Интернет-әлемнің өз заңы, ұстанымы бар. Жоғары технология адамзаттың ажырамас бөлшегіне айналғалы саладағы алгоритм күрделене түсті. Мүдделер қақтығысы, геосаяси текетірес те салаға дендей еніп, қоғам қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Осы орайда кәсіпкер, IT-маман Сәкен Кенжеевпен пікір алмасып, киберкеңістік турасында аз-кем сұхбат құрған едік.

– Бүгінде кибершабуыл фантастикалық фильмдегі сюжет емес, шынайы өмірдегі қауіпті қаруға айналды. Әккі хакер кез келген электронды жүйенің күл-паршасын шығарып, қалауынша пайдалануға қауқарлы. Бұл тұрғыда мысал ретінде Ресей мен Украина арасындағы киберқақтығысты атасақ та жеткілікті. Сіздің ойыңызша, кибершабуылды тойтаруға Қазақстанның IT әлеуеті жете ме?

– Қазіргі таңда түрлі коорпорацияның сайтына, көптеген елдің мемлекеттік порталына кибершабуыл жасалғанын естіп жүрміз. Ең жарқын мысал – Ресей саясаткері Дмитрий Медведевтің «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі аккаунтының бұзылуы. Сондықтан киберкеңістіктегі шабуылды жоққа шығара алмайсыз. Дегенмен, ескеру қажет жайт бар. Ауқымды жүйеге шабуыл жасау кез келген хакердің қолынан келетін іс емес. Дүниежүзінде мұндай нәтижеге қол жеткізе алатын өте білімді әрі білікті IT-маман саусақпен санарлық. Олар да арнайы тапсырыс шеңберінде ірі компания, маңызды мемлекеттік мекеме сайтын, банк есепшотын нысанаға алады.

Қорғану әлеуетіне келсек, киберқауіптен 100 процент қорғалған ел де, компания да жоқ. Небір күрделі жүйенің өзі сыр беріп, қарсы тараптың құралына айналғанына куә болудамыз. Алайда алдын алу шарасын жасау кезек күттірмейтін қадам. Бұл орайда Қазақстандағы мемлекеттік мекемелерге интернет желісі өзіндік тәртіппен, бақылаудағы жүйемен берілуде. Сол арқылы қызметкерлердің жағымсыз сайттарға кіруі тежелді. Себебі жағымсыз сайттар персоналды компьютердегі ақпаратты ұрлауға, вирус тасымалдауға таптырмас құрал.

– Бірнеше жыл бұрын Facebook әлеуметтік желісі 1,5 миллиард қолданушының құпия дерегін сыртқа шығарып алды. Оқиғадан соң олқылықты мойнымен көтеріп, жауапкершілік арқалаған бағдарлама өкілін көрмедік. Қалтафон мен компьютерге тәуелді қоғам желідегі қауіпсіздікті  қалай қадағалауы қажет?

– Дұрыс айтасыз. Бірнеше мәрте Facebook әлеуметтік желісіндегі келеңсіздікті байқадық. Бұл тек аталған әлеуметтік желіге тән осалдық емес. Мәселен, Қазақстанда да азаматтардың жеке дерегінің әлеуметтік желіге тараған оқиғасын білеміз. Жоғарыда айтып өткенімдей, ешбір жүйе толық қорғалмағандықтан, әлеуметтік желі иелері жеке ақпараттың сақталуына жауап бермейді.

Жеке дерек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолы ап-айқын. Ол үшін күдікті сілтемені бөліспеу, құпия фотосуреттерді «Google drive», «Яндекс Диск, «Облако Mail.ru» жүйесіне сақтамаған жөн. Әсіресе, қаржылық құжаттарға сақ болу артық етпейді. Себебі олқылықтың дені адамдардың салғырттығынан туындауда. Қолданушыларды білместікпен желіге жариялаған жеке басты растайтын құжатты аляқтар сол азаматтардың атына несие рәсімдеуге пайдалануы мүмкін. Демек, ең басты қорғаныс – сақ болу.

– Әрине, рационалды ойлауға бейіммін. Алайда АҚШ-тың бұрынғы арнайы агенті, информатика саласының білгірі Эдуард Сноуденнің «технологияның көмегімен әлемдік бақылау қойылған» деген тұжырымы үнемі ойға жетелейді. Тіпті, атышулы үндеуден соң ұялы телефон мен компьютердегі бейнекамераны бүркеуді әдетке айналдырған жас көбейді. IT-маман ретінде аталған тұжырымға объективті баға бере аласыз ба?

– Расында, қарапайым адам үшін мұндай тұжырым күлкілі көрінуі ықтимал. Десе де, бұл пікірге екіжақты қарау дұрыс. «Технологияның көмегімен әлемдік бақылау» – 7 миллиард адамның телефоны мен компьютеріне қосылып, үнемі қадағалау деген сөз емес. Яғни, пікірді тікелей түсінбеу қажет. Мысалы, Google-ді күнделікті қолданамыз. Керекті әрі мазалаған сауалдың жауабын сол жүйе арқылы анықтаймыз. Бірі «IPhone 13-ті қайдан алсам болады?» десе, енді бірі «Қай мемлекетте қатерлі ісікті емдейді?» деген сыңайдағы ақпарат іздейді. Міне, Google-дағы жасанды интеллект мәліметті саралап, халықтың тұрмысындағы қажеттілік пен өзгеріс дерегін коммерциялық мақсаттағы ақпарат етіп әзірлейді. Ал өз кезегінде ірі компаниялар ол ақпараттарды маркетинг саясатына қолданады. Қарапайым тілмен айтқанда, «Айфон» сұраған өңірге ұялы телефон сатуды күшейтіп, «қатерлі ісік» туралы ақпарат іздеген аймақта тиісті медициналық қызмет жарнамасын ұлғайтады.

Эдуард Сноуденнің тұжырымының екінші тұсы шындыққа жақындау. Бұған дейін де компьютер, смартфонның микрофоны арқылы тың тыңдауға мүмкіндік беретін вирус, троян туралы айтылып келеді. Демек, бұл тұжырымды түбегейлі жоққа шығаруға да болмайды. Алайда аталған пікір дүрлігуге себеп емес. Қарапайым халықта халықаралық қауіпсіздікті шайқайтын дерек болмайтынын ескерсек, алаңдау орынсыз.

– Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің Сыр еліне сапары кезінде шалғай ауыл-аймаққа интернет жеткізу жолына қатысты идея айтқан болатынсыз. Ол жобаның ерекшелігі неде?

– Министр Бағдат Мусинге шалғай ауылдарға интернет желісін жеткізу туралы идея айтқанымыз рас. Соңғы деректерге сүйенсек, облыс көлемінде 60-70 елді мекенге интернет желісі жетпеген. Министрліктің ұсынысы бойынша Starlink, OneWeb секілді әлемдік  интернет жерсерігін аймаққа әкелу қажет. Әрине, әлемдік интернет жерсеріктерін пайдалану қызметтің құны қымбат, тарифі жоғары. Министрге шалғай елді мекендерге аталған интернет жүйесін біз секілді екінші деңгейлі жергілікті операторлардың қолдауымен жүргізу ұсынылды. Бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Билікпен бірлесе атқарылатын іс.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ерсін ШАМШАДИН