» » Құдайы қонақ – кетпесін жырақ

Құдайы қонақ – кетпесін жырақ

Қазақ – қашаннан қонақжай халық. Өзіне тән осындай ерекшеліктерімен тарих сахнасында танылған қазақ халқы қонақтың үш түрін қабылдаған. Олар: арнайы қонақ, қыдырма қонақ және құдайы қонақ. Осылардың ішінде соңғысының орны бөлек. Құдайы қонақ –күтпеген жерден келіп түсетін қонақ. Бұл қонақ шаңыраққа өзімен бірге берекесі мен құт-мерекесін ала келеді деп сенген. Сондықтан ерекше ілтипат көрсетіліп, жолаушының көңілінің тоқ болуына барынша жағдай жасаған.
Қонақтың орны – үйдің төрі. Қонақтар үйге сәлем беріп (шаңыраққа сәлем беріп) кіргеннен кейін қамшысы мен сырт киімін кереге басына іліп, аяқ киімін оң жақ босағаға шешіп, төрдегі жаюлы тұрған сырмақ үстіндегі көрпеге барып отыруға тиіс. Өзін таныстыруға асықпайды, үй ішіндегілер де оның аты-жөнін тергеп сұрамауға тиісті. Өйткені олай ету жөнсіздік болып саналады. Келген қонақ аты-жөнін айтқанымен, бұйымтайын айтқысы келмесе, оны ешкім де жазғырмауға міндетті. Осы қонақтың үстіне сырттан тағы да қонақтар келіп қалса, жасы кішісі жасы үлкенге ығысып орын береді. Қонақ шөлдеп келсе, оған ең әуелі қымыз ұсынылады, сосын шай, ас беріледі. Бойжеткендер шыны аяқты сылдыратпай, әдептілікпен шай құйып береді, қонақтардың әңгімесіне араласпайды, оларға тіктеп қарамайды, орынсыз ыржалақтап күлмейді. Мұның бәрі ежелгі заманнан бері қонақ күту кезінде бұлжытпай орындалатын үрдістер.
Аңызға сүйенсек, Алаша хан ұлдарына ұланғайыр жерді мирасқа қалдырып, сол кең байтақ аумақта бір-біріне еркін қатынасып тұру үшін балаларына кез келген ұзақ жолдан түскен қонақты ерекше құрметпен қарсы алып, жолға шығарып салуды өсиет еткен. Тіпті үш ұлына берген еншіден бөлек төртіншісіне, конақ еншісін де белгілеген деседі. Оны "Алаштың бөлінбеген еншісі" деп те атайды, яғни, иісі қазаққа ортақ несібе. Содан бері қазақ түсінігі бойынша әрбір жолаушы адам – «құдайы қонақ». Оны дәм-тұзымен қарсы алып, ақ төсек салып қондырып, жол мұқтажын беру әр қазаққа міндет саналған. Тіпті құдайы қонаққа қонақасы берілмесе, сол елдің биіне барып, арыз айтып, кінәлілерден "ат-тон" айып алатын тәртіп болған.
Жолаушылап келе жатқан қонақтың келуінде де ерекшелік бар. Алдымен, құдайы қонақ мейман болып түсетін үйіне атпен шауып келмеген. Мұндай жүріс – жаман хабардың белгісі. Сондықтан жолаушы ауыл шетіне келіп, атынан түсіп, сырттан үн қатқан. «Үйде кім бар? Құдайы қонақпын!» деп дауыс бергеннен кейін үй иесі құрметті мейманын күтіп алып, төрге шығарған. Арнайы қонақасын беріп, мейманын риза қылуға тырысады. Мұның мәні «Қонақты Құдай жіберді, онымен бірге құт келеді, қырықтың бірі – Қыдыр» деген ұғымға саяды. Құтты қонақ келгенде үй иесі оны алдымен кіргізіп, өзі есікті жабады. Мұнда қонақпен келген құтты ұстап қалу ниеті бар. Ал шығарда есікті мейман ашатын болған. Егер есікті үй иесі ашса, қонағын қуғанмен бірдей болады. «Қонақты қусаң құт қашады» деу содан.
Біздің дана халқымыз да үйге келген қонақты жақтырмау немесе қуып шығу сияқты жағдайлар мүлде кездеспегенін ескерейік. Бүгін ше? Шаңырақ иесіне келген, болмаса отағасының өзі арнайылап әкелген қонаққа шекесінен қарап, "мынауың кімге?" салып отыратын жеңгелеріміз көп. Алдына асты жарытпай қойғаны былай тұрсын, көкелеріміз жұбайларын "сыйлағаннан" болар, қонаққа "мейманымыз болып, түнеп кет" деп айтпағанды жөн санайды. Әлі күнге дейін қазақ түсінігінде біреуді шаңырағына шақырып, қонақ қылу – оған деген сыйластығының айқын көрінісі. Бірақ көпшілігіміз қандай да бір себептермен бұл қазаққа тән ерекшеліктерді ескермейміз. Бұл шаңырағыңды биіктете түсетін құтты бағаламау деген сөз. Адамгершіліктің туын желбіреткен қасиетті халықтың ұрпағы бола тұра, дәрменсіздік танытып жүрсек, мұнымыз салт-дәстүрге жасаған қиянатымыздың нағыз өзі болса керек. Олай болса, қонағыңызбен келген құтты қашырып алмаңыз, замандас.
Аян Оңдасынов
№11 мектеп-лицей
22 ақпан 2018 ж. 126 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 27 (252)

05 шілде 2018 ж.

№ 20 (245)

17 мамыр 2018 ж.

№ 19 (244)

11 мамыр 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031