» » Қазақ футболына із қалдырсам

Қазақ футболына із қалдырсам

Елжас САРБАЙ, Қазақстан жастар құрамасының ойыншысы:

Қызылорда футбол мектебінен талай таланттар шықты. Олардың қатарында өзіндік өрнегін салған аяқдопшылар жеткілікті.  Келешегіне зор сеніммен қарайтын жас футболшылар да сол үрдісті жалғап келеді. Бүгінде  жергілікті «Байқоңыр» клубының намысын қорғап жүрген Елжас Сарбайдың да алаңдағы ойын мәнері көпті қызықтырып жүр. Сәтті ойынымен еліміздің жасөспірімдер құрамасына да шақырту алып, Еуропа бәйгесінде доп тепті. Болашағы "Қайсардың" жұлдызды ойыншысына баланатын Елжаспен аз-кем әңгімелескен едік.
– Елжас, әңгіменің әлқиссасын туған жер, өскен ортаңнан бастасақ...
– 1998 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келдім. №136 мектеп-лицейін тәмамдап, М.Маметова атындағы гуманитарлық-педагогикалық колледжінде, дене шынықтыру мамандығы бойынша білім алдым. Жалпы Сырдың топырағында аунап өскен өрендердің бірімін.
– Үлкен футболға қалай аяқ бастыңыз?
– Әрине, әр нәрсеге адам өз қызығушылығымен бармаса, одан нәтиженің шығуы екі талай. 8 жасымда футболға әуестігім артып, жергілікті «Қайсар» командасының ойындарын үзбей бақылап, жас қолдаушының бірі болдым. 9 жасымда ауладағы достарыммен бірге футбол үйірмесіне қосылып, доп тебудің қыр-сырын үйрене бастадым. Әлі күнге дейін білікті бапкерлерден тәлім алудамын.
– Футболға қанаттандырған бапкеріңізді айта кетсеңіз?
– Адамның санасында алғашқы болған сәттер ұмтылмасы анық. Алғаш рет футбол үйірмесіне келгенімде бапкерлік тәжірибесі мол Қанат Райымханұлы қабылдап, үлкен футболға жол ашты. Осы бапкердің тәлім тәрбиесінің арқасында біршама табысқа жеттім.
– Бүгінде «Байқоңыр» командасын белді ойыншыларының бірісіз. Бұл командаға қалай келдіңіз?
– 2015 жылы "Қайсардың" жастар құрамына шақырту алып, сонда өнер көрсеттім. Өкінішке қарай үлкен командамыз сол жылы премьер-лигада сәтсіз ойнап, біріншілікпен қош айтысты. Жастар командасы жабылуға тиіс болды. Өйткені премьер-лигада ойнайтын клубтарда ғана қосалқы команда болады. Сондықтан "Байқоңыр" мен "Қайсар" бірінші лигада бағын сынады. Бір қызығы, сол жылы үлкен командаға шақырту алдым. Командамен бірге Түркияға аттанып, оқу-жаттығу жиындарына қатыстым. Яғни, бірінші лиганың алғашқы айналымын қасқырлар  сапында ойнауға мүмкіндік туды. Бірақ тәжірибемнің аздығы негізгі құрам ойыншысы болуға кедергісін келтірді. Негізінде қосалқы құрамда қалып, футбол алаңдарына шықпасаңыз, ойын тәжірибесінен айырылып қалатыныңыз футбол қағидасында дәлелденген. Сондықтан тәжірибені шыңдау үшін екінші айналымда «Байқоңыр» командасының намысын қорғауға бел байладым. Осылайша 3 жылдан бері "Байқоңырдың" жеңісі үшін барымды салып келемін.
– Өзіңіз білесіз биыл  Бірінші лига бәйгесі қызып тұр. Жоғары топқа өтуге 6 команданың дәмесі зор. Жалпы «Байқоңырдың» бұл сындағы аяқ алысы қалай?
– Баршаға мәлім, «Байқоңырдың» ойыншылары жергілікті жерден құралған футболшылар. Чемпионаттың алғашқы айналымы аяқталды. Әзірге топ ішінде 7-орында келеміз. Соңғы ойында "Ақтөбе жасты" қапы қалдырдық. Екінші айналымда жеңісті кездесулер көп боларына сенемін.  Бүгінде барлық командаға сес көрсететіндей жағдайға жеттік. Кез келген командадан ұпай алуға шамамыз жетеді. Мұны аға бапкер Ерлан Шойтымов пен бапкер Ерлан Махамбедиевтың еселі еңбегінің арқасы. Команда сапында доп теуіп жүрген ойыншылардың барлығының болашағынан көп үміт күтуге болады. Сондықтан алдағы біріншіліктерде жоғарғы орындар қатарынан көрінуге тырысамыз.
– Қазақ футболынан кімді идеал тұтасыз?
– Әр адамның өзінің пір тұтатын тұлғасы болады. Жастайымнан жергілікті аяқдопшы Алдан Балтаевтің ойын мәнері өзіме қатты ұнайтын. Тіпті сол футболшыға еліктеп, жасыл алаңда қорғаныс шебінде доп теуіп жүрмін.
– Армансыз адам болмайды. Арманыңыз қандай?
– Арманым көп. (күлді) Алдағы уақытта жастар құрамасымен шектеліп қалмай, ұлттық құраманың намысын қорғап, үлкен жетістікке жетсем деймін. «Шәкіртсіз ұстаз тұл»,- демекші болашақта шәкірт тәрбиелеп, қазақ футболына із қалдырсам деген арман, мақсат бар.
Ерасыл ШӘРІБЕК
17 шілде 2019 ж. 111 0

PDF нұсқалар мұрағаты

33-310

15 тамыз 2019 ж.

32-309

08 тамыз 2019 ж.

31-308

01 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031