» » ДАМУҒА КӨҢІЛ БӨЛУ КЕРЕК

ДАМУҒА КӨҢІЛ БӨЛУ КЕРЕК

  Жарқынбек ЖОЛАМАНОВ, "Қайсар" жастар командасының бапкері:


Елімізде футбол маусымы басталғалы бірер айдың жүзі болды. Командалар жинақталып, ойыншылар ширай бастады. Бүгінде елдегі үш біріншіліктің бәсекесі қыза түскен. Бұл сында қызылордалық үш клуб та өнер көрсетеді. Премьер-лигада – "Қайсар", бірінші лигада – "Байқоңыр", екінші лигада – "Қайсардың"  жастар құрамы Сырдың намысын қорғайды. Әзірге үш клубтың да аяқ алысы жаман емес. Соңғысы елдегі ең жас команда саналады.   Бапкері де 28-ге жаңа толған жас маман. Аймақ футболының дамуына үлес қосып жүрген Жарқынбекпен аз-кем әңгімелескен едік. 
 
– Оқырманға түсінікті болу үшін Жарқынбектің футболдағы жарқын жолы қалай басталғанын айтсақ.
– Милиондардың ойыны саналатын футболға кімнің болмасын әуесі ауады. Бала кезден теледидарға телміріп, әлемнің үздіктерін қарап өстік. Әлі есімде 2003 жылы 17 қыркүйекте үлкен футболға келіп, Сәрсенбек Қиятбаевтың қол астына қабылдандым. Сарсенбек ағайдың тәлімін алып, аяғымыз қатайып, алаңда еркін көсілдік. Бірнеше республикалық жарыстарға қатысып, бапкер сенімін де ақтадық. 4 жыл уақыт өткеннен кейін "Қайсар жасқа" қабылданып, бірінші лиганың оңтүстік-батыс дивизиясында бақ сынадық.   2008 жылдан бастап жоғары топта өнер көрсететін командалардың қосалқы құрамы болуы тиіс болды. Сол себепті "Қайсар жас" клубтың екінші командасы саналды. Екі жыл сонда тер төктік.
– Шамасы, 2009 жылы үлкен командамыз Премьер-лигадан қол үзіп қалғаннан кейін футболдағы мансабыңыз тәмамдалған секілді...
– Иә, солай деуге толық негіз бар. Сол жылдары біздің футболда өтпелі кезең болды. Премьер-лигадан шығып қалған командалардың қосалқы клубы да біріншілікке қатыса алмайды. Сондықтан жастар құрамындағы ойыншылар 1 жыл алаңнан тасада қалды. Рас, командадағы бірнеше әріптесім мықтылығын көрсетіп, "Қайсарға" қабылданды. Шын мықтыға тұсау жоқ қой. Мен неге қабылданбадым деген реніш те жоқ. Өйткені өзіміздің қай деңгейде екенімізді білдік. 
– Бапкерлік жолыңызға бет бұрайықшы, футбол орталығына қалай тап болдыңыз?
– Үлкен футболдан қол үзгесін 3-4 жыл аладоптың айналасынан алыстадық. Оқу-орнын жағалап, білім алдық. Жұмыс істеп, нәпақамызды таптық. 2013 жылы қазіргі футбол орталығының жетекшісі Әлихан Қалиев Қазақстан футбол федерациясының тапсырмасына сәйкес клубтың жанынан орталықтың ашылатынын құлағдар етті. Әр нәрсенің бастауы қиын ғой. Бұрын соңды бапкерлік қызметті атқарып көрмеген соң ойланып барып шешім шығардым. Орталыққа қабылданған соң 2005-2006 жылы туған жасөспірімдермен жұмысты бастап кеттім. Келер жылы 2002 жылы туған жеткіншектерге жетекшілік етіп, балалар арасындағы біріншілікке бастап бардым. 2003-терге де білгенімді үйреттім. Өткен маусымнан бастап басшылық "Қайсардың" жастар құрамына тағайындап, сенім білдірді. Жалпы бапкерлік жолға келуіме Әлихан Қалиевтың ықпалы жоғары десек болады.
– Футболда "мықты футболшы жақсы бапкер бола алмайды" деген қағида бар. Бұл пікірге маман ретінде көзқарасыңызды білсек.
– Бұл пікірмен келісуге де, келіспеуге де болады. Көзқарасым – 50 де 50. Мысалы, футбол аңызы Пелені бапкер ретінде көре алған жоқпыз.  Белгілі бапкер Жозе Моуриньюды футболшы ретінде кім таныды? Керісінше Зиданды алып қараңызшы. Футболда жетпеген жетістігі қалмады. Мансабын аяқтағасын бапкерлік қызметті қолға алып, әлемді шулатты. "Реалды" Чемпиондар лигасында қатарынан жеңімпаз қылды. Сондықтан бұл пікірге тең көзқараспен қараймын.
– Өткен маусымда сіздің жетекшілігімен ойнаған "Қайсардың" қосалқы құрамы біріншіліктегі ең жас ұжымның бірі болды. Бұл сіздің таңдауыңыз ба?
– Қай саланы алып қарасаңыз да тәжірибені үлкендерден аламыз ғой. Сол себепті командаға жасөспірімнен бастап жинақтадық. Шаршы топқа шығып, шыңдалып шыққанын қаладым. Өткен маусымның бастапқы ойындарында жеңілдік, жанкүйерлер теріс пікір айтып, реніш білдіргені де болды. Бірақ соңғы сәттерінде шәкірттерім тәжірибе жинақтап, жеңіспен қуанта бастады. Біздің мақсатымыз "Байқоңыр" командасына футболшылар даярлап шығару. Биыл біздің ұжымнан Қасымхан Алпысбаев, Еркебұлан Кенжебай, Нұрдаулет Әмірбек, Мағжан Бауыржан секілді шәкірттерім "Байқоңырмен" бірге жаттығып жүр.
– Бүгінде команданың ең кенжесі кім?
– Құрамдағы жігіттердің бірнешеуі "Байқоңырға" кеткесін, жаңа ойыншылармен қатарды толықтырдық. Команданың ең кенжесі 2004 жылы туған Ислам Әбілқасов.
– Екінші лигада өнер көрсететін кейбір командалар негізгі құрам ойыншыларының көмегіне жүгініп, жеңісті оңай еңсеріп жатады. Бұл жүйеге алып қосарыңыз бар ма?
– Көбіне өз алаңында ойнайтын клубтар осындай жүйеге жүгінетіні жасырын емес. Мысалы, біз де "Қайсардан" ойыншылар сұрап, командаға қосуымызға болады. Бірақ бұл жас буынның өсіп-өнуіне кері әсерін тигізеді. Оның үстіне жергілікті футболшылардың алаңда ойнағанын қалаймын. Ұпай алу үшін емес, жастардың дамуына жұмыс істегеніміз абзал.
– Стадиондағы жанкүйерлердің төрешілерге қатысты наразылығын жиі байқап жүрміз. Екінші лигада төрелік ететін төрешілердің деңгейін қалай бағалайсыз?
– Біздің біріншіліктегі төрешілердің дені қатарға жаңадан қосылғандар. Барлығы кәсіби мамандар дей алмаймыз. Тіпті кейбіреуінің саласы футболға келіңкіремейді. Жалпы біздің біріншілік арқылы төрешілерді сынамадан өткізеді.
– Соңғы сауал.  Осы маусымда командаңызға қандай межені белгіледіңіз?
–  Былтырғы көрсеткішті жақсартып, алаңда сауатты, ширақ қимылдасақ жеткілікті. Сонымен қатар "Байқоңыр" командасына жақсы  ойыншыларды даярлап шығарсақ деген мақсатымыз бар.
Сұхбаттасқан
Ерасыл ШӘРІБЕК
09 мамыр 2019 ж. 103 0

PDF нұсқалар мұрағаты

29-306

18 шілде 2019 ж.

28-305

11 шілде 2019 ж.

27-304

04 шілде 2019 ж.

Спорт

НЕАПОЛЬДЕН ЖЕТІ ЖҮЛДЕ
21 шілде 2019 ж. 37
ҒАФУР ҒАЙЫП БОЛДЫ

ҒАФУР ҒАЙЫП БОЛДЫ

20 шілде 2019 ж.
ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ

ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ

19 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031