» » ЖАҒДАЙЫН БАПТАСА ӨЗГЕ КОМАНДАҒА КІМ КЕТПЕЙДІ?

ЖАҒДАЙЫН БАПТАСА ӨЗГЕ КОМАНДАҒА КІМ КЕТПЕЙДІ?

  Әуелі, көкпардың жігітті төзімділікке, ептілікке, батылдыққа баулитын өнердің бекзат түрі екенін айтсақ. Рас қой. Екіншіден, оған тақымы мықты, білегі құрыш, жігері қылыш шабандоз ғана тәуекел етіп, топқа түседі. Сонда деймін-ау, қазақтың бойына, қанына сіңген асыл өнердің шоқтығын қалай бағаласақ та жарасады ғой. Әрине. Ендеше, биігін бағамдап, сүйігін саралап сөз саптасақ саңлақ іс болар. Мені жетелеген осы ой көкпардан Қызылорда облысының бапкері Сьезбек Сыздықовқа алып келді. Біздің әңгімеміз еркін өрбіді.
– «Көкпар – қазақтың делебесін қоздырып, дегбірін алатын дода» деген рас сөз ғой...
– Таласым жоқ. Зерттеушілер көкпар ойыны VI ғасырдан бастап көшпелі халықтың ажырамас бөлшегі деп айтады. Яғни, Түрік қағанаты мен Қазақ хандығы аралығында көкпар спорты кеңінен дамыды. Сол заманда үлкен жиындар, Наурыз мейрамы көкпарсыз өтпеген.
– Қазір көкпар ережесі бойынша екі үлгі бар. Бірі жаппай, екіншісі командалық. Енді екеуінің ара-жігін ажыратып берсеңіз.
–Жаппай көкпарда серкенің нақты салмағы болмайды. Теке тарта ма, тана тарта ма өздері шешеді. Сосын қатысушыға шек қойылмайды. Тіпті бес жүз немесе мың ат қатыса алады. Сосын жаппай көкпарда қазандық болмайды. Дөңгелетіп сызып қойған шеңберге шабады. Ал, спорттық көкпарда шабондоздар құраманың намысы үшін саңлаққа қонады. Белгілі бір ережеге сай ортада төреші болады. Шабандоздар 80×100 метр алаңда биіктігі 1,20 метр қазандыққа 30-35 келі тартатын серкені салуға күш салады.
Қиын-оңайыңа келсек, әркім әртүрлі бағалайды. Жаппай көкпарда жүздеген тұлпардың ішінде салымды алып шығу керек-ақ. Ал, командалық көкпарда астындағы пырағыңыз 20 минутқа дейін тоқтамай шабуы керек. Мұндай жүктемені кез-келген тарпаң ат көтере бермейді.
– Енді облыстағы көкпардың жайын қозғасақ.
– Қызылорда облысының көкпар құрамасы республикада үздік төрттікте жүрген команда. Құраманың негізін жаңақорғандық жігіттер құраған. Мұндай бір ауданнан құралған команда Қазақстанда жоқ. Осыған басқа облыстың бапкерлері мен мамандары қызыға да, қызғана да қарайды. Себебі өзге облыстың құрамаларында аз дегенде бірнеше легионер өнер көрсетеді. Мысалы, соңғы Тараздағы Әшімхан Кенжебаевтың турнирінде үздік төртікке ендік.
–  Елдегі үздік құрама деп кімді айта аласыз?
– Тараздың «Әулие атасы» мен ОҚО «Құлагеріне» тең келетін команда аз. Соңғы кездері "Атырау" құрамасы да үздіктер қатарына қосылып
келеді.
– Неге?
– Біріншіден, оларда атты баптайтын және шабандоз тұрақты жалақы алатын клуб жұмыс жасайды. Додаға қосатын тұлпарды ерекше баптайды. Атқа қажетті дәрумендерді беріп (алма, сәбіз, бал және т.б), түрлі екпелер салады. Ал, бізде осы күнге дейін ұлттық спортқа арналған клуб немесе спорт мектеп жоқ. Бір ғана Түркістан облысында көкпардың қыр-сырын үйрететін 3 мектеп бар, Жамбылда Әулие ата мен Байзақ датқа деп аталатын екі мектеп жұмыс істеп тұр. Екіншіден, көкпар өнері дамыған. Онда мамандандырылған ұлттық спорт мектептерінде атбегілер мен бес-алты бапкер бар. Арнайы мал дәрігерлерін ұстайды. Біздің құрамада екі ғана бапкер болса, мал дәрігері деген атымен жоқ. Үшіншіден, аталған облыста кәсіпкерлердің ұлттық спортқа жанашырлығы, қамқорлығы жоғары. Тізімге "Атырау" құрамасын қосуымның себебі бар. Бүгінде батыста көкпарға қатты көңіл бөлуде. Жергілікті жерден көкпаршы шықпағанмен, елдің үздіктерін жалақы беріп, құрамаға қосқан. Жағдайын баптаса, өзге командаға кім кетпейді? Сол "Атырауда" жаңақорғандық қос көкпаршы Алмат пен Әділхан, шиелілік Жасұлан Айтбай сынды жерлестеріміз  өнер көрсетіп жүр.
– Қазір облыстық құрамадан кімдерді атайсыз?
Қыркеңселік Қанат Абылбеков, Серік Мырзабаев, Пазылхан Өміртаев, Алтай Қонқаев, түгіскендік Наурызқожа Әмзиев, Нұрлан Жүсіпов, келінтөбелік Асхат Мырзагелдинов, Олжас Оспанов, Нұржан Қамбарбеков және Өзгенттің шабандозы  Асылбек Әуезов сынды ерік-жігірі мықты азаматтар бар.
– Сонда басқа ауданда көкпар спорты кенжелеп қалған ба?
Шиеліде, Қызылорда қаласында көкпаршылар бар. Алайда құрамадағы жігіттер бір-бірін жақсы біледі. Оның үстіне, Жаңабай Орынбасаров сынды ұлттық спорт жанашырының арқасында Жаңақорғанда көкпар көп ілгері тұр. Соған сай Бақытжан Төлегенов, Кәрім Жиенбаев сынды саңлақтар жеке аттарын көкпарға беріп, жомарттық танытып тұрады.  
– Шабандоздарға материалдық көмек көрсетіле ме?
– Құрамадағы 9 көкпаршыға облыс әкімінің стипендиясы тағайындалған.
– Ұлттық спорттың басқа түрлерінің жайы қалай?
– Өзгенттік Бердібек Жорабек – аударыспақтан 60 келі салмақта Қазақстанның үш дүркін жеңімпазы. Сондай-ақ, аударыспақтан қыркеңселік Жасұлан Жәлімбетов (80 келі) пен Ерсұлтан Исабек (90 келі) төрт рет жүлдегер атанды. Жамбы атудан түгіскендік Айназар Жәдігер табысты өнер көрсетіп келеді.
Әңгімеңізге рақмет.
Ерасыл ШӘРІБЕК
27 желтоқсан 2018 ж. 79 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 12 (289)

21 наурыз 2019 ж.

№ 11 (288)

14 наурыз 2019 ж.

№ 10 (287)

07 наурыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031