» » Ел алдында есеп беру

Ел алдында есеп беру

   Жақында әлеуметтік желіден жас жігіттің қайырымдылық жасап жатқанын көзім шалды. Ол өзге адамдардың емес, өзінің ғана суретіне смайлик жабыстырып, бетін жауып қойыпты. "Оң қолыңмен істеген жақсылығыңды, сол қолың көрмесін" дейді ғой дана халық. Ал бұл сөз біздің қайырымдылықпен айналысатын жандарға титімдей әсер етпейді. Өйткені оларда мақсат бар. Ол – әкімшілікке есеп беру. Facebook парақшасындағы мына оқиға көпшілікке ой саларына сенімдімін.
Ертеде бір Хан болады. Бір күні түсінен қатты шошып оянып кетеді. Таңертең уәзірді шақырып:
– Дайындал. Сарайдан шығамыз, – дейді.
Екеуі қарапайым киiм киіп, ел арасын аралай бастайды. Бір ауылға жеткенде, түсінде көрген жерін танып, тоқтайды. Адамдар көп, бәрі өз тіршілігін жасап жүр. Жерде бір адам өліп жатыр. Бiрақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Сонда Хан жергілікті адамдардан сұрапты:
– Ей, адамдар! Бұл кім? Неге бұлай тапталып, қор болып жатыр?
– Бұл адам араққұмар. Ол ешкіммен араласқан емес. Өзі ағаш шебері. Таң атқаннан кешке дейін жұмыс істейді. Бірақ тапқанына арақ сатып алады. Ешбір адамға жақсылығы тимеген. Сондықтан да осылай жатыр.
– Жүріңіз, Хан ием, кетейік.
– Жоқ. Менің түсіме бұл адам неге кіргенін түсінбедім. Алла маған «оны жерле» деп аян етті. Мен Алланың қалауын орындаймын.
Хан оны көрші ауылдағы мешітке алып барады.
Ол мешіттің имамы оны көргенде жылай жібереді. Сонда Хан:
– Сіз оны танисыз ба, – деп таңырқайды.
– Иә. Ол өте жақсы адам еді. Намазын уақытында оқып, Алланың жолында жүрген еді, – дейді.
Үшеуі оның жаназасын шығарып жерлейді. Ханды "Неге ол жайында әр түрлі пікір айтылады? Ол шын мәнінде қандай адам?" деген сұрақ қызықтырады. Сұрастырып, үйін тауып барады. Есікті бір әйел ашады. Хан оған күйеуiн жерлегенін жеткізеді. Әйел көзіне жас алады.
– Жолдасыңыз қандай адам еді?
– Мен онымен мақтанам! Ол өз жанын Алланың жолында құрбан етті. Ол арақ көрсе, түгел сатып алатын. Бiрақ өзі ішкен емес! Өзгелер ішпесін деп бүкіл арақты дәретханаға төгеді. Иә, ол жезөкшелерді үйге әкелетін. Бірақ олармен бірге болған емес. Өзгелер олармен бірге болып, күнәға батпасын деп ғана үйге әкелетін. Мен сендердің уақыттарыңды сатып алдым. Ол уақытты қалай өткізсем де өз еркім деп, оларға Алланы насихаттап, имандылыққа шақыратын. Соның арқасында жеңіл жүрісті әйелдер біршама азайды. Мен оған қаншама рет айттым. Елге шыныңды айт. Олар теріс пікірде. Ертең біз дүние салсақ, кім жерлейді? Бірақ ол тыңдамады. "Менің жақсылығымды Алла көріп тұр. Маған сол жеткілікті. Адамдар қалай ойлатынында шаруам жоқ. Ең бастысы Алланың алдында арым таза. Адамдарға айтып олардың қошеметіне ие болу мен үшін қажет емес. Алла сүйген құлын ешқашан ит-құсқа жем етпейді. Мен Аллаға сенем. Егер Алладан Әмір келсе, тіпті Ханның өзі жерлеуі мүмкін" деп күлетін.
P.S. Жақсылық жасайық! Бұл – қазіргі таңдағы жастардың ұраны. Бірақ адам алдында емес, Алла алдында есеп беруді жөн санайық.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА
09 қаңтар 2019 ж. 30 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 02 (279)

09 қаңтар 2019 ж.

№ 01 (278)

04 қаңтар 2019 ж.

№ 52 (277)

27 желтоқсан 2018 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031