» » ЕУРОПА ЛИГАСЫ: «ҚАЙСАР» «АПОЭЛМЕН» КЕЗДЕСЕДІ

ЕУРОПА ЛИГАСЫ: «ҚАЙСАР» «АПОЭЛМЕН» КЕЗДЕСЕДІ

 
Швейцарияның Ньон қаласында футболдан Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңінің жеребе тарту рәсімі өтті. Қызылордалық "Қайсар" өз тарихында алғаш рет кәрі құрлық бәсекесінде бақ сынайтыны белгілі. Жеребеге сәйкес екінші раундта қасқырлар кипрлік "Апоэлмен" күш сынасады. Ел намысын қорғайтын Сыр аяқдопшыларының қазірпгі әлеуеті қандай? Дала қасқырларының екінші кезеңнен өтуге мүмкіндігі бар ма?
Қасқырлар тұңғыш рет үлкен додада бақ сынайтындықтан берілген мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысары анық. Қазір Сыр футболшыларында командалық рух басым. Ел чемпионатында 7 тур нәтижесі бойынша екінші орында келеді. Соңғы ойында жүлдеден басты үмітті "Тобылды" тобықтан қақты.
Осылай ұжымдық ойын үлгісін көрсетсе, Қайсардың келесі кезеңге өтуге мүмкіндігі бар. Десе де, қарсыластары да қара жаяу емес. Кипр біріншілігінде 28 мәрте чемпион атанып, 13 рет суперкубокты жеңіп алған. Кәрі құрлық бәсекесінде де тәжірибесі мығым. Мәселен, былтыр Еуропа лигасының топтық кезеңінен өтіп 1/16 финалына дейін жетті. Бірақ «Апоэл» қазақстандық командалардан айналып өте алмай жүр. Ел чемпионы "Астананы" бірнеше мәрте жарыстан ығыстырғаны осыған дәлел.
"Апоэл" алынбайтын қамал емес. Мұны спорт сарапшылары да растап отыр. Еуропа Лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Косова елінің "Гжилани" клубын әупірімдеп жүріп әрең жеңді. 90 минут түгесіліп, кипрлік команда тек экстра таймда басымдық байқатқан. Спорт сарапшысы Ермұхамед Мәулен «Қайсардың» келесі кезеңге өтуге мүмкіндігі мол екенін алға тартады.
– «Қайсар» – ұйымшыл ұжымның бірі. Ел чемпионатындағы аяқ алысы жаман емес. 7 турдан кейін үздіктер қатарына енді. Ұлттық құрамаға бірнеше ойыншысы ілікті. Ал «Апоэлдың» қазіргі жағдайы мәз емес. Өткен жылғы құрамнан бірлі жарымы ғана қалған. Қаржылық қиындықтарға да тап болуда. Ішкі чемпионатта да «АЕК»-тен 3-0 есебімен ойсырай ұтылды. Еуро бәсекеде тәжірибесі мол демесеңіз, «Қайсардан» айналып өтеді деуге сену қиындау. Бір жағынан кездесудің елімізде өтетіні қасқырлар үшін зор мүмкіндік.
Жеребе рәсімінен кейін қызылордалық аяқдопшылардан қарсылас жайында пікір сұрадық. Команда капитаны Асхат Тағыберген «Апоэлды» жеңуге болатынын айтты.
– «Қайсармен» бірге Еуропа лигасында ойнауды армандадық. Сол арманға жетіп, туған қаламыздың абыройы үшін бәсі биік бәсекеде аянып қалмаспыз. Біздің болжамды қарсыластар белгілі болған кезде «Апоэлдің» түскенін қаладық. Өйткені «Орхус» пен «Лехке» қарағанда бізге қолайлысы кипрлік команда еді. Қарсыласымыз осал емес. Еуропа лигасының биылғы жеңімпазы «Севильяны» жеңген жалғыз команда. Сондықтан кездесу оңай болмасы анық. Дегенмен ұжымдық ойын көрсетіп, келер кезеңге өтудің жолын қарастырамыз.
Не десек те, қасқырлардың Еуропаға жортуына жол ашылды. Бағы мен бабы ұштасса, үшінші іріктеу кезеңіне жолдама алады. Жеңімпаз тек бір ойын нәтижесімен анықталмақ. Кездесу 17 қыркүйек күні Шымкент қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда өтеді. Айта кетейік, қауіпті індетке байланысты Еуропа лигасының ойындарын жанкүйерлер трибунадан тамашалай алмайды. Дейтұрғанмен, "КазСпорт" телеарнасы арқылы «Қайсарға қолдау» көрсетуге болады!
Ерасыл ШӘРІБЕК
03 қыркүйек 2020 ж. 79 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-367

24 қыркүйек 2020 ж.

37-366

17 қыркүйек 2020 ж.

37-366

17 қыркүйек 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930