Анар Жаңбырбаева, облыстық филармония жанындағы камералық оркестрдің көркемдік жетекшісі:

«Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар». Осы есті әндердің қатарына ең алдымен классикалық әуендерді жатқызсақ, ешкім дау айтпасы анық. Өйткені медицина сан ғасырдан бері нотасы өзгермеген классикалық туындылардың тыңдарманға ерекше көңіл күй, жан дүниеге тыныштық сыйлайтынын дәлелдеген. Классикалық музыка әлемінде әсіресе скрипкашының шоқтығы биік. Бүгін біз облыстық филармония жанындағы камералық оркестрдің көркемдік жетекшісі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Анар Жаңбырбаевамен классика­ға деген құштарлық және сазды скрипканың сыры жайында әңгімелескен едік.

– Анар Асанқызы, скрипка – музыкалық аспаптардың «патшасы». Үлкен оркестрде 100-ден астам музыкант болса, олардың 30-ы скрипкашы екен. Сіздің де жаныңызға осы аспап жақын. Скрипканы таңдауызға не себеп?

– Негізі Алматы облысының тумасымын, музыкаға деген сүйіспеншілігім бала кезден басталды. Әкем белгілі математик болатын, өзі музыкалық аспаптарда ойнағанды, күй әуелетуді жақсы көретін. 4 жасымда осы көркем әлемге деген қызығушылығымды байқаған да сол кісі. Ағама домбыра үйретіп жатқанда балалықпен кедергі келтіреді екенмін, сол ықылас өсе келе менің өмірлік таңдауыма айналды. Күләш Бәйсейітова атындағы дарынды балаларға арналған музыка мектебінің «скрипка» сыныбында білім алдым. Ұстаздарым өнер жолына деген қадамымды ұштады. Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік консерваториясында білімімді жалғастырдым. Еңбек жолым Мұрат Серкебаевтың жетекшілігімен Алматыдағы телерадио оркестрінде жұмыс істеуден басталды. Бұл музыка өнерінің бетке ұстарына айналған атақты ұжым еді. Енді ғана өнерге қадам басқан жас үшін оркестрде жұмыс істеу кәсіби өсу тұрғысынан ғана емес, шығармашылық қабілет пен талантты шыңдау жолындағы баспалдақ іспетті болды. Скрипка құшағына, скрипка менің құшағыма енгенде басқа дүниені ұмытамын. Мен және музыка. Қалған нәрсеге елеңдеп көрген емеспін. Музыканы, скрипкада ойнағанды сүйемін, сондықтан оны тастамаймын. Консерваторияны бітірген соң Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында сабақ бердім. Мұнан соң жолдасыммен бірге қызмет бабымен Маңғыстау өңіріне көштік. 2007 жылы Ақтауда кіші симфониялық оркестр ашылды, сонда 10 жылдан астам уақыт тер төктім. 2017 жылы қайын жұртқа келдік, қасиетті Сыр өңірінде сүйікті ісімізді жалғастыру бұйырды. Бұдан бөлек, мұнда классикалық бағыттағы музыканттардың тапшылығы сезілетін. Маған облыстық филармония жанынан жаңадан құрылған камералық оркестрді басқару ұсынылды. Бұған бар ынтаммен кірістім. Бір жағынан жоғарыда айтқанымдай, бұған дейін М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының жанындағы шағын симфониялық оркестрдің, камералық ансамбльдің солисті болдым, тәжірибе жеткілікті. Камералық оркестр 2014 жылы облыстың сол кездегі әкім Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен ашылғаны баршаға мәлім. Сыр елінің мәдениеті тарихындағы тұңғыш оркестр әлемдік және қазақ халқының туындыларын орындайды. Бүгінгі таңда камералық оркестрдің құрамында он жеті музыкант бар. Барлық классикалық аспаптармен толықтырылған, концертмейстері бар. Өз ісінің мамандары иірім мен үйлесім әрбір кештің көркін қыздырып, тыңдарманға рухани демалыс сыйлау жолында еңбектеніп келеді.

– «Саусақтарыңыз қысқа, шынында скрипка­шы­сыз ба?» дегенді естігеніміз бар. Скрипкада ойнау үшін физиология маңызды рөл атқара ма?

– Музыка спортпен ұқсас. Бұл тұрғыда ұзын саусақтардың артықшылығы бар. Бұдан бөлек, талмай еңбектену, жаттығу маңызды. Музыкалық қабілеттің ролі жоғары. Мен негізгі жұмысымнан бөлек, педагогикалық қызметпен айналысамын. Қазанғап атындағы музыкалық колледжде, өнер мектебінде сабақ беремін, жеке сабақтар да өткіземін. Кейде енді ғана скрипканы үйренуге қадам басқан шәкірттерім өзі жеке қалып, 5 сағатқа дейін дайындық жасайтын сәттері кездеседі. Өнер – мәдениеттің ортасы.Сондай-ақ мәдениет пен өнерге айрықша көңіл бөліп, өрлету – өркениетті елдердің басты ұстанымы әрі ол тәрбие құралы. Сондықтан болар, балаларын өнер саласында көргісі келетін ата-ана көп. Қазір ең жас шәкіртімнің өзі үш жаста, есімі – Фатих. Ойын баласына осындай жүктеме берілгеніне көңіл толмайтындар табылар. Алайда бала өнерге бір табан жақын, үйренуге асық. Классиканы, Моцарт, Бах, Бетховеннің шығармаларын орындағысы келеді. Бала болған соң кейде қыңырлық танытып, ой бөлгісі келетіні бар. Мұндайда біз ән айтып, сурет салып, бір сергіп аламыз және қайтадан сабаққа жаңа деммен кірісеміз. Бірінші кезекте оқушыларымның ой-өрісін кеңейтуге, әлемдік өнер мен мәдениеттің тарихы туралы көбірек білуге деген ынтасын арттыруға тырысамын. Бәлкім, бұл балалардың дені болашақта кәсіби музыкант болмауы мүмкін, дегенмен олар жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптасары анық. Мәдениетке, өнерге жақын бала көшедегі төбелеске, бейпіл сөз айтуға жақын емес. Олар сұлулықты көре білетін және сезіне білетін, айналаға мейіріммен қарайтын, интеллектуалды даму деңгейі жоғары адам болуға ұмтылады. Тек осы музыкалық білім берудің қосымша білім беру тізбегінде екеніне қынжыламын. Біз 18 жылға жуық білім алдық, жүктеме көп. Тек концерт берумен шектелмейміз, классиканы тыңдатуға, тыңдарманға ой салуға тырысамыз, жастардың  мәдениетті болуға деген талпынысын арттыруға күш саламыз. Балалар мектепте білімін күшейтсе, бізде өнерге қадам басып, ізгі, мейірімді, мәдениетті әрі өнер әлеміне жақын жас ретінде дамиды. Осыған мән беретін уақыт жеткен сияқты. «Музыка –тәрбие құралы» деп бекер айтылмаған. Мен үшін бастысы осы және ұстаз ретінде шәкірттерімнің әр бағындырған биігімен мақтанамын. 2019 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерва­тория­сының концерт залында өткен және Алматы қаласының күніне орайластырылған II республикалық «Әуен Fest» камералық музыка фестиваль-конкурсына бірден үш ұжымды дайындадым. Қазылар алқасы Қызылордадан келген, құрамында Әлімжан Раджабов (скрипка) және Айнаш Рысдәулетова (фортепиано), Жәмилә Қадырова (альт), екі скрипкадан тұратын ішекті квартет (Әлия Жаңбырбаева мен Әлия Жаналиева), альта (Жәмилә Қадырова) мен виолончель (Нұркен Ақбергенов) бар конкурсанттардың кәсіби дайындығына таңдай қақты. Арнайы жүлде мен үшінші орынды еншілеп, жеңіс төрінен табылдық. «Таланттар галереясы» халықаралық байқауында да Бота Мақсұтқызы, Ұлпан Шаншархан, Қаламқас Құттымұратова, Рабия Панабек секілді шәкірттерім мерейімді өсірді. Мұндай байқаулар олардың жаңа қырын ашады және үлкен аудитория алдында өнерін паш етіп, мол тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.

– Әңгімені камералық оркестрдің жетістіктерімен сабақтай түссеңіз…

– Концерттен концертке дейін барокко дәуірінен бастап қазірге дейінгі композиторлардың музыкасы ұсынылған репертуар кеңейді. Оркестрдің шығармашылық қоржынында әлемге әйгілі ортағасырлық композиторлар Антонио Вивальди, Иоганн Себастьян Бахтың, Вольфганг Амадей Моцарттың, Людвиг ван Бетховеннің, веналық классикалық музыка мектебінің өкілдерінің шығармалары бар, кеңестік және қазақстандық классика да кеңінен ұсынылған.2018 жылы оркестр «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының шақыруымен Босния-Герцеговина, Сербия, Венгрия мемлекеттеріндегі Балқан аралдарындағы түркітілдес елдердің классикалық камералық оркестрлерінің халықаралық фестиваліне Қазақстанның атынан қатысты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, скрипкашы, профессор әрі композитор Анвар Акбаровтың және түрік дирижері Севаль Кадыоглының жетекшілігімен оркестр қазақстандық және шетелдік композиторлардың шығармаларын орындады. Бұдан бөлек, жеке бағдарлама дайындап, Жәмилә Қадырова (скрипка) және Нұркен Ақбергеновпен (виолончель) бірге республиканың батыс өңірлерін – Ақтөбе, Орал, Ақтау, Атырау қалаларында болдық. Барлық концерт көбіне толық аншлагпен өтті. Бұл жетістіктер – дирижер мен көркемдік жетекшінің, жалпы ұжым еңбегінің нәтижесі. Көрерменге міндетті түрде берілетін эмоционалды шабытқа қол жеткізу оңай емес. Ол үшін музыкаға деген ерекше сүйіспеншілік, іске деген адалдық керек.

– Музыканттар өздері ойнап жатыр, дирижер таяқшасымен неге сермей береді деп сұрайтындар табылады. Оркестр мен дирижер арасындағы байланысты тарқатсаңыз.

– Егер шығарма жеңіл әрі қысқа болса, дирижерсіз ойнай алады. Бірақ көптеген музыкалық шығармалардың темпі ауысады. Жалпы, «дирижер» сөзі француз тілінен аударғанда «бағыт беру» мағынасын береді. Алдыңда отырған оркестранттардың тілін таба білу қажет және мықты кәсіпқой музыкант болу шарт. Одан бөлек, дирижер оркестрдегі әуеннің үйлесімін сезу керек. Себебі музыканың өзі үлкен гармония.

– Симфониялық туындыларды тыңдау сезімге бөлейді. Дегенмен, қоғамда «Мен мұны түсінбеймін, тыңдап отырып, ұйқым келеді» дейтіндер жоқ емес. Осыған алып-қосарыңыз бар ма?

– Классикалық музыка – ешқашан мәнін және тыңдарманын жоғалтпайтын бірден-бір өнер саласы. Әсіресе, симфониялық туындыларды тыңдау жанға да, тәнге де пайда тигізеді. Оны теледидардан, плейерден тыңдасаңыз, түсінбеуіңіз мүмкін. Арнайы залға келіп, тыңдасаңыз жан рахатына бөленесіз. Өйткені классика ешқашан ескірмейді. Жақында алыс ауылдағы ағайындарым концертке келіп, өнерімді 27 жылдан бері бірінші рет тамашалады. Таңданыстарын жасырмады, өнердің шексіз әлем екеніне тағы бір көз жеткізді. Бұл да солай. Классикалық музыканың тұрақты тыңдарманына айналу үшін оның маманы болу, арнайы білім алу міндетті емес. Бастысы, орындалып жатқан шығарманың қысқаша тарихымен танысып алуыңыз керек. Қалғаны музыканттың шеберлігіне байланысты.

– Сұхбатыңызға рақмет! Шалқар шабыт, шығармашылық табыс тілейміз!

Әңгімелескен

Мөлдір СНАДИН