» » АУЫЛДА ШАҒЫН КӘСІП АЯСЫ АРТТЫ

АУЫЛДА ШАҒЫН КӘСІП АЯСЫ АРТТЫ

Елімізде шағын және орта бизнестің дамуына жасалған жүйелі қолдаудың   нәтижелері көңіл қуантады. Саланы дамытуға бағытталған көптеген жобалар іске қосылды. Әдепкіде бизнес тек үлкен орталықтарға тән игілік деп түсінсек, қазір қолдаудың арқасында ауылда да кәсіп аясын кеңейтіп отырғандарды көріп жүрміз.
  Өткен аптада Шиелі ауданына ұйымдастырылған баспасөз турында БАҚ өкілдері  ауылдардағы бизнес бастамалармен танысты. 
 Несібеге айналған несие
Жалпы қалаға қарағанда ауылдық жерде іс бастау қиын. Бірақ мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде бұл мәселенің де түйіні шешілді. Демеуді сезінген шалғайдағы елді мекендегілер де бүгінде шағын кәсіпті шалқытып отыр.  Солардың бірі – Гүлнәр Ошақбай.
Жоғары білімді Гүлнәрді бизнеске жетелеп алып келген кәдімгі жұмыссыздық екен. Бәйгеқұм ауылына келін болып түскен оған мамандығына сай жұмыс табыла қоймапты. «Жұмыспен қамту орталығына» тіркелгеннен кейін «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша курстан өтті. Қысқаша курс кәдеге жараған Гүлнәр 3 миллион теңге несие алып, 18 бас ірі қара сатып алды. Енді жас кәсіпкер жергілікті ақбас сиырлар санын көбейтем деген талап үстінде. 
Ақырғы амал – шаштараз ашу
Шаштараз тарихының қай дәуірден басталғанын ешкім білмейді. Анығы – бұл мамандық барлық уақытта болған және бола бермек, себебі шаш адам сұлулығын анықтайтын сыртқы бейненің негізгі элементі. Осыны негізге алған Мұрат Еділбаев туған ауылы Байсыннан шаштараз салонын ашты.
Өзі осы кәсіпті жақсы меңгерген жігіт. Алты жыл бойы аудан орталығында шаштараз болып қызмет еткен жас мемлекеттік бағдарлама мүмкіндігімен кәсіп бастады. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша өткен жылы 2 айлық курстан өтіп, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-нан 1 миллион теңге несие алған. Қазір күніне 4-5 адамға қызмет көрсетеді, несиесін ай сайын мезгілінде жауып тұр.   
  Баспасөз туры аясында Жуантөбе ауылында салынып жатқан спорттық сауықтыру кешеніне аялдадық. Ауыл кәсіпкерінің қолдауымен кеңейтіліп жатқан нысан соңғы уақыттары ауданда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйелі жүзеге аса бастағанының дәлелі. Бүгінде қазақша күрес, футбол, волейбол, бокс залдары бар кешенде 300-ге жуық оқушы жаттығады.
Бестам ауылында да бұрын-соңды спорт кешені болмаған. Таэквондо, тоғызқұмалақ, волейболдан талай жарыстан жүлделі оралып жүрген ауыл спортшылары мектептің спорт залында дайындалатын. Болашақ чемпиондардың осы мұқтаждығын ескерген жергілікті кәсіпкер Баймұханбет Қозыбаев жаңа кешен құрылысын қолға алыпты.  Іскер жігіттің жоспары бойынша кешен мамыр айында алғашқы оқушыларын қабылдайды.
Сапар аясында журналистер Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің «Рухани жаңғыру» орталығы жұмысымен танысты. Орталықтағы бұрыннан бар спорт үйірмелері қатарына енді заманауи дыбыс жазу студиясы, фитнес зал қосылыпты. Адам аяғы үзілмейді, ойын да, бойын да сергітетін жастар қатары қалың екен.   
Кәсіпкер болу әр адамның маңдайына жазыла бермесі анық. Бірақ мемлекеттің қолдауы өз мүмкіндігіне сене білгендер үшін сәттілікке апарар баспалдақ секілді. Осы сапар бұған көзімізді анық жеткізе түсті.
Ерхан АҚЫН
02 наурыз 2018 ж. 515 0

PDF нұсқалар мұрағаты

29-306

18 шілде 2019 ж.

28-305

11 шілде 2019 ж.

27-304

04 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031