» » Ашаршылықтың ащы сабақтары

Ашаршылықтың ащы сабақтары

  Бүгін – Ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Елбасы жарлығымен 1997 жылдан бастап аталып келе жатқан қазақ күнтізбесіндегі осы күннің, яғни 31 мамырдың, салмағы ауыр, жүгі зіл-батпан. Сол бір зұлмат жылдар жазылған жайларды парақтасаңыз, шынында да, «ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» (Абай) екенін анық сезінесіз.
 Рас, бүгінгідей, кешегімен салыстырмалы түрде алғанда, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда, аста-төк ысырапшылдық пен нанның қиқымы, ас қалдығы канализация бойымен ағып, қоқыс жәшіктерінде қалай болса солай шашылып жатқан, тоқшылықтан кекірік атып жүргеніміз сонша, тіпті қарнымыз ашып қалады-ау деп бір сәт ойламайтын да заманда ашаршылық туралы айту қиын. Жас балалар тұрмақ, ересек адамның өзі ертегідей қабылдайды оны. Астың обалы, ысырапшылдық туралы айта бастасаңыз, сіз кешегіні қазбалауды қоймайтын, өткенді айтуды жақсы көретін, алдағы күнге көзқарасы тұманды, керітартпа адам болып көрінуіңіз ғажап емес. Әрі-беріден соң өзін ақылды етіп көрсетіп тұрған адамға да ұқсап кетесіз бе қалай? Әйтеуір бүгінгі адамдардың көзқарасы солай. Білмейді деп айта алмаймыз, «көп білгендіктен» пікірлер кереғарлығы туындап жататындай көрінеді.
Иә, ашаршылық деген не өзі? Ашаршылық – саяси-әлеуметтік апат. Оның ашық және жабық түрі бар екен. Бірі – тіске басар, талғажау етер түк жоқ, үнемсіз қалу да, бірі – үнемі аш құрсақ жүру, Екеуі де ауруға ұшыратады, індеттің ақыры өлімге әкеледі. Бұл жеке адамның не отбасының ашығуы емес, бүтін бір аймақтың, халықтың, мемлекеттің басына түскен нәубет. Оның соңы халықтың жаппай қырылуына, санының күрт төмендеуіне алып келеді. Жалпы адамзат баласы өзінің ұзақ жылдарғы даму тарихында қуаңшылықтан, жұттан, соғыстан, әдейі жасалған дағдарыстар пен күйзелістерден, саяси геноцидтен жиі ашаршылыққа ұшыраған. Қытай, Үндістан, Ресей, Африка елдеріндегі апатты аштық тарихтан белгілі. Жер бетіндегі адамзат баласының демографиялық дүмпуінен соң ХХІ ғасырда экономикасы, ауылшаруашылығы артта қалған елдерде ашаршылық болуы мүмкін деген болжам бар.
«Мал – бір жұттық» деген сөз иесі Қазақ халқының жадынан өшпейтін 1921-22, 1930-33 жылдардағы ашаршылық алапаты адам айтса нанғысыз нәубет болды. Тарихшылардың жазуынша, 1921-22 жылдардағы ашаршылықтың екі себебі болды: Қазан төңкерісі болып келген совет «қамқорлығы» қазақты қайнап жатқан қазанынан айырды. Ресейдегі азамат соғысы қазақ даласындағы шаруашылықты күйзеліске ұшыратпай қоймады. 1918-21 жылдарда азық-түлікті қызыл армияға жөнелту үшін құрылған әскери жасақтар шаш ал десе бас алып, байдың соңғы тұяғын барымталап, ыңыршығы шыққан қара сирақ кедейдің талғажау етер соңғы нанын тартып алды. «Жұт – жеті ағайынды» емес пе?! Осы жылдардағы қолайсыз ауа-райы да табиғи апат болып анталады. Профессор С.Швецовтің мәліметтері бойынша 1921 жылғы ашаршылықта қазақ халқының саны 30 пайызға азайған. Кейбір елді-мекендердің халқы түгелдей қырылып қалғаны сонша аштықтан көзі қарауытып құлаған адамдардың сүйектері жолдың бойында шашылып жатқан. Санақ мәліметтері бойынша 1920-21 жылдары Батыс Қазақстандағы шаруашылық 23,8 пайызға, Ақтөбе, Торғай аймақтарында шаруашылықтың үштен бірі жойылып кеткен. Осы жылдары батысқазақстандықтар 31,4 пайызға кеміді. Санақ мәліметтерінің толық болмауынан осы күнге дейін 1921 ашаршылық жылдарында қанша қазақтың қырылып қалғанын нақтылай алмадық.

Ел басына күн туған екінші нәубет 1930-33 жылдар еді. Қазақстанда жүргізілген стандиндік-голощекиндік реформа – жекеменшікті тәркілеу мен жою, ет, астық т.б. ауылшарушылығы өнімдерінің бас көтертпеген салығы, халықты жаппай және күшпен отырықшыландыру зобалаңы – осы жылдардың қасіретті баяны. 1926, 1937, 1939 жылдардағы санақ мәліметтеріндегі олқылықтар тағы да адам саны мен шаруашылық шығынын дәл есептеуге кедергі болды. Сондықтан бұл туралы пікірлер де әр алуан. Қазақ АКСР халық шаруашылығы есептеу басқармасының әртүрлі жанама есеп-статистикалық деректеріне сүйенсек, 1937 жылғы халық санағының алғашқы ресми дерегі бойынша 1930 жылдың 1 маусымынан 1933 жылдың 1 маусымы аралығында ауыл халқының саны 3 миллионнан аса адамға кеміген. 1992 жылы осы мәселені арнайы зерттеген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының комиссиясы қорытындысында былай деп жазды: «Қазақ елі аштықтан және соған байланысты індеттерден, сондай-ақ табиғи өлім деңгейінің үнемі жоғары болуынан 2 миллион 200 мың адамнан, яғни барлық Қазақ халқының 48 пайызынан айырылды».
1932 жылдардағы ашаршылық нәубетінен соң Қазақстанда қазақ халқының үштен бірі ғана қалды. Негізінен жас балалар мен әйелдер қырылғандықтан оның демографиялық зардабы өте ауыр болды. Бұл қазақ халқының сан жағынан өсуін мейлінше тежеді. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп біртұтас ұлтты жоюды ұрандатқан, ашаршылықтың – асыра сілтеушіліктің шын саяси мәні қанша бүркемелегенмен «қызыл қырғын», «голощикендік геноцид» деген тарихи атауға ие болды. Голощекиндік геноцидтің Қазақ халқына алып келген шығыны әлем тарихында гитлершілердің Еуропадағы еврейлерге жасаған зұлматымен пара пар болды. Қазақ халқының басына туған бұл ашаршылық ортағасырлық кезеңді аңсап, арманындағы аграрлық қоғамды орнату жолында адамның көк тиындық құнын қалдырмай қынадай қырған, марксизм-социализм идеясымен суарылған, бір күнде 2 миллионнан астам адамды тауға тыққан «Қызыл кхмерлер» зардабынан да асып түсті. 1932 мешін жылы болған бұл зұлмат ХХ ғасырдағы адамзат баласына жасалған ең ірі қылмыс болып есептелді.
Расында да бұл адамның көк тиындық құны жоқ заман болды. 1930 жылдары Совет құрамында болған Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңы ату жазасына кесілді. Нақ осы жылдары ғылым мен мәдениеттің, саясат саласының зиялы өкілдері нақақтан
нақақ атылды. Жалпы, 1930-1953 жылдар аралығында 40 миллионнан астам совет адамы репрессияға ұшыраған екен. Совет құрамында болған кешегі 15 одақтас елдің бетке ұстар барлық адамы осындай заңсыз жазалауға бұйырылды. Соның ішінде тоталитарлық жүйенің диірменіне түскен қазақтың үлес салмағы 40 пайыз (!). Нақақтан нақақ жазаланған адамдардың аты-жөні жазылған бүкілхалықтық «Аза» кітабының 14-і жарық көрген екен тәуелсіздік жылдары.
Қуғын-сүргін жылдары елде 953 лагерь болған. Советтің еңбекпен түзеу бас басқармасының, қысқаша айтқанда, аты шулы ГУЛАГ-тың 11 лагері Қазақстанда орналасқан. «Отанын сатқандардың әйелдерінің Ақмола лагері» – АЛЖИР де адам басына түскен нәубет пен сан қилы тағдырды үнсіз жұтқан замана зобалаңы еді. Мұның бәрі АДАМ тағдыры. Тарих сабақтары. Мұны кейінгі ұрпақ не үшін білу керек? Ұлтының тағдыр-талайын білмеген ұрпақ Мәңгілік Елдің қадір-қасиетін де бағамдай алмайды. Сол үшін білу парыз. Күнде болмағанмен жыл он екі айдың бір күнінде – 31 мамырында – 1 минут үнсіздікпен еске алу тарихтың тағдыр тезінде жазықсыз қырылған адамдар әруағына көрсетілген құрмет қой бұл.
P.S.  Бұл күннің тарихи мәні түсінікті. Ал, саяси салмағы неде? Қоғам қайраткері Жұмабек Ашуұлы, саясаттанушы Айдос Сарым сынды зиялы қауым өкілдерінің сөзімен айтсақ, егер Ресей СССР-дің заңды мирасқоры санайтыны рас болса («Жеңіс» күнін тойлауы соның дәлелі – ред.), онда тарихи зұлмат – әдейі ұйымдастырылған ашаршылық, репрессия – тарихи қылмыс үшін халық алдында кешірім сұрау керек. Мұны украиндықтар ашық талап етіп отыр. Бірақ батыстағы көршіміз әлі күнге ләм мим деген жоқ.
                                                                  Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
31 мамыр 2018 ж. 695 0

PDF нұсқалар мұрағаты

29-306

18 шілде 2019 ж.

28-305

11 шілде 2019 ж.

27-304

04 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031