» » «ҚАЙСАРДЫҢ» ҚАРСЫЛАСЫ КІМ БОЛМАҚ?

«ҚАЙСАРДЫҢ» ҚАРСЫЛАСЫ КІМ БОЛМАҚ?

   
17 қыркүйек. Бұл дата Қызылорда футболының тарихы түрленетін сәт. Сырдың мақтанышы «Қайсардың» тұңғыш рет Еуропа лигасында бақ сынаған сәтін тамашалаймыз. Әрине қасқырлар үшін дебютті турнир оңай болмасы анық. Дегенмен футболшылар жанкүйерлердің үкілі үмітін ақтауға барын салмақ. Сонымен «Қайсардың» Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі болжамды қарсыластары кімдер? Қай команда тарихи матчтың себепкері болады? Алдымен тізімге зер салсақ.
– «Копенгаген» (Дания);
– «Вольфсбург» (Германия);
– АПОЭЛ (Кипр);
– БАТЭ (Беларусь);
– «Галатасарай» (Түркия);
– «Мальмё» (Швеция);
– «Партизан» (Сербия);
– «Стандард» (Бельгия);
– ФКСБ (Румыния);
– «Гранада» (Испания);
– «Милан» (Италия);
– «Глазго Рейнджерс» (Шотландия);
– «Марибор» (Словения);
– «Хапоэль» (Беэр-Шева, Израиль);
– «Русенборг» (Норвегия);
– «Аполлон» (Кипр);
– «Фехервар» (Венгрия);
– «Риу Аве» (Португалия);
– «Динамо» (Москва, Ресей);
– «Слован» (Чехия);
– «Хайдук» (Хорватия);
– «Шкендия» (Северная Македония);
– «Виллем II» (Нидерланды);
– «Нью-Сейнтс» (Уэльс);
– «Яблонец» (Чехия);
– «Динамо» (Минск, Беларусь);
– «Лех» (Польша);
– «Колос» (Украина);
– «Хартберг» (Австрия);
– «Абердин» (Шотландия);
– «Зриньски» (Босния и Герцеговина);
– «Алашкерт» (Армения);
– «Тоттенхэм» (Англия).
Ескерту! Тізімге бірінші раундтан өткен командаларда қосылады! Екінші раунд ойындары 17 қыркүйекте өтеді. Жеңімпаз 1 кездесудің қорытындысы бойынша анықталады!
Аталған қарсыластарға байланысты «Қайсар» командасының ойыншыларынан пікір сұраған едік. Жалпы дала қасқырларының қай командамен күш сынасқысы келеді екен?

Марсель Исламқұлов, қақпашы:
– «Қайсар» секілді менде мансабымда алғаш рет Еуропа лигасына қатысуға мүмкіндік алып отырмын. Сондықтан қуанышымды жеткізе алмаймын. Екінші раунд осалдардың сырғып, мықтылардың жарысқа қосылатын кезеңі. Кіл мықтылардың тізіміне енгеніміз жауапкершілікті арттырады.
31 тамызда жеребе тартылады. Егер менің таңдауым болса, немістің «Вольфсбургымен» кездескенді қалар едім. Мықты ұжым. Өз біріншілігінде үздік алтылыққа енді. Тарихи кездесу болған соң тарихы мол, жетістігі көп клубпен шеберлік байқасқан дұрыс деп ойлаймын. Бір жағынан тәжірибе алмасамыз.

Елдос Ахметов, қорғаушы:
– Ең алдымен елдің намысы үшін берілмеуіміз керек. Мысалы, «Қайрат» пен «Астана» сапында доп тепкен сәтімде Чемпиондар және Еуропа лигасында ойнап көрдім. Әсері ерекше болады. Соңғы 5 жылда аталған турнирлерге қатысып келем. Еуропа аренасында ысылдық. Енді «Қайсармен» бірге тағы жорыққа аттанбақ ниеттемін. Біздің команда үшін топтық кезеңге өтуге мүмкіндік жоғары. Өйткені іріктеу және бірінші кезеңдерден автоматты түрде өтіп, екінші раундтан бастаймыз. Сондықтан бізге лайықты қарсылас ретінде армениялық «Алашкерт» және украиндық «Колоспен» түскеніміз абзал. Аталған ұжымдарды жеңіп, келесі кезеңге өту мүмкіндігін қарастыруымыз тиіс.

Ілияс Әмірсейтов, қорғаушы:
– Қазір әлемдегі ахуал қиындай түскені рас. Біраз чемпионаттар біздің елдегі біріншілік секілді тоқтап тұр. Бұл футболшылар үшін үлкен кедергі. Еуропа лигасына аз ғана уақыт қалды. Сондықтан чемпионатты ертерек бастап, қалыпқа келуіміз тиіс. Мысалы, Беларусь біріншілігі дүниежүзіндегі қиын сәтке қарамастан жаттығуын тоқтаған жоқ. Апта сайын ойындар өткізді. Соның нәтижесінде командалар қалыпты форманы сақтап отыр. Сондықтан «Динамо Минскпен» жолымыз түйіспегені дұрыс. Әрине, кез келгенімен қарсылас болуға дайынбыз. Алайда тиімді жағында ұмытпағанымыз дұрыс. Бізге тізімдегі тиімдісі – «Алашкерт».

Иван Граф, қорғаушы:
– Тізімді көріп, «Хайдукке» көзім түсті. Хорватияның ұлы командасы. Атақты футболшылардың дені сол «Хайдуктен» шыққан. Бірақ қазіргі күйі көңіл көншітетіндей емес. Ортаңқол ұжымға айналды. Ойындары ала-құла. Бірде жеңеді, бірде жеңіледі. Қазір Хорватияда біріншілік аяқталып, командалар үзіліске бет алды. Қателеспесем, 22 тамызда жаңа маусым басталады. Ал біздің біріншілік 17 тамызда жалғасады деген жоспар бар. Егер жалғасын тауып жатса, «Хайдукпен» кездескеніміз жөн деп санаймын. Ойын стильміз де сәйкес келеді. Егер жеребе солай болса, келесі кезеңге өтуімізге болады.

Асхат Тағыберген, капитан:
– Капитан ретінде жауапкершіліктің жүгі өзіме түсетінін білемін. Команданы алаңға бастап шыққаннан кейін әріптестеріме дем беру қажет. 25 футболшының барлығы Еуропа лигасында ойнағысы келеді. Бірақ барлығы бірдей ойнайды деп айта алмаймыз ғой. Сондықтан ұжымда бәсекелестік жоғары. Бірінің орнын бірі басуға дайын. Ең алдымен жарақаттан аман болғанымыз абзал. Екінші раундтағы командалардың ешқайсысын бөліп жарғым келмейді. Мен үшін қарсыластың барлығы бірдей.

Думан Нәрзілдаев, жартылай қорғаушы:


– Бұл жетістікке жанкүйерлердің қолдауы мен ақ тілегінің арқасында жеттік. Сондықтан жанкүйерлердің арман тілегіне де зер салуымыз тиіс. Болжамды қарсыластар анықталды дегеннен әлеуметтік желіні қарадым. Көбісі «Миланмен» түскенімізді қалайды екен. Расында жеребеде «Милан» түссе, тарихи жағдайға айналмақ. Біздің әр ойынымыз финал іспеттес. Сол себепті Еуропа лигасы біз үшін ақтық бәсеке болып саналады.
Ерасыл ШӘРІБЕК
07 тамыз 2020 ж. 150 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-367

24 қыркүйек 2020 ж.

37-366

17 қыркүйек 2020 ж.

37-366

17 қыркүйек 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930