Ақтолқын Нұрмағамбетова,

«Қоғамдық келісім» КММ Қармақшы ауданы бойынша этносаралық қатынастар жөніндегі сарапшы маман:

«Атақты Сырым батыр Малайсары бидің алдына барғанда даңқты би жас батырдың қолына бір түйір шыбық беріп, «сындыр» дейді. Батыр оп-оңай сындыра салады. Содан соң бір уыс шыбық беріпті де «Енді көрші» деген екен. Сырым батыр сәл қиналыңқырап сындырады. Сонда шешен «Бірлігі мықты елді жау ала алмайды. Бұл – соның мысалы еді» деген екен. Сол сияқты біздің мемлекетіміздің алар асуы тек бірлікпен ғана алынады. Мекемеміздің басты бағыты да – осы. Аталған салада жүріп, талай қызықты көресің. Аңқылдаған ағеден елдің арасында небір тағдыр бар. Дастарқанындағы бір түйір нанды бөліп жеп, бақытты болып отырған шаңырақтарды көресің де, е, «біз шынында бақыттың не екенін пендешілікке салынып, ұғынбай кетеді екенбіз» деген ойда қаласың» деп бастады қармақшылық жас Ақтолқын Алтынбайқызы.

Бұған дейін жастар арасында түрлі жобалардың бел ортасында жүретін жас маман бүгінде Қоғамдық келісім мекемесінің аудандағы өкілі. Жай ғана өкілі емес, сарапшы маман. Уақыт тауып, аз-кем сұхбаттасқан едік…

– Ақтолқын Алтынбайқызы, аудандағы ахуалға қандай баға берер едіңіз? Қармақшы өңірінде көпұлтты деген сөз ойға келсе, ІІІ Интернационал ауылы еске түседі. Қоғамдық келісім өз міндетін қаншалықты атқарып жүр?

– «Ынтымақ қайда болса, ырыс сонда барамын депті». Қазақтың бірлік болмай, тірлік болмайдысы сияқты. Төбемізде бір шаңырақ, соны мекен еткен елміз. Ал шаңырағы мен табалдырығын қадірлейтін ел «табалдырықтан биік тау жоқ» деп бекер айтпаса керек-ті. Қазір сол табалдырықтан кіріп, елдің арасына сіңісіп кеткен өзге ұлт пен ұлыс өкілдері ұлттық салт-дәстүрімізге дейін біледі. Тарихымыз да тұтасып келеді, тіршілігіміз де бірге өтіп жатыр. Сондықтан ахуал дегеніңіз кісі сүйсінерліктей.

ІІІ Интернационал ауылы деп отырсыз. Қармақшы ауданында 1000-нан аса этнос өкілдері тұрады. Олардың басым көпшілігі ІІІ Интернационал ауылдық округінде шоғырланған. Біз олардан еңбектенуді үйренуіміз керек. Маңдайы күнге күйіп, табаны жерге тілінген олар диқаншылықпен, мал шаруашылығымен, наубайхана ісімен айналысып отыр. Тынбай тіршілік істеп, өз несібелерін теріп жеп отырған қарапайым жандар. Аудан аумағында қызмет ете жүріп, бұдан бұрын да талай шараның басы-қасында болдық. Менің түйгенім, ел болып бірігуден артық бақыт жоқ екен. Әйтпегенде, аузымыздағыдан қағыламыз. Төртеу түгел болайық, сонда ғана төбедегіге қолымыз жетеді. Бұл – ІІІ Интернационалдағы ұстаным.

– Әрбір жыл сайын атқарған ісімізге қарап, өзімізге есеп беріп жатамыз. Өткен жылы бұл салада қандай жұмыс атқарылды? Қысқаша тоқталсаңыз…

– Бүкіл қазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда Қазақстан халқы ассамблеясы маңызды рөл атқарады. ҚХА басты міндеті –  мемлекеттік ұлттық саясатты іске асыру, Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру. Біз осы бағытта жұмыс істеп келеміз. Аудан аумағындағы тазалық жұмыстарынан бастап, мемлекеттік саясатты қолдауға дейінгі аралықтағы барлық іске қатыстық. «BIRGEMIZ»: «TAZA QAZAQSTAN» жалпыұлттық акциясы, «Мен – елімнің патриотымын», «PIZZA PARTY», «Ұлттық ойын – халық мұрасы», «Болашағымыздың тұтқасы – жастар», «Қарты бар елдің – қазынасы бар», «Ұлт достығы – татулықтың тал бесігі» атты шаралар өтті. Оның сыртында қарттармен кездесу, жастармен жүздесу, дін өкілдерімен халықты толғандырған тақырыптар бойынша сұқбат тәрізді мәселелерді біз айналып өткен жоқпыз. Аудандағы барлық ұйымдар, бөлімдер мен мекемелер, аудандық газеттің редакциясы қай істе де бірге бас көтеріп, әрбір шараның тағылымды, алар тәлімі бар дүние болуына еңбек етудеміз. Тіпті шаралар біткенде соңынан арнайы келіп, алғысын айтатын болмаса өзін толғандырып жүрген кей мәселелерімен бөлісетін жандар да жеткілікті.

– Алда қандай жоспарлар бар? Жаңа жылдың алғашқы тоқсанын да түйіндеп қалдық…

– Уақыт – жүйрік. Кейде ауқымды шараларды өткізгің келген қарбаласта сол жүйріктік екі есеге артып кететіндей көрінеді. Алда біз ұлттық құндылықтар, отбасы институты тәрізді дүниелерге көп мән бергіміз келіп отыр. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылғандай, біз өз болмысымызды қайтаруымыз керек. Отбасылық қадір-қасиетті ұғынып өсетін ұландарды тәрбиелегеніміз ләзім. Одан бөлек, қолөнер дегенде күмілжіп қалатынымыз бар. Қолынан іс келетін ісмер әжелеріміз де қартайды. Ал олардың соңынан сол өнерді алып қалған жастар бар ма? Бұл біздің өңірдегі қазақтың ғана емес, барлық ұлттың мәселесі. Сондықтан шеберлердің үйіне барып, жастар оқитын ерекше дүниелердің тізімін алғымыз келіп отыр. Киіз үй тігетін жанды да қазір шаммен іздейсіз. Заманауи етіп жасауға болады ғой. Біз өз бағытымызға икемдеп, осындай шараларды ойға алып отырмыз. Біздің өңірде басқа аймақтардағыдай тіл мәселесі жоқ. Асылы Осман апайымыз «Мен Қазақстанда тұрып, өз ана тілімді білмесем, ештеңе емес. Қазақ тілін, осы елдің мемлекеттік тілін білмесем – күнә» деп айтқан екен. Біздің көпұлтты елімізде осындай берекелі тірлік жалғасын таба берсе деп тілеймін.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!