» » "ҚАЙСАР" – ЕУРОПА ЛИГАСЫНДА

"ҚАЙСАР" – ЕУРОПА ЛИГАСЫНДА

"Қайсардың" 20 жылдан кейін Қазақстан кубогының финалына шыққанын жарыса жазғанбыз. Ең қызығы, биылғы финалдың өту уақыты үш мәрте өзгерді. Алдымен 22 қыркүйек деп белгіленді. Кәсіпқой футбол лигасының басшылығы біріншіліктің қызған шағында болғанды қаламай, 30 қазанға ысыра салды. Кейіннен ортақ шешіммен 6 қазанда өтетін болды. Жанкүйерлерде тағы да өзгеріс болмай ма екен деген сауал тұрды. Бірақ соңғы шешім өзгеріссіз қалды. Ақтық сынның ауқымды өтетінін біліп, үш күн ерте бардық. Бұлай баруымыздың да себебі бар. Футболшылардың жай-күйін, жаттығуын байқау мақсатымыз еді.
Жасырын жаттығу
Нұр-Сұлтан. Бірінші кездесу өтетін Астана Арена стадионына бағыт алдық. 30 мың жанкүйерді бір мезетте сыйдыратын стадионда финал өткен жылы да болған. Сол ойында қарсыласымыз "Атырау" 0-1 есебімен "Қайратқа" жол берген. Негізінде  "Қайсарға" қарағанда биыл қарсыласымыз осы аренада көп ойын өткізді. Атыраудағы алаң жарамсыз болып, премьер лигадағы кездесулердің біршамасын Елордада ойнады. Сондықтан "Атырау" Астана Аренаға толыққанды бейімделген. Біз барған сәтте "Қайсар" ойын алдындағы жаттығуын жүргізуі тиіс екен.  Футболшыларды тосып тұрмыз. Бірақ жаттығуды жария қылуды қажет деп танымаған Стойчо бапкер тактикалық құпияны сыртқа шықпағанын қалаған болу керек. Онысын құп көріп, алаңды босаттық. Жаттығу аяқталысымен ойыншылардан финалға дайындығын сұрадық. Команда капитаны Асхат Тағыберген "толыққанды дайынбыз", – деді. Қарсыластың да дайындығын бағамдап көруді жөн санап, стадионнан алыстамадық. Кеш болды. Белгіленген уақытта "Атырау" келмеді. Сөйтсек "Атыраудың" бапкері Қуаныш Қабдулов Қазақстан футбол федерациясының базасында жасырын жаттығу өткізіпті. Бұл хабарды естіп, аң-таң болдық.
Сарапшылар сөзі
Елдегі футболдың хал-ахуалы жыл сайын өркендеп келеді. Әлгі талдау жасайтын  Еуропалық сарапшылар бізге де жетті. Матч басталмастан екі құрамның кем кетігін түгендеп, өз болжамдарын жасайды. Нұр-сұлтанға жол түспестен қаладағы спорт журналисі Әділжан Үмбет пен сарапшы Жанболат Каденовпен финалды талқылағанбыз. Екеуі де "Атыраудың" деңгейі "Қайсардан" төмен екенін айтып, 3-1 есебі тіркеледі деп топшылады. Ал Елордада футболдың маңайында жүргендер финалда көп гол соғылмайтынын, бірақ алаңда "Қайсардың" қарқыны байқалатынын алға тартты. Букмекерлік кеңселерде "Қайсардың" жеңісіне 2,04 коэффициент берсе, "Атырауға" 2,84. Яғни бәс тігетін контор да қызылордалық команданы фаворит санайды.
 
Матч монометрі
"Қайсар" мен "Атырау" бас-аяғы 30 рет кездесіпті. Оның екі ойыны кубок жолындағы кездесу. Яғни "Қайсар" екі мәрте кубокте қарсыласына жол берген. Қасқырлар 1999 жылы титулды жеңіп алса, "Атырау" 2009 жылы барлық қарсыласын жеңіп, бас кубокты төбелеріне көтерген. 
Финал
6 қазан. Түс ауа Астана Арена стадионында Қазақстан кубогының финалы басталды. Ақтық сынға жолдама алған "Қайсар" мен "Атырау" текетіресін тамашалауға аренаға 5 мыңға жуық жанкүйер жиналды. Бас төреші Тимур Кумашевтың нұсқауынан кейін, финалдық ойын да басталды. Алғашқы шабуылды алаң иелері саналған "Қайсар" ұйымдастырды. Армениялық легионер Тигран Барсегян екі қорғаушыны сан соқтырып, қақпа нысанасын көздеді. Алайда Тигранның соққысын қақпашы Маркович киындықсыз тойтарды. Шыны керек, қос командада ақтық сынға жоғары дайындықпен келген. Оны алаңдағы шалт қимыл мен пас алмасудағы шеберліктен аңғаруға болады. Кездесудің алғашқы жартысында гол соғылмады. Бар үміт екенші таймда. Матчтың  екінші жартысы жоғары қарқынмен басталды. Алма-кезек шабуыл. Кенет 67 минутта "Атырау" ойламаған жерден есеп ашты. Петр Гжельчак қорғаушылардың бір ғана қателігін ұтымды пайдаланды. Есеп 0-1. 70 минутта команда капитаны Асхат Тағыберген жоқ жерден қызыл қағаз алып, "Қайсар" 10 ойыншымен алаңда қалды. Аренаға жиналған "Қайсар" жанкүйерлері енді не болмақ деген шырай танытып, үнсіз қалды.  Стойчо бапкер тактиканы өзгертті.  Алаңға тыңнан ойыншылар қосты. Джошуаның орнына Букианы, Битангты Зеньковичпен алмастырды. Сексенінші минут сырғи бастағанда "Қайсар" тайлы тұяғымен шабуылға шықты. 87 минутта салы суға кеткен жанкүйерлердің жүзіне қуаныш келді. Игорь Зенькович Думанның пасын голға айналдырып, командасын жеңілістен құтқарып қалды. Финалдық ойынның мықтысы тоқсан минутта анықталмай, қосымша офертаймға ұласты. Футболшылар 120 минут бойы алаңда жан алысып, жан берісті. Негізгі уақыт аяқталып, төреші қосымша 4 минут қосты. Алаңда капитандық міндетті абыроймен арқалаған Думан Нәрзілдаев соңғы сәтте командасына жеңіс сыйлады. Думанның 25 метр қашықтықта тепкен добы қақпаның тоғыздығынан табылды. Осылайша, 20 жыл үзілген жеңіс қайта жалғасын тапты. Енді келер маусымда "Қайсар" Еуропа лигасында бақ сынайды
Құтқарушы Зенькович
Маусым басталғалы Игорь Зеньковичке көңілі толмағандар көп болды. Шабуылшылық "қасиеті жоқ" деп сөккендерді де кезіктірдік. 15 ойынға шыққан Игорь қақпа нысанасын дөп көздеген сәті болмады. Бірақ Игорь алаңға алғашқы минуттан шықпаған соң бой түзей алмаған да болу керек. Өткен маусымда қасқырлар соңғы турда "Ақтөбеге" қонаққа барған сәтте де жағдайы мүшкіл еді. Егер ұпай жоғалтса қойылған тапсырма тиянақсыз болып, бапкерлер  қызметтен кететін еді. Сол ойында Зенькович қос гол соғып, "Қайсарды" қиындықтан құтқарған еді. Биыл дәл сондай көрініс орын алды. 83 минутта алаңға шығып, 87 минутта гол соғып, "Қайсарды" жеңілістен аман алып қалды.
Р/S Астана Арена стадионынан керемет көңіл күймен тарқастық. "Қайсар" футболшылары еселі еңбекпен Еуропа лигасына жолдама алды. Бас бапкер Стойчо Младенов жұмысын келер жылы да жалғастыратынын білдік. Команда басшысы Серік Құттыбайұлы келер маусымда бәсекелістікті арттыратынын айтты. Яғни қысқы трансфер науқанында біздің құрамға бірнеше мықты ойыншы қатарға қосылатын болады. Алда ел біріншілігінің 5 туры бар. Стойчо мырза сол ойындарда жергілікті футболшылардың тәжірибесін жетілдірмекші. Бастысы, командаға қойылған талап толығымен орындалды.
Ерасыл ШӘРІБЕК
12 қазан 2019 ж. 351 0

PDF нұсқалар мұрағаты

49-326

05 желтоқсан 2019 ж.

48-325

28 қараша 2019 ж.

47-324

21 қараша 2019 ж.

Хабарландыру

Хабарландыру

Хабарландыру

07 желтоқсан 2019 ж.
Байқаңыз – улы газ!

Байқаңыз – улы газ!

20 қараша 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031