» » Қайғы жауапкершіліктен құтқара ма?

Қайғы жауапкершіліктен құтқара ма?

Redaktor bagany
   Қазақстанның бала құқықтары жөніндегі сол кездегі уәкілі Зағипа Балиева былтыр жазда-ақ 12 жасқа дейінгі балаларын үйде қараусыз қалдырған ата-ананы жазалау керек деп ұсыныс айтып еді. Ата-аналардың жауапкершілігін арттыру тұрғысында айтылған бұл ұсынысы жайлы: «Менің ойымша, ата-аналар қауіпсіздіктің алдын алу шараларын қабылдаған кезде баланың мерт болуы немесе жарақат алу тәуекелдері айтарлықтай төмендейтінімен келісетін шығар» деп жазған іле-шала түсіндіріп Facebook-тегі парақшасында. Депутаттың дерегінше елімізде жыл сайын жөл-көлік апатынан 200-300 бала көз жұмады. Соңғы бес жылда республика аумағындағы су қоймаларына 1059 бала батып кетсе, өрттен 227 бала қаза болған. Жыл сайын балалар кісі қолынан да қаза табады.
4 ақпан күнгі сібірлеп атқан таңды селт еткізген, бір үйдің бес баласы өртке оранған Астанадағы оқиғадан соң біздің ойымызға келгені осы болды. Өрт орнынан 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылдары туған бес баланың мәйіті табылған. Үйдің үлкені 13-ке әлі толмаған. Кенжесі – 3 айлық. Шағын уақытша баспанада тұратын олардың ата-аналары жұмыста болған. Туыстарының айтуынша, анасының жұмысқа шыққанына үш күн болыпты. Пластикалық өнім шығаратын фирмада бөлшектеп өлшеуші болып жұмыс істейтін ол сол түні түнгі ауысымда болған. Балалардың қасында қалған әкесін түнде дереу жұмысқа шақыртқан. Ол көлік жөндеу станциясында моторист болып жұмыс істейді екен.
Сейсенбі күні түстен кейін Президент осы жағдайға байланысты пікір білдіріп, қаза болған балалардың ата-анасы мен туыстарына көңіл айтты. Ол Үкіметке және Астана қаласының әкімдігіне зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуді тапсырды. «Барлық өңірдің әкімдері құзырлы органдармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейту керек», – деді Мемлекет басшысы.
Қаңтардың басында да Қызылордада Наурыз учаскесіндегі жеке үйлердің бірінен кешкісін өрт шығып, үйде қалған 2011, 2012, 2014 жылдары туған балалардың екеуі оқиға орнында, біреуі ауруханаға барар жолда қайтыс болған еді. Балалардың әкесі жұмыста болған, анасы есікті құлыптап, әлдебір шаруалармен бір жерге шығып кеткен. 
Бәлкім қайғыдан қан жұтқан ата-ананы жауапкершілікке тарту деген ұғым адамгершілік шеңберіне сыймайтын шығар, алайда өмірдің мың бір майда-шүйдесі мен тұрмыстың тауқыметі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованың сөзімен айтқанда, «ата-аналардың таңдауы» бізді, ата-аналарды, бейкүнә балаларымыздың алдындағы жауапкершіліктен бір сәт те босата алмаса керек. Германияда 14 жасқа толмаған баланы 10 минутқа болсын үйде жалғыз қалдырған адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ұлыбританияда 14 жасқа толмаған баланы қараусыз қалдырған азамат қылмыстық кодекс бойынша жазаланады. Ал Қазақстанның Қылмыстық кодексінде «Қауіпті жағдайда қалдыру» деп аталатын 119-бабы бойынша үш жылға бас бостандығынан айырылады деп жазылған.
Экс-омбудсменнің сөзімен айтсақ, біздің елімізде қамқоршы орган іс жүзінде қызмет атқармайды. Білім беру департаменттерінде бұл қызмет бір адамға ғана тапсырылады. Бұған қоса «біз әзірлеп жатқан заңнамада ата-ана жауапкершілігін көтеру сынды мәселелер болады» деген еді. Енді ол заң қашан қабылданады?
Бұл жайлы Мәжіліс депутаты Зағипа Яхияқызының өзіне хабарласқанымызда: «Ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға байланысты заң қабылдау шаралары аяқсыз қалған жоқ. Қазір жұмыс атқарылып жатыр. Ұсыныс өте көп. Мен бұл жайлы Астанаға барған соң толығырақ жауап берейін, – деді. Біз бұл тақырыпқа газетіміздің алдағы сандарында әлі де ораламыз.
Балалар құқықтары жөніндегі қазіргі уәкіл, сенатор Сәуле Айтбаева әзірге тым-тырыс. Болып жатқан оқиғаларға қатысты еш жерде қандай да бір пікір білдірген жоқ. 
Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
07 ақпан 2019 ж. 94 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 17 (294)

25 сәуір 2019 ж.

№ 16 (293)

18 сәуір 2019 ж.

№ 15 (292)

11 сәуір 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930