Асқар ҚҰРМАШ,

облыстық жастар ресурстық

орталығының директоры:

Жастар – ел болашағын жарқын етер шырағдан. Қозғаушы күш білімді, әлеуметтік белсенді, өз құқығын білетін сауатты азамат болып қалыптасуы тиіс. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» осы міндеттердің үдесінен шығуға күш салып келеді. Мұнда замандастырымыздың шығармашылығын дамыту, кәсіпкерлікке шыңдау, жаңашыл жобаларына қанат бітіріп, біліммен биікті бағындыруына мүмкіндік мол. Олар еріктілік бағытында да өзін шыңдай алады. Бұған біз орталық директоры Асқар Құрмашпен кезекті сұхбатта тағы бір көз жеткіздік.

‒ Асқар, алдымен сауалымызды мынадан бастасақ. «Жастар ресурстық орталығының» қолданысқа берілгеніне аз болды. Осы уақыт аралығында ол жастардың екінші үйіне айнала алды ма? Орталық қаншалықты сұранысқа ие?

‒ Жастардың сұранысын қанағаттандыру – орталықтың басты мақсаты. Бізде интернет-кітапхана, антикафе, IT-парк, жаттығу залы бар. Өзімді жетілдіремін, дамытамын деген әрбір жас үшін қажеттінің барлығы қарастырылған. Сыр жастары бос уақытының басым бөлігін осы орталықта өткізеді, сондықтан оны жастардың екінші үйі деп атасақ артық айтқанымыз емес.

‒ Бұл қызметке келгеніңізге жылға енді жуықтайды. Орталықтың жұмысы қалай жүріп жатыр, қандай бағыттарға басымдық берілді және қолға алынған жобалар қаншалықты нәтижелі?

‒ Сыр жастары ойы еркін, рухы азат, болмысы бөлек. Қоғамдық шараларда белсенді. Қызметке кіріскен уақыттан бері біз бірлесе жаңаша бағыттағы жобаларды жүзеге асырудамыз. Оған бұған дейін салаға төселіп, тәжірибе жинақтауым көмегін тигізуде. Жыл басынан бері көптеген жоба мен шара ұйымдастырылып, нәтиже берді. Жастар шығармашылығын дамыту мақсатында «Жайдарман» ойындары, «Сыр дарыны» шығармашылық байқауы өткізіліп келеді. Ол арқылы көптеген жастың үлкен сахнада өнер көрсетуіне жол ашылды. Сондай-ақ қыркүйек айында ауқымды жобаның бірі – «Менің отбасым» байқауы ұйымдастырылды. Бұл жарыс «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында телевизиялық бағытта өтті.  Оған әр салада жетістікке жеткен қоғам белсенділері қатысып, жоғары деңгейде өтуіне үлес қосты. Жастар арасындағы негізгі мәселе білім саласына қатысты. Екінші кезекте – жұмыс, үшінші – баспанамен қамту мәселесі. Облыста қазір миграцияның үлесі жоғары, бізге сырттан келетін жастар аз. Демек біз аймақ жастарының  қалада білім алуына жағдай жасап, ел ішінде алып қалуымыз керек. Бұл бір мәселе, себебі жастардың сыртқа кетуі алаңдатады. Бізде сапалы білім бар, ал жұмыссыздық мәселесі барлық өңірде кездеседі. Бұл ретте жұмыссыздықпен күресудің бір ғана жолы ‒ жаппай кәсіпкерлікпен айналысу. Бізде бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар жеткілікті. Міндетіміз де – сол бағдарламалар бойынша әдістемелік көмек көрсетіп, бағыт беру. Қуантатыны, былтырғы жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік саласында жастардың үлесі артып келе жатыр. Өйткені қазір жастардың кәсіппен айналысуға ынтасы жоғары және ғаламтор, түрлі әлеуметтік желілерде бастауыш кәсіпкерге қажет ақпарат жеткілікті. Бұл ақпараттарға қарап  олар облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау ҰП облыстық филиалы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан түрлі мүмкіндіктер, гранттар қарастырылғанын біле алады. «Kyzylorda Business Hub» облыстық стартап жобалар байқауында да жастар идеясын игілікке айналдыра алады. Қазір еңбек нарығында ең жоғары сұранысқа ие мамандықтар осыдан он жыл бұрын мүлде болған жоқ. Бұл дегеніңіз – заман ағымына бейімделу  керек деген сөз. Мемлекеттік бағдарламадан қаржы ұту бір бөлек, оны тиімді пайдалану басқа дүние. Сондықтан жастардың қаржылық, құқықтық сауатты болуына да көмектесудеміз.

‒ Жастарды қандай дүниелер қызықтырады? Біз жастардың сұранысын өтей аламыз ба?

‒ Жастардың талабы жоғары. Олар тіл үйрену, жаңаны меңгеру арқылы болашаққа батыл қадамдар жасауда. Келешектің кәсібі – ІТ-де өзін қалыптастырғысы келетіндер көп және сол үшін еңбектеніп келеді. Біз осы жас өскіндердің қалыптасуына көмектесуіміз, жағдай жасауымыз қажет.

– «Жастар ауылдан қашады». Осындай пікір бар қоғамда. Келісесіз бе? Жалпы, қазір аудан, ауыл жастарымен жұмыс қандай деңгейде?

– Жоқ деуге жүрек дауаламайды. Себебі ауыл – біздің түп қазығымыз, алтын бесігіміз. Өзім де қызметке келгелі Арал мен Жаңақорған жастарының арасында жүрмін. Орталық тарапынан атқарылған жұмыстарда аудан, ауыл жастары ұмыт қалған емес. Облысқа қарасты 7 аудан болса, әр ауданда ресурстық орталықтар бар және ауылдық округтерде жастармен жұмыс істейтін арнайы маман­дар бекітіл­ген. Осы орай­да ең бірінші жастар мәселесіне аса назар аударып отырған аудан әкімдеріне алғыс айтқым келеді. Қазір қала мен ауылдағы жастар потенциалы бірдей. Аудандарда да мүмкіндік көп. Бұл ‒ жолға қойылған жүйе. Мысалы, жақында ғана жалағаштық Айсана Қанатқызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан қаржылай грант сертификат алды. Мұның өзі ауыл жастарының заман талабына сай жұмыс істеп келе жатқандығының көрінісі. Орайы келгенде айта кетейін, орталыққа келгендегі бір мақсатым – мүмкіндігі шектеулі жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Жаңа жылда осы бағыттағы «Кедергісіз келешек» жобасын жүйелеп, аудан, ауылдарды да аралау, осы бастаманы жолға қою жоспарда.

– Жастардың ортасындасыз. Айтыңызшы, сізді олардың қандай қасиеті ерекше қуантады? Қандай болмысына көңіліңіз толмайды?

– Сырт көзбен баға бере алмаймын. Себебі өзім 25-темін. Бізге аға буын өкілдері сын айтып, кеңес беріп жатса, оның орны бір бөлек. Сондықтан тек ішкі ахуалға тоқталып өтсем. Менің ойымша, қазір жастар, біздер үшін мүмкіндіктер кезеңі. Жастар білімге, ғылымға, бәсекелесіп дамуға құштар және қабілетті. Оны тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай жеткен жетістіктерге қарап айтуға болады. Бізге келетін жастардан да осыны байқаймыз. Осы жерде мынаны айтқым келеді, орталық тек көшбасшылармен ғана жұмыс істемейді. Мұнда әлеуметтік осал топтар, мүмкіндігі шектеулі жастар бар. Олардың әрқайсысының дамуына, қабілетін одан әрі шыңдауына, мотивация беруге басымдық береміз.

– Жұмыспен қамту – күйіп тұрған мәселе. Бұл проблеманы шешуге орталық қалай ықпал етеді?

– Жұмыссыз жастар мәселесі әрдайым назарда. Түйінді мәселені тарқатуда бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің көмегі көп. Мақсаты – қабілетті мамандарды тарту, жастардың екі қолға бір күрек табуына септесу. Қолдағы мәлімет бойынша 2000-нан аса ұсынылған бос жұмыс орындарына 150 тұрғынның өтінімі қабылданып, келесі кезеңге өткен. Жұмыс беруші мекемелер тарапынан жарияланған бос жұмыс орындарының 1965 жұмысшы ретінде болса, 39 арнайы мамандыққа сұраныс тағайындалып отыр.

– Ал NEET санатындағы жастар үшін қандай жобалар қолға алынды?

– Өздеріңізге белгілі, аймақ басшысы Гүлшара Наушақызы облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кеңейтілген кезекті отырысын өткізіп, қараша айын «NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау айы» ретінде белгіледі. Аталған санаттағы жастарды анықтау жұмыстары 2 кезең бойынша жүзеге асырылды. Алдымен облыс орталығынан барған мамандар аудан әкімдігіне барып, салааралық байланысты нығайтса, келесі қадамдары әрбір үйді аралап, адрестік жұмыстардың нәтижесінде сауалнама толықтырды. Екінші кезеңде сауалнама бойынша орталық мамандары зерделеу жұмыстарын жүргізіп, NEET санатындағы жастардың көрсеткішін анықтады. Ендігі кезекте аталған жастармен жеке-жеке кездесулер ұйымдастырып, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікке баулу, шығармашылық қабілеттерін арттыру бағыттары бойынша жұмысты жалғастырамыз. ТМД мемлекеттерінің арасында Қазақстан бірінші рет NEET санатындағы жастармен жұмыс жасаудың әдістемесін әзірледі. Бұл нұсқаулық бізге де келеді. Сол бойынша қала, аудан, ауылдағы мамандарды оқытамыз. Бұл ретте NEET санатындағы жастардың санын анықтау үлкен жұмыс болды деп айта аламыз.

– Жастардың экологиялық сауатын арттыруда кемшін қалып отырған жоқпыз ба? Жалпы, қоршаған ортаны қалпына келтіруге жастар қандай үлес қосуда?

–Табиғатты аялау мен құрметтеу – халқымыздың қанында бар қасиет. Ата-бабаларымыз жас ұрпақты «Бұлақ көрсең, көзін аш», «Көк шыбықты сындырма», «Өзенді ластама» деп өсірген. Алдыңғы буын үлкендеріміз бізді үнемі осылай тазалыққа тәрбиеледі. Енді осы жақсы дәстүр сабақтастығын үзіп алмай, біз де әрі қарай жалғауымыз қажет. Бұл мақсатқа жастар бірауыздан жұмылған. Оған дәлел Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Бірге таза Қазақстан» эко-акциясы аясында орталық ғимараты жанынан «Жастар аллеясының» бой көтеруі. Мұнда 400-ге жуық көшет отырғызылды. Сонымен қатар «Таза қала» эко-акциясына қолдау білдіру мақсатында көпшілік орындарға, аллеялар мен саябақтарға, мемлекет қарауындағы ескерткіштер мен зираттарға сенбілік жұмыстары жүргізіліп, 10 мыңнан астам көшет отырғызылды. Алдағы уақытта экоеріктілер жұмысы қолға алынып, кеңінен насихатталатын болады.

– Қазір жастардың басым бөлігі психолог көмегіне, ақылы түрде жүргізілетін тренингтерге жүгінеді. Мұның себебі неде?

– Бұрынғы кезде де психологиялық көмекке мұқтаж жастар болған. Бірақ қазір олардың саны артты. Өйткені ақпараттың көптігі соншалық жастар бағыт-бағдарын жоғалтып алуда. Идеология бойынша да бағыт әртүрлі. Ата-аналар қызметте жүрген кезде жастар смартфонға үңілуде. Үйдегі жылулықты көрмеген жас оны сырттан іздейді. Әрі бұл мәселеге пандемия да едәуір әсер етті. Негізі психологиялық көмекке кез келген адам жүгіне алады. Бұл – әлемдік тенденция. Біздің орталықта да арнайы психолог маман жұмыс істейді. Жыл басынан бері анонимді түрде орталыққа 600-ден аса жас психолог көмегіне жүгінген.

– Көп жағдайда жастардың жетістігін тіл меңгерумен байланыстырады. Өз тәжірибеңізден тіл үйренудің тиімді тәсілдерін айта отырсаңыз…

– Әзірге қазақ және орыс тілдерін жетік білемін. Ал ағылшын тілін меңгерудемін. Тіл үйрену үшін бірінші кезекте тәжірибе қажет. Үнемі жаңа тілде бір нәрсені оқу, танысу мүмкіндіктерді арттырады. Екіншіден, тіл үйренушіге орта қажет. Бала күнімде орыс тілін кино көру арқылы үйрендім. Сондықтан тіл үйренуде фильм қарау, музыка тыңдау жақсы көмектеседі. Ана тілін білу – міндет. Ал өзге тілдерді меңгеру – қажеттілік. «Көп тіл білген ұтады» деп бекер айтылмаған. Орталықта тіл үйрену мәселесі де жолға қойылған. Осыған дейін әлеуметтік осал топтарға арналған курс екі кезең бойынша өткізілді. Алты ай уақыт ішінде 100-ге жуық жас ағылшын тілін үйренді.

– Әрбір жастың жақсы тұлға болып қалыптасуы ‒ қоғам жетістігі. Сондықтан жастарға пайдалы болсын деген ниетпен бірнеше лайфкахпен бөлісіңізші…

– Біріншіден, жастар Абайдың қара сөзін толығымен оқу керек. Бастапқыда түпкі мағынасын түсінбеуі мүмкін. Бірақ дана Абайдың әр сөзі адамды қамшылайды. Әр адам өз кемшілігін танып, өзін қайрай білсе, ең үлкен мотивация осы. Адам бойында жалқаулық, ашкөздік, ұйқышылдық, даңғазалық сынды жеті қасиет болады. Соны жеңсе, үлкен жетістікке жетеді. Жастар әр қателіктен сабақ алу керек. Кейде жетістікке жеткен адамды мінсіз деп есептейміз. Бірақ жетістіктің артында түрлі қиындық пен қажырлы еңбек тұрады. Сондай-ақ жастарда мінез болу керек. Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа еңбек ету білімнен емес, мінезден» деген  сөзі бар. Адам баласы ешкімнен ешнәрсе күтпеу керек. Адамды алға сүйрейтін – өзі.

– Жаңа Абайдың қара сөздерін үлгі еттіңіз, ал қазір қандай авторларды оқып жүрсіз?

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аударылған 100 кітаптың бірі «Иудаизм, христиандық пен  исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны» атты кітапты оқып жатырмын. Құдай ‒ әр адамның өз ішінде. Барлық адамда Жаратушыға деген сенім бар. Бұл кітап дін тарихындағы кезеңдерді қамти отырып, объективті түрде жазылған. Екінші оқыған кітабым «Қала үшін күрес». Мұнда Нью-Йорк қаласының қалыптасу тарихы жазылған. Жергілікті авторлардан Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов жазған «Жанымдағы жазбалар» кітабы маған ерекше әсер қалдырды.

– Соңғы сауалдың кезегі келді. Алға жоспарларыңыз қандай?

– Қазір «Сыр жастары» порталы құрылуда. Облыстық сайтта барлық бос жұмыс орындарының тізімі, мемлекеттік бағдарламалар, әдістемелік нұсқаулар, үйірмелер туралы жаңалықтар орналасады. Облысты түгел қамтыған соң жастардың байланыс нөмерлері де жазылатын болады. Ең бастысы, call орталығы іске қосылады. Сонда аудандағы жастар да кез келген уақытта хабарласып, мәселені бізбен бірлесе шеше алады. Қазір сайт тәжірибе ретінде жұмыс істеп тұр. Қаңтар айынан бастап толыққанды жұмыс істейді.

Сондай-ақ жаңа жылда «Invest orda» стартап жобасын қолға алмақпыз. Алдымен барлық ауылды аралап, жастардың жобаларымен танысамыз. Содан соң жастар аудандық кезеңде бәсекелеседі, бәрі қорытындыланған соң облыстық кезең ұйымдастырылады. Бұл жерде ауыл, аудан, қала жастары ортақ тәжірибе алмасады. Бұл біздің потенциалымызды арттырады деген ойдамыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан:

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ