» » Қызылорда облысында соңғы 5 жылда не өзгерді

Қызылорда облысында соңғы 5 жылда не өзгерді


 Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев ел алдында есеп берді. Жиында аймақ басшысы былтырғы атқарған жұмыстарын баяндап қана қойған жоқ, соңғы бес жылда жүзеге асырған істерін де тілге тиек етті. Сонымен, өңірге өзі әкім болып келгелі не өзгерді?

2013 жылдан бері елуден аса өнеркәсіп өндірісі ашылған. Ал Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік басқармасының көмегімен 24 жоба іске асқан. Оның 19-ы жұмыс істеп тұр. Кәсіпорындардың шығарған өнімдері де артыпты. Өңдеу өнеркәсібі өнімі 2013 жылға қарағанда 30 %-дан асып кеткен.
Сыр өңірі шағын және орта кәсіпті дамытуда республикада көш бастады. Былтыр тұрғындарды кәсіпке баулып, жобаларын қолдағаны үшін үздік аймақ аталып, «Алтын сапа» марапатына ие болды.
Ал 2017 жылы облыс 500 мың тоннадан аса күрішті қамбаға құйды. Бұл – Тәуелсіздік кезеңдегі рекордтық көрсеткіш.
«Тіпті, 2018 жылы су тапшылығына, көктемнің кеш түскеніне қарамастан, 2017 жылғы күріштің көлемін сақтап қалдық. Сыр диқандары ирандық күріштің сортын еге бастады. Ол шетелге экспортталады», – дейді Қырымбек Көшербаев.
Сонымен қатар, соңғы үш жылдықта Қызылорданың қауын-қарбызы Ресей нарығында сатыла бастады. Екі жылдан бері Иран, Біріккен Араб Әмірліктері, Моңғолия елдеріне көкөністер, қой, түйе түліктері экспортталуда. Өткен жылы мақсары майы бірінші рет Қытайға жіберілді.
2013 жылы аймақтан балық, күріш, кебек қана сыртқы нарыққа жөнелтілсе, 2018 жылы экспортқа шығаратын өнімнің көлемі де, саны да артты. Дәлірек айтсақ, бүгінде өнімнің 15 түрі – мақсары майы, тірі қозылар, мүйізді ірі қара, түйе, күнбағыс, рапс тұқымдары, картоп, қызанақ, қарбыз, қауын, өсімдік шырындары және жоңышқа экспортталып жатыр.
Ал мал басының саны қазіргі күні Сыр өңірі үшін ең жемісті болған 1993 жылғы көрсеткіштен асып кетті.
Ауылшаруашылық тауарларын өндіретін кәсіпкерлер бес жыл бұрын өз саласына 1 миллион доллардан аса қаражат құйса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 15 миллион доллардан асқаны анықталды. Балық аулаудың өзі алты жыл ішінде екі есеге көбейген. Айта кету керек, 2013-те аймақта 4 балық өңдейтін зауыт болған екен. Қазір оның саны 8-ге жетіп, балық өнімдерінің экспорты 10 есе өсті.
Бес жылда Қызылорда қаласының аумағы екі есе ұлғайды. Бұған дәлел ретінде 15 жаңа шағын ауданның салынуын айтсақ та болады.
Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, алты жылда 3 миллион шаршы метр тұрғын үй қызылордалықтардың игілігіне берілген. Мәселен, 2013-те 270 мың шаршы метр үй пайдалануға берілсе, өткен жылдың өзінде бұл санайғақ 700 мың шаршы метрге дейін өсіп отыр.
«Халық та өз қаржысы есебінен баспана салуда. Өткен жылы 614 мың шаршы метр үй тұрғызған. 2018 жылы 4,5 мыңнан астам жер теліміне инженерлік коммуникация тартылды. Биылғы жылы да өзіне үй салып алғысы келетін тұрғындар үшін тағы 3 384 жер теліміне инженерлік коммуникациялар жүргізіледі», – дейді облыс әкімі.
Бұдан басқа Қызылорда облысында апатты үйлердің мәселесі шешімін тапты. Тозығы жетіп, құлағалы тұрған баспананы паналап келген 645 отбасы бес жыл ішінде жаңа пәтердің кілтін қолына алды.
Сондай-ақ, бес жылда екі жүзден аса әлеуметтік нысан ашылды, 34 проблемалық әлеуметтік нысанның құрылысы бітті. Ал апатты күйге түскен 57 денсаулық сақтау нысаны болса, оның 49 жаңадан салынды. Қалған сегізі биыл бой көтереді.
Қазіргі күні Қызылорда облысында үш ауысымда оқитын және апатты жағдайдағы мектеп жоқ. Бүлдіршіндер де балабақшамен жүз пайыз қамтылған.
Соңғы екі жылда мектеп түлектерінің 97 пайызы университеттер мен колледждерге оқуға түсті. 520 қызылордалық мектеп түлекке Ресей үкіметінің есебінен Мәскеу және Санкт-Петербург қалаларындағы маңдайалды техникалық жоғары оқуы орындарында білім алуға мүмкіндік ашылды. Яғни, облыстар ішінде Қызылорда - өзге елдің гранты есебінен оқытуға жағдай жасаған жалғыз өңір. 2013 жылдан тұрмысы төмен, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға облыс әкімінің гранты бөліне бастады. Осының арқасында 900-дей қызылордалық жас еліміздің алдыңғы қатарлы оқу орындарының грантына ие болды.
Тағы бір оң өзгеріс, Сыр өңірі халқының 63 пайызы көгілдір отынды тұтынып отыр. Қызылорда, Арал, Байқоңыр қалалары, Әйтеке би, Жаңақорған, Шиелі кенттерінің тұрғындары көмір жағып, күл шығару бейнетінен құтылды.
«Биыл Жосалы, Тереңөзек және Жалағашқа газ жеткізілуде, ендігі кезекте кентішілік газөткізу желісінің құрылысына кірісеміз. Бұйырса, биылғы жылдың қазан айында аудан орталықтарының тұрғындары, сонымен бірге, әлеуметтік нысандар газды пайдалана бастайды. Келесі кезекте – 16 тіректі елді мекендер», – деді аймақ басшысы.
Облыстың халқының 98% орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Бұл – еліміздегі ең жоғарғы көрсеткіш.
Сонымен қатар, халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық дамуда. Еуропалық Қайта құру және даму банкімен бірлесіп, 4 жоба бойынша Қызылорда қаласының жылу, су және электрмен жабдықтау жүйелерін, жолаушылар тасымалы жүйесін жаңғырту бойынша жобаларын іске асырып жатыр.
Соңғы алты жыл ішінде Сыр елінің саны 53,5 мың адамға өскенін де қуанышпен айта кеткен жөн.
Айта кетейік, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың есепті кездесуі Н.Бекежанов атындағы театрда өтті. Жиын "Qyzylorda" телеарнасынан, "youtube" әлеуметтік желісінен, облыс әкімдігінің "facebook-тегі" ресми парақшасынан тікелей эфирде көрсетілді.
Ибраш Әли
13 ақпан 2019 ж. 10 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№ 07 (284)

14 ақпан 2019 ж.

№ 06 (283)

07 ақпан 2019 ж.

№ 05 (282)

31 қаңтар 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728