырдан бастап аудандардан клуб академиясын ашуды қолға алдық. Мәселен, Қазалы ауданында үйірмеміз жұмыс істеп тұр.  Олар «Қайсар» сапындағы Мақсат Байжанов, Асхат Тағыберген, Думан Нәрзілдаев сынды ағаларына қарап бой түзеп келеді. Біздің орталықтан қазақ футболының мақтаныштары шығарына сенемін.
Алдағы ойындарда  жеңістер тілейміз.
Рақмет!
Ерасыл Шәрібек
07 шілде 2019 ж. 195 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-315

19 қыркүйек 2019 ж.

37-314

12 қыркүйек 2019 ж.

36-313

05 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30