» » МИЛЛИОН НЕГЕ БҰЙЫРМАДЫ?

МИЛЛИОН НЕГЕ БҰЙЫРМАДЫ?

  2000 жылдары алғаш рет эфирге шығып, жақсы аудитория жинаған "Миллион кімге бұйырады" бағдарламасы ұзақ жылдар бойы тоқтап, ит жылында қалың көрерменге қайта жол тартты. Бұл жолы бағдарламаның қаржылай сыйлығы ұлғайған. "Хабар" арнасынан тамашалаған адамның барлығы қатысуға дәмелі. Бірақ интелектуалды сайысқа екінің бірі қатыса бермейтіні тағы бар. Жақында жаңақорғандық Әкімбек Әлібек осы бағдарламаның қатысушысы атанды. Миллионнан үміткер болған жерлесімізден бағдарламаның жай-жапсарын сұрағанды жөн санадық.
– Әкімбек, бағдарламаға жол қалай түсті?
– Бала кезде Ескендір Сергебаевтың тізгіндеуімен шыққан бағдарламаны қалт жібермей қызыға қарайтынмын. Өскенде қалайда қатысушы боламын деген балалық арман болды. Не керек, 3-4 жылдан кейін сүйікті бағдарлама жабылды. Көңіл күпті. Бұйырмады деп өзімді жұбатып қоямын. Араға 12 жыл салып, қатысушысын табысқа кенелтетін "Миллион кімге бұйырады?" көрерменге қайта жол тартқанын естіп, бала арманды жүзеге асыруға талпындым. Бағдарламаға қатысу үшін оның бірнеше деңгейінен өту керек екен.  Атап айтқанда «К1» сөзін 3698 номеріне жолдап, жіберген сауалына жауап қайтару керек. Жеңімпазды компьютер анықтайтын болған соң, бір ғана сұраққа жауап беру жеткіліксіз болды. Қатысу үшін 10 рет хабарлама қалдырып, 10 сұраққа жауап қайтардым. Әр хабарламаның құны 300 теңге. 2 апта өткен соң ұялы  телефоным шырылдады. Бейтаныс нөмер. "Сәлеметсіз бе, "Миллион кімге бұйырады?" бағдарламасынан қоңырау шалып тұрмын. Есімім – Айдана" дегенде аздап абдырап қалдым. Сол мезетте Айдана 4 нұсқасы көрсетілген 5 сұрақ қойды. Алғашқысы есімде. "Үркер" романының авторы кім? Екеуара диалог осындай сауалдармен жалғасын тапты. Көрсетілген 5 сұрақтың барлығына мүдірмей жауап бердім. Тұңғыш президент күнінде Алматы қаласына шақырту алғанымда құдды бір 10 миллион теңгені жеңіп алғандай сезімде болдым.
– Студиядағы көріністі баяндасаңыз...
– Жаңақорғаннан алып ұшып Алматыға жеттік. Таңғы 8 шамасында белгіленген мекен-жайға келдік. Түсірілім 9 да басталды. Кешегі күннен бір қатысушы уақыт жетпей, қалып қойыпты. Үміткер көп уақыт жоғалтпады. Аздаған сұрақтан кейін мүдіріп, студияны босатты. Кезек бізде. 10 қатысушы алдымыздағы экранға мұқият қарап отырмыз. Бір-бірімізге қарауға мұршат жоқ. Бәріміздің мақсатымыз – қалайда сахнаға шығу. Содан жүргізуші Досымбек Өтеғалиев «Шымкент, Павлодар, Қарағанды, Алматы қалаларының футбол клубтарын реттілігімен көрсет» деген сауал қойды. Реттіліктен шатасып, мүлт кеттім. Бір сағаттан кейін, жүргізуші тарапынан тағы бір сұрақ жолданды. Бұл жолы әр елдің валютасына қатысты. Екіншісіне дұрыс жауап қайтардым. Бірақ қарсыласымнан аздаған секунд қалып қойдым. «Келесіге уақыт жете ме» деген сауал санамда тұр. Өйткені қатысушы әр сұраққа өткен сайын, біз уақыт жоғалтып, мүмкіндіктен айырыламыз. Кезек үшіншіге жетті. 4 көбейтуді реттілігімен орналастырыңыз? Таза логика. Жылдамырақ танытқандай болып, жауап қайтардым. "Сонымен кім дұрыс жауап қайтарыпты. Экраннан тамашалайық" деп 8  адамның нәтижесін шығарды. Екі-ақ адам дұрыс белгілеген. «3.58 секунд уақытпен  жеңімпаз Әкімбек Әлібек» дегенде төбем көкке бір елі жетпей қалды. Негізі телекамера, микрофон, айналадағы шамдар адамның мысын басады. "Камера, мотор, кеттік" деген режиссердің бұйрығын естіген кезде іштей толқу басталды. Алғашқы күймейтін сомаға жеткенше қатты қобалжығанымды жасырмаймын.  150 мың теңгеге жеттім. Экранда «2001 жылы ашылған Ұлттық саябақ қандай?» деген сұрақ тұр. Көп кідірмей, Қарқаралы деген жауапты таңдадым. Асығыс айтқан жауабымды компьютер лезде қабылдап, сары жолақты көрсетті. "Дұрыс жауабы – Қатонқарағай" екен. Телестудияға бірінші рет барған адамның хәлін студиядағылар біледі. Мұндай жағдайда абдырап, білгенімді ұмытып, ойыннан шығып қалдым.
– Ұтқан 20 000 теңгені сол мезетте шешіп алдыңыз ба?
– Жоқ. Ұйымдастырушылар бұл соманы 45 күннің ішінде аударатынын ескертті. Егер ұтқан күннен бастап 7 күн ішінде "Сбербанктен" жеке шот ашпасам, ұтқан сома күйіп кететіні тағы бар.
– Бағыңызды тағы сынап көрмейсіз бе?
– Бұл бағдарламаға қайта қатысу үшін 2 жыл уақыт күтуім керек екен. Ал 10 қатысушы ортаға шықпаған жағдайда 2 ай ішінде тағы қатысуға мүмкіндігі бар. Егерде 2 жылдан кейін бағдарлама жалғасын тауып жатса, бағымды тағы сынап көруге дайынмын.
Әңгімелескен:
Ерасыл ШӘРІБЕК
09 қаңтар 2019 ж. 174 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 02 (279)

09 қаңтар 2019 ж.

№ 01 (278)

04 қаңтар 2019 ж.

№ 52 (277)

27 желтоқсан 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031