» » “Апа, жейтін бірдеңе тауып қайт, әйтпесе өзіңді сойып жейміз...”

“Апа, жейтін бірдеңе тауып қайт, әйтпесе өзіңді сойып жейміз...”

 Қалаға жақын жерде, Талас өзенінің оң жақ бетінде Свердлов атындағы қазақ колхозы, онымен араласып жатқан «Красная заря» деген орыс колхозы бар-тын. Мені сол жақтарға уәкіл етіп жіберді.
Қазақ колхозындағы халықта азық жоқ. Алды аштан өле бастаған. Сол қыста осы колхоздағы көзіммен көрген жантүршігерлік бірнеше уақиғаны айтып берейін.
Бір күні егіс басынан келе жатқанда ауылсовет төрағасы кездесті.
«Анау шеткі ауылда тағы біреу адам етін жеді деген хабар естіп, соған бара жатырмын. Бірге барып анығын біліп қайталық», – деді.
Шеткеріректегі үйлердің көбі қараң қалған, тірі жан, не мал жоқ. Шеткерірек бір үйге барып аттан түстік. Үй іші моладай ызғарлы екен. Үйдің оң жақ жанына таман көрпе сияқтанған бірдеңеге оранып, жасы отыздар шамасындағы бір жігіт жалғыз жатыр. Әлсіреп әрең жауап берді.
Ауылсовет әлгі жігіттен: «біз бір хабар естіп келіп отырмыз, сендерді адам сойды дейді, рас па?» дегенде, ана жігіт азар да безер болды.
Ауылсовет: «Әй, пәленше!», – деп жігіттің атын атады. – Өзіңнің жатқан түрің мынау, Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырып қайтесің, шыныңды айт.
«Тоқтық не дегізбейді, аштық не жегізбейді?», бұл аштық жалғыз сенің ғана басыңда емес, елдің бәріне келген апат қой» дегенде ғана ана жігіт біраз күмілжіп барып: «Сондай бір іс болды, отағасы, қайтейін, амалым қалмады», – деді жыламсырап.
Болған уақиғаны жігіт деміге сөйлеп айтып берді. Бұл жігіттің ертеде басқа жаққа ұзатылған апасы аштықтан қаңғып төркініне келеді. Төркін дегенде, басқалары өліп, осы інісі қалады. Бірте-бірте үйдегі азық таусылады.
Сөйтіп отырғандарында қаладан бір баукеспе ұры ағайындары келіп қонады. Жейтін дәнеңе жоқ бәрі де аш жатады.
Ертеңгісін апасы ауыл жанындағы «Красная заря» колхозының картоп еккен орнында қалған-құтқан түйнек болса теріп келейін деп жиналып жатқанда інісі:
«Апа, неде болса жейтін бірдеңе тауып қайт, әйтпесе өзіңді сойып жейміз», – дейді.
Апасы түске таман бос қайтады. «Қарағым-ай, жұрт түк қоймаған екен, ештеңе де таба алмадым», дейді.
Інісі: «Ендеше, апа, өзіңді соямыз», – дейді.
«Қарағым, сен аман қалсаң болғаны, сенің жолыңа мен құрбан», – деп кеңірдегін оттың басына қарай соза бергенде, сол жерде пышағын жанып отырған ұры әйелді тамағынан пышақпен тартып жібереді. Сонсоң әйелдің сан етін кесіп алып, үй иесі екеуі асып жейді.
«Қалған еті қайда?» дегенімізде жігіт: «Ұры қорада құлаған жабындының астына тастадым», – деген деді. Қораға шығып, жабындының астын ашып қарағанымызда, екі сан еті кесілген орта жастардағы бір әйелдің денесі жатқанын көрдік. Сонсоң ауылсовет адам жинап, әйелдің денесін көмдірді…
Осы күні демографтар сонда қанша адам қырылғанының санына жете алмай жүр ғой, жету қиын да. «Ақтабан шұбырынды» дейміз. «Хиросима, Нагасаки» дейміз, бұл екеуі де жаугершіліктің зардабы ғой. Ал мына қырғында адамдар көмусіз қалды. Тек Қазақстанда ғана емес, ашаршылық Украина, Еділ, Кубань жақтарында да болды, бірақ олар тап біздегідей шектен асқан жоқ .

Сағат Жүсіптің "Ашаршылық ақиқаты" кітабынан үзінді.
23 мамыр 2020 ж. 1 002 0

PDF нұсқалар мұрағаты

19-348

14 мамыр 2020 ж.

18-347

07 мамыр 2020 ж.

17-346

01 мамыр 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031