» » Таразы басында – ақ алтын

Таразы басында – ақ алтын

 Өзбекстан әлем бойынша мақта өндіретін елдердің арасында 5-інші орында. Мақта өнімінің 60%-ы Қытай, Бангладеш, Түркия, Иран мемлекеттеріне экспортталады. Жыл сайын Өзбекстанның мақта өндірісінен табатын пайда көлемі – 1 млрд АҚШ долларынан асып түседі.
Осы уақытқа дейін ақ алтынның отаны саналатын Өзбекстан өнімінен 2014 жылы бүкіл әлем бас тартты. Себебі неде?
– 1983 жылы Ташкенттің Янгиюль деген қаласындағы медициналық училищеге оқуға түстік, – дейді Алтынкүл Шакенова ескі қоңыр альбомды ашып жатып.  – Қыркүйектің басында бір апта оқимыз. Сосын мұғалімдер барлық студентті жүк көлігіне тиеп, мақталыққа апарады. Қызылордадан барған мен өмірімде мақтаны қалай теру керегін көрмегенмін. Алдыңа байлайтын бауы бар 20 килограмдық қап береді. Өсіп тұрған мақтаны тікенегінің арасынан қолыңмен жұласың. Сәл уақыттан кейін қолыңа жиі тікен кіргендіктен қанай бастайды.
Суретте қолдарында қап, үсті-басы шаң болса да жастықтың лебімен күлімсіреп тұрған студенттерге көзім түсті. Ол кезде оларға ешкім араша болмаған. Бұл әрекеттің заңсыз екенін ешкім түсіндірмеген.
– Өзбектің қыздары бір күнде 100-120 килограм мақта жинайды. Мен ары кетсе 10-12 килограм әрең өткіземін. Жанымызда сол ауылдың
мектеп оқушылары да мақта теріп жүреді. Түскі демалыста жерге қағаз жайып, өзімізбен апарған азық-түлікті бөліп жейміз. Алқап алыста орналасқан. Кешке дейін жұмыс істеп, қараңғы түскен соң жергілікті тұрғындардың жертөлесінде түнейміз. Берілген межені орындамайынша қайтпаймыз. Барлығы жаппай еңбекке тартылатын болған соң солай болу керек шығар деп ойлайтынбыз, – деп еске алады А.Шакенова. 
Шу неден басталды?
2014 жылы әлемге танымал брендтердің (Adidas Group, Puma, Levi Strauss, H&M, Walmart, C&A, Marks & Spencer, IKEA) 136 компаниясы бала еңбегінің көмегімен жиналатын өзбекстандық мақтаға байкот жариялады. Нәтижесінде осы мәселе әлемдік деңгейде қаралып, 2016 жылы Ташкент бала еңбегін қолдануға тыйым салатын Халықаралық еңбек ұйымының конвенциясын қабылдады.
Құл иеленушілік көзқарас әлі де бар
Өнімді жылдары Өзбекстанда бір гектардан 26,5 центнер мақта жиналады. Бұл халықаралық көрсеткішке толығымен сәйкес. Дегенмен АҚШ-та және Бразилияда өнімді арнайы көлік жинаса, Үндістанда бұл шаруа ферма қызметкерлерінің жауапкершілігінде. Бұл байқағаныңыздай ел экономикасы үшін айтарлықтай шығын. Мәселен, Ислам Каримовтың кезінде алқапқа 5 миллионға жуық адамды күштеп апарған деген дерек бар. Оның ішінде көбісі ақы сұрамайтын, айтқанды екі етпейтін мектеп оқушылары, студент және мұғалімдер, мемлекеттік қызметкерлер, сондай-ақ әлеуметтік жәрдемақы алатын топтар болды. Оларды «жалақы, жәрдемақыны қысқартамыз, жұмыстан, оқудан шығарамыз» деп қорқытып, үркітіп апарады. Мәселен, 2015 жылы Самарқанд облысында жергілікті билік мақта жинау уақытына сәйкес келген той мен жиынды мейрамханада өткізуге тыйым салған. Ал Бұхара облысында жергілікті Ішкі істер департаментінде тіркеуде тұрған нашақор, ішкіш, жезөкшелерді күштеп еңбекке салған. Егін басына келгендердің барлығын адам тұрмайтын ғимараттарға орналастырады. Оған қоса мақта теретіндерге түрлі аллергияның алдын-алатын арнайы киім, қолды қорғайтын қолғап та берілмейді. Салдарынан жұқпалы, басқа да ауру саны көбейген.
Әлемдік банк неге үндемейді?
Осының барлығына қарамастан Әлемдік банк 2015-2016 жылдары мемлекетке осы саланы қолдау мақсатында 518,75 млн. доллар несие бөлген. 2015 жылдың ақпан айынан бастап Әлемдік банк Қарақалпақстанның Турткуль, Беруний және Элликкалиндік облыстарымен бірігіп, 337,43 млн. долларға есептелген жоба аясында жұмысын бастайды. Оған қоса осы салада бала еңбегіне қатысты ұлттық және халықаралық нормалардың толық сақталуын қадағалауды жауапкершілігіне алады. Банк билігі бір сөзінде заң бұзушылықтың нақты дәлелі келтірілсе, несиелендіру тоқтайтынын мәлімдеген.
Жыл сайын қыркүйекте басталып, қарашаның ортасына дейін жалғасатын мақта теруде күштеп бала еңбегі қолданылатыны туралы халықаралық тәуелсіз ұйымдар және Адам құқығын қорғау жөнінде құрылған өзбек-герман форумы Әлемдік банкке жинаған ақпараттарын жіберген. Бастауыш, жоғары сынып оқушылармен қатар 6-7 жастағы балалар да егін басында жүреді. Себебі анасы баласын қайда тастап кететінін білмейді.  Бұл жаппай еңбекке салу науқаны 2 ай жүреді. Яғни екі ай бойы мектепте сабақ өтілмейді деген сөз. Бірақ несиелендіруді тоқтатудың орнына Әлемдік банк, керісінше, несие көлемін ұлғайтқан. Зардап шеккендер Инспекциялық кеңеске шағым түсіргенде ғана Әлемдік банк билігі бұл мәселені шешуге кіріседі. Себебі шағымда «Әлемдік банк бала еңбегін күштеп қолдануды қолдап отыр» деп жазылған. Бірақ бұл оңай шаруа емес еді.
Тәуелсіз сарапшы тарап
Мәселенің шығу тегіне сараптама жасаудың орнына банк Халықаралық еңбек ұйымымен келісімшарт жасасады. Енді зерттеу жұмыстарын жүргізу осы ұйымның мойнына жүктеледі. Бірақ жергілікті билік өкілі тексерістің қашан келетінін алдын-ала біліп, адамдарды дайындайды. Оларға «мұғалім, дәрігер емес, жұмыссыз екенін, әрі мақта теруге өз еркімен келгенін айтуды» міндеттейді. Ал алқаптағы мектеп оқушыларын мүлде жасырын ұстайды.
Осындай ақпаратқа қол жеткізген Адам құқығын қорғау жөнінде құрылған өзбек-герман форумының сарапшыларын жергілікті билік негізсіз қамауға алып, тіпті ұрып-соққан жағдайлар болған. Соның бірі 2015-2016 жылдары тынбай еңбектенген ерікті құқық қорғаушы Елена Урлаеваны 2017 жылдың 1 наурызында қамауға алып, нәтижесінде жындыханаға жатқызады. 23 наурызында оны шығарып, 1-23 наурыз аралығында келген Халықаралық еңбек ұйымы өкілімен кездесуіне кедергі келтіреді.
Бұл әрекеттер жылдар бойы қайталанғандықтан билік үшін үйреншікті жағдайға айналғандай. Себебі әлемдік сауда-саттық аренасында сұраныста болу үшін орнына бір дүниені пида ету керек. Өзбекстан қаржылықтан гөрі рухани шығынды таңдады. Бұл да бекер емес. 1990 жылдары Каримов бір сөзінде: «Біздің тарапымызға мақта өсіру қиындығының 84%-ы, ал алғашқы өңдеуден 16% ғана пайда түседі. Мақтаны сатып алған мемлекеттерде жағдай керісінше. Мәселен, сол мақтадан дайын өнім сататын елдердің пайдасы біздікінен әлдеқайда көп. Қиындық – бізде, пайда – өзгеде. Елдің мақта цехы болу деген осы» деген.
Пәленше Пәленшиев, сарапшы:
– Расында әлем бойынша мақта теруде бала еңбегі қолданылатыны жасырын емес. Мәселен, 2012 жылы шведтің әйгілі H&M және бәріміз білетін нидерландтық IKEA компаниясы осы себепті Түркменстанның мақтасынан толығымен бас тартты. Мұндай тенденция Сирияда да бар. Бірақ осы уақытқа дейін көбі бұл ақпаратты білсе де, аса назар аудармады. Неге дәл қазір бұл тақырып талқылануда? Өйткені әлем бойынша мақта өндірісінің орасан пайдасы Өзбекстанға тиесілі. Пайда көлемі көп болған соң мұның айналасындағы шу да басылар емес. 
Бәсекелестік
Бірақ бұл жағдайда байкоттан Өзбекстан ғана емес, мақтаны сатып алатын елдер де зардап шекті. Мәселен, жыл сайын Бангладеш мемлекеті Үндістан, Пәкістан, Түркменістан, АҚШ-тан 1 миллиард доллар қаржыға жуық мақта талшығын сатып алады. Дегенмен өндірісіне қажет мақтаның 60%-ын Өзбекстаннан алады екен. Жайсыз хабардан кейін Бангладештің де тоқырап қалғаны жасырын емес. Себебі Өзбекстан мақтасы экспортқа шықпаса, олар 1 фунт үшін 6 цент төлеуге мәжбүр болады. Ал бұл дайын өнімнің 20%-ға қымбаттауына әкеледі.
Өзбекстан өз тарапында мәселе астарында «бала еңбегінің қолданылуы емес, бәсекелестерінің ұйымдастырған өсегі тұр» деп мәлімдеді.
– Орталық Азиядан бөлек мақта өндіретін елдерде де балалар еңбекке тартылады. Бірақ құқық қорғау ұйымдары бұл туралы тіс жармайды. Негізгі сатып алушымыз – Ресей, Қытай, Бангладеш болғандықтан өнімнің аз көлемі еуропалық және араб биржаларында делдалдар көмегімен сатылады. Сондықтан «Адидастың» байкотынан біздің экономика айтарлықтай зардап шегеді деп ойламаймын, – дейді Ташкенттің тарабы.
Бірі «мұның астында геосаясат тұр», бірі «халықаралық ұйымдардың әрекеті бос сөз» десе де, шындық біреу – нәтиже бар. 2017 жылдың ақпанында Халықаралық еңбек ұйымы: «Өзбекстан мақта жинауда бала еңбегін қолдануды тоқтатты, десе де кейбір мемлекеттік қызметкерлер үшін күштеп еңбекке тарту сақталады» деген шешім шығарды. Өзбекстанның жаңа Президенті алдағы 5 жылда мақта өндірісіне күрделі өзгеріс енетінін хабарлады.
Бұл нені көрсетеді?
Сен экономикалық үрдісіңді өзгертуді қаламасаң да, әлемдегі адам құқығының алдыңғы орынға шығуы бәрібір өзгеруге мәжбүрлейді. Себебі адам еңбегінің ақысын жеу, оған қоса пайда үшін белі қатаймаған баланың маңдай терін қолдану – күндердің-күнінде зардабын әкелері сөзсіз. Енді Өзбекстандағы жағдайдан кейін басқа мемлекеттерде де оң өзгеріс боларына сенім мол.  
Әсел БЕГМАН
06 желтоқсан 2018 ж. 15 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 49 (274)

06 желтоқсан 2018 ж.

№ 48 (273)

29 қараша 2018 ж.

№ 47 (272)

22 қараша 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31