Мэтр

 
Айдынды Арал жұрты ерекше қуанышқа бөленген күні даңқты жерлесіміз Ә.Нұрпейісовтің көркем сөзбен жасаған әдебиеттегі әлеміне қайта бір көз жүгіртіп өттік...
«– Бетім-ай!... Масқара-ай!...
Тырыли арық Қарақатын жер­қазбаға танаурап сөйлей кірді».
Атақты «Қан мен тер» романы осылай басталмаушы ма еді? Осы бір ауыз сөзден кейін үлкен әлемге – кемеңгер суреткер Әбдіжәміл Нұрпейісовтің кең әлеміне бойлап еніп кеткен едік.
Романның осылай басталуы­ның өзі сол кезде бізге ерекше көрінетін. Әдетте көлемді шы­ғармалар бірнеше беттік табиғатты суреттеуден басталатын. Ал мына шығармада бірінші сөйлемнен-ақ Арал балықшыларының ХХ ғасыр басындағы қым-қуыт та қиын өмі­­ріне еніп, жаңа бір дүниені таны­ғандай болғанбыз.
Әдебиет әлеміне жаңалық боп келген «Қан мен тер» романы тек Арал балықшыларының ға­на өмірін емес, бүкіл қазақ хал­қының, тіпті барша адамзаттың сол дәуірдегі ойы, өмір сүру салты, дүниетанымын танытқандай өз­геше кітап болатын. Жазушы бұл көлемді эпопеясын жазуға өмі­рінің он жеті жылын арнаған екен.
Өз естеліктерінде мынандай бір оқиғаны әңгімелейді. Сонау 50-жылдары ол кезде кемерінен асып жатқан теңіздің батыс беткейіндегі балықшы ауылдан аудан орталығы Аралға арбамен бірнеше күн жүріп келе жатып жас жігіт балықшы ауылдың орындарын көріп, осы өлкеде қаншама ұрпақ жасағанын, өмір сүргенін, қан төгіп қорғағанын, терін төгіп еңбек еткенін ойлап келе жатып, санасында «Қан мен тер» деген тіркес оралады. Сол бір ауыз сөз кейін жазушы қиялынан өрбіп, жылдар бойғы қағаз бен қаламға шұқшиып, өзіне етене таныс балықшылар өмірін жазудан осы әлемге танылған эпопея дүниеге келген болатын.
Әбді­жәміл Нұрпейісов – қазақ жерінің бір пұшпағы Арал атын күллі жер жаһан тарабына таныстырған қаламгер.
Өзінің әдебиетке келуі туралы әңгімесінде жазушы былай дейді: «Әдебиеттің жолы мен үшін сәтті жол болды. Бәрі алақанына салды, баладай әлдиледі. Әдебиетті жастайымнан жақсы көріп өстім. Алғашқыда қолыма түскен кез келген кітапты оқыдым. Тасқа басылғанның бәрін іздеп, тауып оқып шықтым. Ең қатты әсер еткен кітап С.Мұқановтың «Жұмбақ жалауы» еді. Есімде қалғаны: «Мына жазушы әр кейіпкерімен бірге жүріп жаза ма екен?» деп ойлағаным. Оныншы сыныпта «Балуан Шолақ» повесін оқыдым. «Социалистік Қазақстанға» шық­қан С.Мұқановтың оқыр­ман­дарына жазған жауа­бы көп сабақ болып, көзімді ашты. Жазудың қиын­ды­ғын ерте түсіндім. Соғыстан кейін оқушы дәптеріне он екі бет етіп «Курляндия» деген роман жаздым.
Міне, осы романның алғашқы нұсқасын жазып әкелгенде белгілі жазушы Сәбит Мұқанов күллі қазақтың зиялы қауымына:
– Нұрпейісов әскерден келді, роман жазып жатыр, талантты, менің қазақ әдебиетімде жиырма жыл күткен адамым енді келді, – деп жар салды.
Талантты таланттыны ғана танитыны шындық. Осылайша «әу» дегеннен қазақ әдебиетінің ірі тұлғалары М.Әуезовтің, Ғ.Мұс­та­финнің назарына ілігіп, аты барша жұртқа бірден белгілі болды.
Ел Президентінің қаулысымен көркем сөздің мэтріне «Қазақстан­ның Еңбек Ері» ата­ғының берілуі жерлестерінің абыройын асқақ­татты. Шынымен де, Әбеңнің еңбекқорлығы ға­ламат. Сөз өне­рінде, біздің әде­биетте мұн­дай дара құбылыс бол­ған емес. Соның арқасында Ә.Нұр­пейі­сов тек қазақ әдебиетінде ғана емес, әлем әдебиетіндегі жар­қын жұлдызға айналды. Десе дегендей, атақ-абы­ройдың, өлшеу­сіз еңбектің бақ жұлдызы өр жазу­шының кеудесіне алтын жұлдыз боп тағылды. Бұл баршамыз үшін айтулы күн.
Ерғали АБДУЛЛА,
Халықаралық Жазушылар одағының және Қазақстан 
Журналистер одағының мүшесі
02 қараша 2019 ж. 115 0

PDF нұсқалар мұрағаты

45-322

07 қараша 2019 ж.

44-321

31 қазан 2019 ж.

43-320

24 қазан 2019 ж.

Хабарландыру

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930