» » ӘДІЛ БОЛДЫ МА, ӘЛДІ БОЛДЫ МА?

ӘДІЛ БОЛДЫ МА, ӘЛДІ БОЛДЫ МА?

   Өткен аптада Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында «Қазақ промоушен» компаниясының ұйымдастыруымен өткен кәсіпқой бокс кешінің басты жекпе-жегінде қандасымыз Қанат Ислам намибиялық Уолтер Каутондоквамен күш сынасып, төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жетті. Бұл бәсекеде 72,6 кило салмақ дәрежесі бойынша WBO International нұсқасының алтын белбеуі сарапқа салынды.  Уолтерге дейін Қанат Ислам кәсіпқой рингте 26 жекпе-жек өткізіп, соның барлығында жеңіс тойын тойлап, 21 қарсыласын нокдаунға жібергенін білеміз. Сол себепті жанкүйерлердің дені бұл жолы да қандасымыздың айқын басымдық танытатына күмәнданған жоқ. Бірақ бәрі біз ойлағандай болмады.Уолтер Каутондоква шаршап-шалдығуды, бір сәтке де дамылдауды білмейтін, үнемі шабуыл өтінде жүретін, нағыз «сен тұр, мен атайынның» өзі екен.
Расында да бұл спортшының көрсеткіші адам қызығарлықтай. 34 жастағы Намибияның тумасы осы спорт түрін серік еткен алты жылдан аса уақыт аралығында19 мәрте рингке көтеріліп, 18 рет жеңіске жетті. 17 қарсыласын есінен тандырды. Шаршы алаңда ол тек атағы алысқа жайылған АҚШ боксшысы Андраде Деметриустан ғана ұтылған. Соның өзінде тек ұпай санымен ғана. Осы жайттың барлығы Каутондокваның қарымдылығын байқатады.
Айтқандай-ақ бәсеке өте шиеленісті өтті. Алғашқы раунд барлаумен өтсе, одан кейінгі үшеуінде Қанат сәл алымды көрінді. Ол жылдам қимылдап, үнемі Уолтердің алдын орап отырды. Бірнеше жақсы соққылар да жұмсады. Нағыз «қызықты» біз бесінші раунда көрдік. Соққылар алмасу барысында Қанатқарсыласын ұрып жықты. Төреші есеп ашты. Нокдаун! Бүкіл зал дүр сілкінді. Бәрі де айғайға басып, жерлесіне барынша қолдау көрсетті. Спорт сарайына жиналған дүйім жұрт Исламның енді өз мүмкіндігін қалт жібермейтініне қатты сенді. Бірақ Каутондоква өте төзімді әрі намысқой екен. Орнынан тұра сала, Қанатқа қарай ұмтылған ол екі бірдей соққысын дәл дарытты.
Алтыншы раундтан бастап, қара құрлықтың өкілі дамылсыз шабуылдады. Шыны керек, Уолтер біздің жігітке қарағанда тың көрінді. Соққылары да діттеген жеріне дөп тиіп жатты. Қанат қаша жүре, ұрыс салуға бекінді. Оның шаршап қалғаны анық байқалды. Бірақ намысқа тырысқан Ислам ара-тұра шабуылдап, есе қайыруға тырысты. Дәл осындай көрініс бәсекенің соңына дейін жалғасты.
10 раундтық айқас аяқталғаннан кейін жанкүйерлер төрешілердің шешімін тағатсыздана күтті. Себебі дәп сол мезетте кімнің ұтқанын ешкім дөп басып айта алмайтын еді. Жанкүйерлердің дені тең есеп тіркелетін шығар деген ойда болды. Алайда бірер минутқа созылған үзілістен кейін төрешілер Қанат Исламның жеңіске жеткенін жария етті. Осылайша қазақ боксшысы алтын белбеуін сақтап қалды.
Осы кеште тағы сегіз рейтингтік жекпе-жектер ұйымдастырылды. Арман Рысбек (78 кило) пен Мұхиддин Раджабов арасындағы бәсеке бірінші раундтың аяқталуына 58 секунд қалғанда тоқтатылды. Өз шәкірттерінің қарымды қазаққа еш қайрат көрсете алмайтынын түсінген өзбекстандық бапкерлер рингке ақ орамал лақтырды. Бәсеке басталған бетте Нұрсұлтан Аманжолов (+91 кило) латвиялық Эдгарс Калнарсты өзінің ауыр соққысымен есеңгіретіп тастады. Балтық жағалауынан келген боксшы екінші раундқа шығудан бас тартты. Ал Дәулет Дәукенов (63,5 кило), Сапарбай Айдаров (74 кило), Асқар Ерубек (63,5 кило) және Руслан Мырсатаев (+91 кило) өз қарсыластарын ұпай санымен ұтты.
Сонымен қатар, осы жарыста шетелде туып-өскен қос қандасымыз да өнер көрсетті. Өзбекстанның Шыршық облысында дүниеге келген Бексұлтан Раушанов румыниялық Александру Ионитадан басым түссе, Қытайдың Алтай өңірінің тумасы Ақтілек Жеңіс украиналық Максим Воронинмен тең түсті.  
Ерасыл ШӘРІБЕК
02 қараша 2019 ж. 291 0

PDF нұсқалар мұрағаты

26-355

02 шілде 2020 ж.

25-354

25 маусым 2020 ж.

24-353

18 маусым 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031