» » Жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараты ашылды

Жастар ресурстық орталығының жаңа ғимараты ашылды

Елімізде Жастар жылының жариялануы жас буын үшін жарқын бастамаға айналды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Үкімет пен өңір әкімдеріне тапсырмасынан кейін жастар тақырыбына кеңінен басымдық берілді. Көптеген жобалар қолға алынды. Бір қуантарлығы, әр өңірде жастар ресурстық орталықтарының жұмысы кеңейді. Ал Сыр өңірінде "Жастар ресурстық орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі жаңа ғимаратта өз жұмысын бастады. "Жастар жылы" аясында жүзеге асқан жоба жастарға мол мүмкіндік бермек. Себебі қайда барамын, уақытты қалай тиімді өткіземін, жұмысқа қалай орналасамын деген сауалдар ендігі жерде бір орталықтан шешімін табатын болады. Аталмыш орталықтың салтанатты ашылуына аймақ басшысы Қ.Көшербаев қатысты.

– Белсенді жастар барлық салада бар және олар өз саласының негізгі күші, ертеңгі тұт­қа­ұстарлар. Бір қуанарлығы – олар белсен­ді, ой-сана ауқымы кең және білімді. Олардың бойындағы буырқанған күш тек бір бағытқа – күнделікті жұмысты атқаруға ғана емес, елді, Отанды дамытуға үлес қосуға, жаңаша ойлап, заманауи бастама­лар көтеруге де негізделуі тиіс. Әрине аға ұрпақтың ізгі ісі – жастарға оң жағдай жасау. Биылдың өзінде аймақта мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға 500 млн-нан аса қаржы қаралса, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған биылғы Жастар жылына орай қосымша 70 млн. қаржыға жаңа бастамалар бірінші кезекте қолдау тапты, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Сәулеті мен салтанаты келіскен ғимарат тәулігіне 250-300 жасқа қызмет көрсетеді. Сондай-ақ IT-park, антикафе, интернет кітапхана, коворкинг, продюсерлік орталықтар, мәжіліс залы, 300 орындық акт залы, жаттығу залы, психологиялық, медициналық кеңес беру кабинеттері облыс басшысының тапсырмасымен тәулік бойы жұмыс істейді. Жастар орталығы ғимараты бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде «ҚазГермұнай» Біріккен кәсіпорны» ЖШС демеушілік қолдауымен пайдалануға берілген.
Айта кету керек, орталықтағы қызметтің барлығы ақысыз. "Бұл Сыр жастары үшін сыйлық деп білеміз. Кез келген жас өзінің өмірде болып жатқан мәселесіне, жеке басына, қоғамдағы мәселелерге ұсыныс, пікірлерін орталыққа келіп білдіре алады.  Біз жастармен бірлесіп, тығыз жұмыс істейміз", – дейді облыстық жастар орталығының директоры Абылайхан Сабанбаев.
Қызылорда облысы әкімдігі 2014 жылы Ресейдің жоғары оқу орындарымен меморандумға қол қойып, көрші елдің беделді ЖОО-да жүздеген түлек оқытуды ұйымдастырған жалғыз облыс. Қазір Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында облыс мектептерінің түлектері білім алуда. Өткен жылы алғашқы 74 түлек оқуын бітіріп, бірқатар жас маман аймақтағы ірі кәсіпорындар мен мекемелерге жұмысқа орналастырылды. Ал 900-ге жуық ауыл балалары облыс әкімінің арнайы грантымен республиканың озық жоғары оқу орындарында аймаққа қажетті мамандықтарды игеруде. Сонымен қатар 4,5 мыңнан астам сырбойылық жас "Серпін" бағдарламасы аясында орталық, шығыс-солтүстік аймақтардың оқу орындарында оқып жатыр.
Қазақстанның жастары – елдің басты байлығы. Еліміздің болашағы да жастар, сондықтан оларға үлкен үміт артылып отыр. Тәуелсіздік жыл­­дарында көп жетістікке қол жет­кіз­дік. Мемлекетіміздің нығая түсуіне бұ­рын­­ғыдан да мол үлес қосу үшін жастар енді бұрынғыдан да белсенді болуы керек. Солай болады деп сенеміз.
Қыдаш ӘМІРБЕК, студент:
Сыр өңірі жастарының басын бір арнаға тоғыстыратын орталықтың ашылғаны мені қуантады. Уақытын қалай тиімді өткіземін деп алаңдайтын жастар қатары азаяды деген сенімдемін. Орталықтың ішін толық аралап көрдік. Құрылысының өзі ерекше. Әйнекпен безендірілген екі этажды ғимаратта жастарға керектінің бәрі бар. Жаңа ғимаратта жаңа жұмыстардың басталатыны, тың жобалардың қолға алынатыны белгілі. Біз жастар Елбасы сенімін ақтайтын боламыз.
Сағатбек Сиюов, «Жылы жүрек жастар» еріктілер тобының жетекшісі:
– Аймағымызда сол жағалаудан  жастарға арналған жастар орталығы ашылды. Ғимарат ең алдымен әдемілігімен адамды тартып тұрады. Заманауи жабдықталған орталықта жастар үшін барлық жағдай жасалған. IT park,  коворкинг орталық,  кітапхана, антикафе, жаттығу залы,  акт зал, жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін тиімділігі зор. Ашылуына аймақ басшысы қатысып, жастарға сәттілік тіледі. Мұның өзі қызылордалық жастарға жігер береді. Қуантарлық жайт, орталық 24 сағат жұмыс істейді. Жас достар, сіздерді жаңа орталыққа шақырамын.
Евгений ДЕМИДЕНКО, №2 «Мұрагер» мектебінің 11 сынып оқушысы:
– Осындай керемет орталықтың ашылғанына қуаныштымын. Бұл –жастарға берілген үлкен мүмкіндіктің бірі. Өрендер жаңа жобаларын жүзеге асыру барысында осы орталықтан қолдау табады және болашақта Сыр өңірі атынан үлкен жетістіктерге жетеді деген сенімдемін. Мұнда жастар идеяларын іске асыратын болады. Саналы тәрбиемен қоса сапалы білім алу – аса маңызды. Сондықтан жастар жылында Сыр елінің жас белсенділері бірқатар интеллектуалды-инновациялық жобаларды қолға алып, жүзеге асырады деген сенімдемін.
Мөлдір САБЫРЖАН
13 мамыр 2019 ж. 28 0

PDF нұсқалар мұрағаты

20-297

16 мамыр 2019 ж.

№ 19 (296)

09 мамыр 2019 ж.

№ 18 (295)

03 мамыр 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031