» » ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСУДЫ ЖОСПАРЛАП ОТЫРМЫН

ОЛИМПИАДАҒА ҚАТЫСУДЫ ЖОСПАРЛАП ОТЫРМЫН

Илья Ильин, Ауыр атлетикадан 4 дүркін әлем чемпионы:
   Қазақтың бағына туған біртуар азамат Илья Ильиннің өмірі мен спорттағы жетістігі жас буынға үлгі боларлық. Сайыстан сүрінбеген  саңлақ соңғы уақытта сынақ астында қалғандай күй кешуде. Алдымен чемпиондығынан айырып, одан кейін спорттан шеттетіп те тастаған еді. Алайда қандай жала жабылып, күйе жағылса да, халық оны чемпион деп біледі. Қыркүйекте үлкен спортқа қайта оралған батырдың жүзінен мұңды байқап едік. Кімге болмасын, еңбекпен оралған олжасын оп-оңай тартып алу үлкен соққы. Жарыс жолында жаңылмайтын жампоз сол сәтте де сүрінген жоқ. Талдықорғанда топ жарғанда қазақтың қайсар ұлы қайта келді деп қуанышымыз қойнымызға сыймады. Бірақ бұл қуаныш қайта су сепкендей әсер қалдырды. "Ашхабадттағы аламанға қатыспаймын" дегенде атлеттің кедергіге тап болғанын білдік. Ескі жарақаты сыр беріпті. Бұл жарақат жазылмаса Ильиннің  спорттағы мансабы аяқталады екен. Мұндай ақпарды естігенде алаңдаулы күйде қалдық. Тіпті қазақ ауыр атлетикасы құлдырағандай әсер қалдырды. Жуырда сөз еткен батырымыз брифинг ұйымдастырып, журналистерге ашық сұқбат ұйымдастырды. Алдағы жоспарымен бөліскен батырдың сұқбатын оқырман назарына ұсынамыз.
– Илья, денсаулығыңызға байланысты Әлем чемпионатына қатыса алмағаныңыз өкінішті. Ел-жұртты алаңдатып отырған басты мәселе – осы. Бүгінде хал-жағдайыңыз қалай, дәрігерге қаралдыңыз ба?
– 2007 жылы жарақат алып, сол жақта емделіп, келесі жылы Пекинде алтын алған едім. Жаттықтырушының айтуы бойынша сол дәрігерге қайтадан қаралмақшы болдым. Оның үстіне ол жақта спортшыға арналған емдеу орталығы жақсы жабдықталған. Сөйтіп, Анкараға барып, дәрігерге қараламын. Жарақатым бар. Омыртқа жотасының дискі қозғалып кеткен, протрузия бар. Дәрігер «бәрін қалпына келтіреміз» деген. Сол жақтан МРТ-ға түскен соң белгілі болады. Бәрін уақыт көрсетеді.
– Қандай жарақат алып едіңіз? Әлде бұрынғы жарақатыңыз ба?
– Қазақстан чемпионатынан кейін бірқалыпқа түскендей болғанмын. 102 келі салмақ бойынша шығып, 400 келіні көтеріп жүрдім. Әлем
чемпионатына дайындық барысында жарақатым байқалды. Штанганы жерден көтергенде кеудемен қарсы аласың. Сол кезде 200 келілік штанга екі есе ауырлай түседі. Міне, сол штанганы кеудеден жұлқа көтеру мүмкін емес. Жұлынның қысылғаны ма, әлде жүйкенің әсері ме, білмедім. Бірақ сол кезде арқамнан ұстай бастады. Сол кездегі дәрігерім: «Сенде үлкен проблема бар. Шынымды айтайын, саған алаңдаймын. Дайындығыңды қоя тұр, көтеріп болмадың ба?» – дегенде «Токиодағы Олимпиадаға баруым керек. Әлі бір жарым жыл бар, мүмкіндік жоқ па?» дедім. «Көтерме, қатыспа деп саған тыйым сала алмаймын. Жаттығуыңды тоқтатсаң, бір жылда аяғыңа тұрғызамын» деген. Сөйтіп, командамызбен сайысты өткізетін болып шештік.
– 2020 жылы Токио Олимпиадасына қатысу жоспарыңызда бар ма?
– «Үмітсіз – шайтан» дегендей, Олимпиадаға қатысуды жоспарлап отырмын. Кішкентай үміт болса да, оны ақтауға тырысамын. Әлі жаспын, алар биігім де бар. 19 желтоқсанда Катар елінің Доха қаласында Күміс турнир өтеді. Оған да қатысу үшін емес, тізімде бар екенімді көрсетуге барамын. Ауыр атлетикадан ақпан айында Тайландта тағы бір жарыс өтеді. Мүмкін болса, соған қатысуға тырысамын. Оған қатыса алмасам, сәуірде өтетін Азия чемпионатына қатысып, жақсы көрсеткіш көрсетуім керек. Негізі, лицензия алу үшін үш старттан 6 жарысқа қатысуым қажет. Оған қоса, үштіктің бірінде болсам, олимпиадаға қатысуға мүмкіндік аламын.
– Егер спорттан кететін болсаңыз, немен айналысасыз? Жоғары лауазымды қызметке шақырса барасыз ба?
– Әлем чемпионатында жаттықтырушы әрі спортшы ретінде қатыстым. Түсінгенім, спорттағы әріптестің бәрін сағындым. Олар да мені құрметтейді. Меніңше, спорттан кетсем де ауыр атлетика саласында жұмыс істеуім мүмкін. Себебі, өзім білетін сала. Орнымды табу үшін өмірімнің он екі жылын спортқа арнадым. Менен жақсы саясаткер шығады деп ойламаймын. Бірақ қандай салаға барсам да, оны оқып, толық меңгеруім керек. Ол оңай емес. Өйткені қандай қызмет атқарсаң да, бастысы, не істеу керегіңді білуің және оны атқара алуың қажет. Егер қолыңнан келмесе, ол қызметте босқа отырудың керегі жоқ секілді. Әрине, жеңіске қол жеткізгім келеді. Токио Олимпиадасында алтын алуға барынша күш саламын. Соған көмектесіп жатқан ұжыммен жаттықтырушыларыма ризамын. Мені қолдайтын елім, жақындарым бар. Бірақ денсаулығыма байланысты қатыса алмасам, оны да хабардар етеміз. Дайындыққа үлгере алмай қалып, жарысқа қатысып, күш-жігерім таусылмағанын сезсем, спортты жалғастырамын. Бәрін уақыт көрсетеді.
13 желтоқсан 2018 ж. 239 0

PDF нұсқалар мұрағаты

49-326

05 желтоқсан 2019 ж.

48-325

28 қараша 2019 ж.

47-324

21 қараша 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031