» » КЕЛІН ҚАЛАЙ КЕЛСАП АТАНАДЫ?

КЕЛІН ҚАЛАЙ КЕЛСАП АТАНАДЫ?

   – Қазіргі келіндерге тіпті сөйлеуден қалдық.
– Неге?
– Бір нәрсе айтпас үшін, алдымен көңіл күйіне қараймыз. Ә десең мә деуге дайын тұрады. Сосын ұлыңа қарсы қояды. Немерем де анасының қас-қабағына қарайды. Бәрі келіннің қырсықтығынан.
– Ененің келін көңіліне қарағанын бірінші рет естуім.
– Біз бұрын ата-енеміздің айтқанын екі етпейтінбіз. Тіпті көзбен жұмсайтын. Ене түгілі қайын сіңілі, қайын апаға да қабақ шытып көрмедік. Олар не айтты, сол болатын. Келсе болды, құрақ ұшып қарсы алушы едік.
– Оны айтасыз, далаға нан жауып, пеш жағып, кір жудық. Таң атқаннан кеш батқанша далада жүрдік. Қазір жан қинайтын жұмыс жоқ. Техника бәрінің орнын алмастырды. Сонда да "бір бітпейтін тіршілік" деп ашуланады да жүреді. Келін деген күліп жүруші еді...
(Әңгімеге тағы бір кісі араласты)
– Менің де келінім бір нәрсе айтсам қылтиып қалады. Бірыңғай өзінікін дұрыс қылып шығады.
– Қызық...
Бұл емханада кезек күтіп тұрған енелердің әңгімесі. Неден басталы дейсіз ғой. Бір қыз өз кезегінде үлкен кісіні кіргізбей, оған ұрыса сөйледі. "Ерігіп жүрген ешкім жоқ, менің де жылап жатқан балам бар" деді. Ана кісі амал жоқ "қарағым, кіре бер, тек ұрыс шығарма, біз зейнетте отырған адамбыз" деді. Осымен әңгіме аяқталды.
Келіншегімен айырылысып кеткен көршім бар. Себебін сұрасам ұрыс-керіс, түсінбеушілік жайттар жиілегенге ұқсайды. "Анам екеуі келіспей қала берді. Мен жоқ кезде жиі ұрысады екен. Бір күні жұмыстан ерте келдім. Дауыстары көшеге естіліп жатыр. Сөздеріне қарасам бірінші рет болған жағдай емес екенін аңғарасың. Қысылып, қымтырылып тұрған адам жоқ. Келіншегіме дауыс көтергенімді жасырмаймын. "Үйіме кетемін" деді, мен де "жолың болсын" деп шығарып салдым. Анамды сыйламаған жардың маған қажеті жоқ деп шештім", – дейді Нұрбол (аты өзгертілген)
Бір танысым тұрмыс құрды. Үйінде ата-анасы, қайнысы, қайын сіңілісі барлығы тұрады екен. Қайын сіңілісі көп тиісетін көрінеді. Асты-үстіне түссе де ұнатпайды. Сөйтіп бөлек шығып тынған екен. "Басында тату-тәтті өмір сүрдік. Ата-енем ләм-лим демейді. Бірде үйге қонақ келетін болды, мен жеке жұмыстарыммен үйге кеш келдім. Алдымнан қайын сіңлім қарсы алды, айтпаған сөзі қалмады. Былапыт сөздер де кетіп жатыр. Енем ара түсіп, қызын сабырға шақырды. Отбасымен ақылдасып, бөлек шығару керек деп шешті. Өз еншімізді алдық та кете бардық. Басында қиын болды. Ата-енемнің жоғы жаныма қатты батты, бірақ "басқа түссе баспақшыл" деген үйреніп кеттік", – дейді Әйгерім.
Келін келсап па? Шынында, келінді келсап қылатын кім? Ойланып көрейікші.
Қыз тұрмыс құрады. Өзге біреудің босағасын аттайды. Бәрі бөгде адам, бейтаныс орта. Үйреніп кету қиынға соғады. Әр үйдің өз заңы бар. Осылайша енесі келінге жөнін айтып, жол көрсетуі тиіс. Ал бізде қалай? Бір нәрсе дұрыс істемесең айтылатыны бір сөз, мысалы, тамақ дәмсіз болса "анаң тамақ істеуді де үйретпеген бе?, "қонақ күтуді де білмейсің," тағыда басқа осылай кете береді. Зейнеп Ахметова "бүгінгінің енесі келінінің "қақпас", "мыстан" атамағанына шүкірлік етіп, "апаша", "енешка" дегенін қанағат тұтатын болды" дейді журналистерге берген сұқбатында.
– "Пәленшенің мамасы", "Ана үйдегі кемпошка", "Каляни" (үндінің "Келін" телехикаясының кейіпкері) деген сияқты құлаққа түрпідей естілетін, адамгершілік құндылықтардан алыс, салқын атауға да үйренді. Бұған бір жағы көпшілік енелердің келінді қызындай көрмей, өздеріне жат санайтыны да себеп болса керек.
Иә, «қызым келіннен, ұлым елімнен ғибрат алып өседі» дейді халық даналығы. Ұлтымызды өсіретін де, өшіретін де – келіндер. «Келіні жақсының керегесі алтын». Ендеше келіндердің әдепті, инабатты болғанын тілейік.
Мөлдір САБЫРЖАН
15 наурыз 2019 ж. 1 362 0

PDF нұсқалар мұрағаты

14-343

09 сәуір 2020 ж.

13-342

02 сәуір 2020 ж.

12-341

27 наурыз 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930