» » Дәлдікпен доп соғу оңай емес

Дәлдікпен доп соғу оңай емес

    Думан НӘРЗІЛДАЕВ, Қайсар футбол клубының ойыншысы:

Думан, Қайсардың 20 жыл күткен жеңісімен тағы да құттықтаймын! 124 минут ойыннан соң қуаныш пен шаршаудың қайсысы басым болды?
‒  Әрине бұл қуаныштың орны бөлек. Мейлі 120 минут болсын, одан да ұзақ уақытқа созылса да, жеңістің орнын ешнәрсе алмастыра алмайды. Кубокты қолға алған сәтте шаршағаның ұмытылып, барша туған-туысқан, отбасыңа, жақыныңа сол қуанышты сүйіншілеуге асығып тұрасың. Бір сәтке болсын демалу ойға келмейді.
    Кешегі ойында қорқыныш басым болды, өйткені қарсылас команда 63-минутта есеп ашып, қақпаға доп салды. 68-минутта біздің ойыншы қызыл қағаз алып, ойын алаңынан шығарылды. Маған осы жолы ұтылсақ, бәрі бізден теріс айналып кететіндей көрінді. Ойын алаңында уақыт жылдам өтеді ғой. Бір пас беріп, уақытқа қарасам: 80-минут.  Біз шынымен алаңдай бастадық, бірақ ойын соңында бар күшімізді салып, шыдауға бекіндік. Құдайға шүкір, 87-минутта есепті теңестірдік. Ол  командада ойыншы көп болған соң, осы нәтижені қалайда ұстап тұру керек болды. Ал екінші голды салған кездегі әсер тіпті ерекше. Сол сәтте жанкүйерлерге қарасам, олар бізден бетер қуанып жатыр.  
‒ Тікелей эфирде «Думанның жұлдызды шағы туды» деген спорт комментаторының сөзін бірнеше рет естідік. Бұл сөздің астарында қаншама еңбек сезіледі. Жалпы финалға дайындық қанша уақытқа созылды?
‒ Команда чемпионат басталмас бұрын екі ай Түркияда жаттықты. Өткен жылғы тапсырмамызды орындап, биыл үштікке кіреміз немесе кубокты аламыз деп мақсат қойдық. Біз барлық күшімізді осы кубокқа жұмсадық десек те болады. Ендігі мақсат белгілі,  Еуропа лигасында өзімізді тағы бір дәлелдеуіміз керек. Әзірге 14 қазанға дейін демалыстамыз, одан кейін жаттығу қайта басталады. Себебі алда тағы бірнеше ойын бар. Сондай-ақ қаңтар, ақпан айында жаңа құраммен толығып, тиянақты дайындықты жалғастыратын боламыз.
‒ Ал футболшының қарсы қақпаға көп гол соғуына не кедергі?
‒ Дәлдікпен доп соғу оңай емес (күліп). Дайындық барысындағы тактиканы алаңда қолдануға тырысамыз, бірақ бәрі аяқ астынан өзгеріп кетеді. Оны сол кездегі жағдайға қарай бағалау керек шығар.
‒ Жалпы сіз қандай бала болдыңыз, футболға қалай келдіңіз? Білуімізше, бала күніңізде күреске де қатысқан екенсіз...
‒ Мен Жаңақорған ауданында дүниеге келіп, сол жақта алғаш мектепке бардым. 2000 жылы ата-анам қалаға көшіп кетті де, мені тұрақты орналасқанша бір жыл Жаңақорғанда қалдырды. Ал футболға  2006 жылы Нұрболат, Дәулет, Әли есімді кішкене кезден бірг өскен достарыммен келдім. Қызық, ол кезде ойын алаңы, жаттығу дегенді білмей, бір доптың соңынан жүгіре беретінбіз. Ала допқа дейін, өзіңіз айтқандай күрес үйірмесіне бардым. Футболға бірге келгенімізбен, кейін достарым басқа салаға ауысып кетті. Мен ғана футболда қалдым. Қазір өз саламды адаспай тапқаныма шынымен де қуанамын.
Ең алғаш алаңға 2012 жылы "Ақтөбемен" өткен ойында шығып, премьер-лигадағы дебюттық ойын өткізген екенсіз. Сонда араға алты жыл салып командаға қосылдыңыз ба?
‒  2006 жылы Қайсар жастар клубына қабылданып, жасөсіпірімдер қатарында ойнадым. Ол кезде ешқандай келісімшарт болған жоқ.
Ал 2011 жылы Қайсар командасына ресми түрде қабылданған соң, 2012 жылдан бастап алаңға шықтым.
‒ Шетелде футболшыны командаға қабылдамас бұрын сабақ үлгерімі қаралады екен, яғни аяқдоп шебері білім саласында да үздік болу керек. Сіздің үлгеріміңіз қандай еді?
‒ Мектепті бітірген соң, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ға қаржы мамандығы бойынша оқуға түстім. Бірақ бір семестрден соң команда қатарына қосылып, келісімшартпен жұмыс істедім де, сабақты емес, спортты таңдадым. Сол күйі сабақ қалып кетті (күліп). Алдағы уақытта оқуға қайта тапсырып, мамандық алу жоспарымда бар. Мектепте де «сырттай» оқыдым десем болады. Маған дене тәрбиесі пәні ғана маңызды еді. Мектеп аралық жарыста, республикалық  турнирде чемпион атанып, спортқа ғана барымды салдым. Қазіргі нәтиже сол кезде басталған дайындықтың жемісі деп білемін.
‒ Футболға алғаш келгенде ата-анаңыз қандай көзқараста болды? Отбасыңызда сізден өзге спортпен тұрақты айналысатын адам бар ма?
‒ Әкем бала күнімде «доп ойнаған азар, одан саған ешқандай пайда жоқ» деп кейіп отыратын. Ал анам «өз таңдауыңды жаса, мен қарсы емеспін» деп қолдау білдірді. «Қайсарға» нақты келісімшартпен қабылданған соң, әкем де көзқарасын өзгертіп, маған үлкен сенім артты. Негізі отбасында төрт ағайындымыз. Қазір Бақдаулет есімді інім «Қайсардың» жастар клубында ойнайды. Оның менен де мықты ойыншы боларына кәміл сенемін.
‒ "Қайсардың" жанкүйерлері жанкешті ғой. Сіз олардың қолдауына қаншалықты мән бересіз? Бізде жанкүйер мәдениеті қалыптасып үлгерді ме?
‒ Әр адамның мінезі әртүрлі. Ойын соңында бірі мақтап жатса, келесі адам даттауы мүмкін. Бірақ жанкүйердің қолдауы біз үшін ауадай құнды. Сіз олардың алаңда айқайлап қолдаған дауысы бізге қандай күш беретінін білсеңіз ғой?! Мұндай жанкүйер болмағанда біз жеңіске қол жеткізбейтін де шығармыз. Жеңілген сәтте біздің де көңіл-күйіміз болмайды, үйге барып демалып, бір уақыт «жанкүйерлер не ойлап жатыр екен?» деп әлеуметтік желіні қараймыз. Сол сәтте неше түрлі жазбадан көз сүрінеді. Футбол болатын күнді тағатсыздана күтіп, жұмысынан сұранып,  «Қайсар» жеңсе екен» деп тілеп отырғанда команда ұтылып қалса, жанкүйер де шамданады ғой. Сол сәтте оларға қалай ренжуге болады?!  Ал біз ұтсақ,  бір-ақ сәтте дәрежемізді көкке көтеріп жіберетін де сол жанкүйерлер. Мен олардың эмоциясына түсіністікпен қараймын. Мейлі олар кей сәтте ренжіп, жағымсыз пікір айтса да, біз оларды жақсы көреміз, әрдайым жанымыздан табылғаны үшін алғыс білдіреміз. 
‒ Ал өзіңіз жеңіліс кезіндегі көңіл-күйді қалай басқарасыз?  
‒ Өз басым ондай сәтте ешкіммен сөйлеспеймін. Тіпті үйде де ата-анам жай-күйімді түсініп, артық ешнәрсе сұрамауға тырысады. Бірақ жеңілісті үнемі ойлап жүруге болмайды ғой, сондықтан келесі күні қайта дайындықты жалғастырып кетеміз.
‒ Қайта жаңартылған стадионның мүмкіндігі жайында айтып беріңізші. Өз алаңымызда жеңіске жетуге әлі де сәттілік жетіспей жүрген тәрізді...  
‒ Иә, осы кезге дейін қалада мұндай стадион болмаған еді. Қайта жаңартылған стадионның мүмкіндігі көп, сондықтан оған толықтай көңілім толады. Бірақ жанкүйерлер ойын барысын көруге қосалқы бағаналар кедергі келтіреді дейді. Біз алаңда жүрген соң ондай
олқылықты байқай бермейміз. Қазір «Қайсарда» бәрі жақсы, ойыншылар өз бабында. Бұрынғы облыс әкімі Қырымбек Елеуұлының қолдауы аясында біз өзімізді дәлелдеп, дамыта алдық. Ал өз алаңымыздағы жеңіліске стадионның әсері бар деп ойламаймын. Алдағы уақытта өз «үйімізде» де қарсыласты қапы қалдыратынымызға сенемін.
‒ Осыдан 5 жыл бұрынғы сұхбатыңызда футболдан тыс бос уақытта боулинг ойнағанды жақсы көретініңізді айтыпсыз. Одан бері бұл дағды өзгерді ме?
‒ Мүмкіндігінше бос уақытымды достарыма арнағым келеді. Олардың футболға ешқандай қатысы болмаса да, күнделікті жолығып тұрамыз. Әдеттегідей боулинг немесе үстел теннисін ойнап, емен-жарқын әңгімелесіп тарқасамыз.
‒ Бразилиялық футболшы Пелені «футболдың атасы» деп танимыз. Ал қазақтың Пелесі кім?
‒ Мықты ойыншылар көп, бірақ «Қайрат» футбол командасындағы Бауыржан Исламханды «Қазақстанның Пелесі» деп айтуға болады.
‒ Алда  "Оқжетпес", "Ертіс", "Тараз", "Тобыл", "Атырау" командасына қарсы бес ойын бар. "Қайсар" үшін басты қарсылас қайсы?
‒ Бұл жерде ешқайсысы осал емес. Бәрінің де деңгейі жоғары. Сондықтан нәтиже аяқ астынан өзгеруі мүмкін. Сол үшін бәріне бірдей дайындық жүргізу керек.
‒ Мансап жолында беделіңіз өсіп, мемлекеттік қызметке  шақырса барар ма едіңіз?
‒ Бұл ‒ мен үшін қиын сұрақ. Себебі өзімді футболдан басқа салада елестете алмаймын. Футболдағы карьерамды аяқтаған соң, бапкер, чемпион шәкірттер тәрбиелегім келеді.
‒ Жақында ғана шаңырақ көтергеніңізден хабардармыз. Сіз үшін отбасындағы ең басты құндылық қайсы?
‒ Ең бастысы, ата-ананың разылығы ғой. Отбасындағы тұңғыш келін болған соң, әлі күнге дейін сол кісілердің шат көңілі басылмай жүр. Көпшілік ортаға барса, анам келінін мақтап, балаша мәз болып жүреді. Негізі өз алдыңа отау құрған соң, көп нәрсе өзгереді екен. Бұрын тез ашуланып, сырттағы эмоцияны үйге дейін әкелсем, қазір отбасыма барлық мәселені ұмытып, тек қуанышпен оралғым келіп тұрады.
‒ Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Гүлдана ЖҰМАДИН

10 қазан 2019 ж. 33 0

PDF нұсқалар мұрағаты

42-319

17 қазан 2019 ж.

41-318

10 қазан 2019 ж.

40-317

03 қазан 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

06 қазан 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031