» » УЕФА-НЫҢ БАРЛЫҚ ТРОФЕЙІН ЖЕҢГЕНДЕР

УЕФА-НЫҢ БАРЛЫҚ ТРОФЕЙІН ЖЕҢГЕНДЕР

Аладоп аламанында ішкі біріншіліктен бөлек УЕФА аясында ұйымдастырылатын жарыстардың бәсі биік. Жанкүйерлер аталған ұйымның ұйымдастырған додаларын тағатсыздана күтетіні жасырын емес. Чемпиондар лигасы секілді алып турнирде топ жаруды мақсат еткен еуропалық клубтар көп. Бірақ қос құлақты кубокты басынан асыра көтеру кез келген клубқа бұйыра бермейді. Ендеше УЕФА-ның барлық трофейін жеңген командалар жайында тоқталсақ. Еуропа клубтарының тарихына зер салсақ, бес қана команда ұйымның барлық кубогын еншіліген.
Өткен ғасырдың басында құрылған Нидерланд командасының айы 70-ші жылдары оңынан туды. Ринус Михелстің қол астында жаттыққан команда үш жыл қатарынан Еуропа чемпиондарының кубогында (1971, 1972, 1973) қарсылас шыдатпай, кубокты ешкімге берген жоқ. Кейін тоқырауға тап болған «Аяксты» Йохан Кройфф құтқарды. Команданың аңыз ойыншысы болған ол клубқа бас бапкер боп келген соң 1987 жылы Кубок иелерінің кубогында жасындай жарқылдап, команданың еңсесін қайта тіктеді. Ал 1992 жылы Луи ван Галь Амстердам ұжымымен УЕФА кубогында және 1995 жылы Еуропа чемпиондарының кубогында жеңіс тойын тойлады. Сондай-ақ «Аякс» 1972 жылы УЕФА Суперкубогын жеңіп алған.
«Аякс» Еуропа чемпиондарының кубогында үш мәрте топ жарған соң эстафетаны «Бавария» клубына «жолдады». Бундестим командасы 1974, 1975, 1976 жылдары аталған турнирде үш дүркін жеңімпаз атанды. Бұған дейін «Бавария» тек Кубок иелерінің кубогында ғана жеңіске жеткен-ді. Ал 1996 жылы УЕФА кубогында дара шықты. «Бавария» жаңа ғасырды да үлкен жетістікпен бастады. 2001 және 2013 жылы Чемпиондар лигасында бас жүлдеге қол жеткізіп, қажырлы еңбектің арқасында сол жылы (2013) Суперкубогты жеңіп, УЕФА аясындағы барлық турнирде бас жүлдені иеленген команда атанды.
Ағылшын командасы Еурокубок бәсекелеріндегі ең алғашқы жеңісіне (Еуропа чемпиондарының кубогын) 1968 жылы қол жеткізді. Ал кейінгі жетістіктерге команда тізгінін Алекс Фергюсон ұстаған соң жете бастады. Мысалы, 1991 жылы Кубок иелерінің кубогы мен УЕФА Суперкубогында, 1999 және 2008 жылы Чемпиондар лигасында жеңімпаз атанды. «Манчестер Юнайтед» командасына УЕФА-ның барлық турнирін жеңген команда атану үшін тек Еуропа лигасының кубогы жетпей тұр еді. «МЮ» бұл жетістікке 2017 жылы Жозе Моуринью басқарған уақытта жетті.
«Челси» клубы XXI ғасырға Кубок иелерінің кубогын (1971, 1998) және УЕФА Суперкубогын жеңіп қадам басты. Лондон клубы кейінгі жүлдесіне 2012 жылдан кейін ғана қол жеткізе бастады. Сол жылы Чемпиондар ли­гасында жеңімпаз атанса, келер жылы Еуропа лигасында жұлдызы жанды. Осылайша «Челси» УЕФА-ның барлық кубок коллекциясын жинады. Сондай-ақ былтыр да Еуропа лигасында үздік шықты.
«Ювентус» жоғарыдағы командаларға қарағанда УЕФА-ның төрт «тапсырма­сын» орындаған алғашқы команда. Турин клубы Еурододағы бірінші кубогын 1977 жылы УЕФА кубогында жеңіп алды. Сондай-ақ аталған турнирде 1990 және 1993 жылдары да дара шықты. 1984 жылы Кубок иелерінің кубогы мен УЕФА Суперкубогында үздік деп танылды. Ал 1985 жылы Еуропа чемпиондарының кубогында бас жүлдені олжалап, мерейлі межеге бірінші болып жетті. Сонымен қатар «Ювентус» 1996 жылы Чемпиондар лигасы мен УЕФА Суперкубогында екінші рет чемпион атанды.
16 маусым 2020 ж. 167 0

PDF нұсқалар мұрағаты

31-360

06 тамыз 2020 ж.

30-359

31 шілде 2020 ж.

29-358

23 шілде 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31