» » Қасымжомарт Тоқаев – Қызылорда да

Қасымжомарт Тоқаев – Қызылорда да

Апта басында мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қызылордаға келді. Сапар барысында өнеркәсіп орындарын аралап, өңірдің инфрақұрылымдық жоспарымен танысты. Сондай-ақ облыстық әлеуметтік-мәдени нысандарда болып, тұрғындармен кездесті.
Президенттің облысқа сапары 2017 жылы ашылған облыстық көпбейінді балалар ауруханасынан басталды. Заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған 11 бөлім, 5 операциялық блок, реанимациялық және анестезияға арналған бөлімше және кеңес беру-диагностикалық бөлімінде барлығы 537 адам еңбек ететін, жетекші шетелдік клиникаларда мамандар біліктілігін арттыру тәжірибесін жолға қойған аурухана ұжымы Президентті ықыласпен қарсы алды.

Мемлекет басшысының жұмыс сапары бағдарламасының келесі нысаны – «Жан-Арай» кешені болды. Мұнда Қасымжомарт Тоқаев аймақтың ауылшаруашылығы өнімін өндірушілермен кездесті. Айта кету керек, соңғы алты жылда облыстың ауылшаруашылығы өндірісі кешеніндегі экспортталатын өнімдер саны 3-тен 15 түрге дейін артты. Былтырғы қорытынды бойынша экспорттың 97 пайызы қайта өңделген өнім үлесіне тиесілі. Бүгінде экспорттың өсуін және өзіндік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған «Агрокарта» әзірленгені белгілі. Күріш өңдеу және құрама жем зауыттары тәулігіне 150 тонна күріш, 170 тонна ұн, 80 тонна құрама жем өндіретін кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыс істейді. Кәсіпорын жұмысшылары тұқым себіліп жатқан уақытта Сыр өңіріне аяқ басқан Президент қадамына сәттілік тілеп, жақсылыққа балады.
Бұдан кейін Қасымжомарт Тоқаев Қызылорда қаласының сол жағалауында болды. Мұнда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев сол жағалау құрылысының ҚР Үкіметімен бекітілген бас жоспарымен таныстырды. «Сол жағалаудағы жаңа қаланың жалпы аумағы 1532 гектарды құрайды. Бүгінде Қызылордада 280 мыңға жуық адам тұрады. 2025 жылға қарай халық саны 350 мыңға жетеді, яғни тұрғын үй құрылысын дамыту үшін қосымша аумақтар қажеттілігі туады», – деді облыс әкімі. Аймақ басшысының айтуынша, қазіргі уақытта сол жағалауда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында үстіміздегі жылдың І жартыжылдығында пайдалануға берілуі жоспарланған 460 пәтерлік 8 тұрғын үйдің құрылысы аяқталуда. Бұдан басқа әлеуметтік және коммерциялық сипаттағы 1190 пәтерлік қосымша 28 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жалпы сол жағалаудағы 3 тұрғын үй ауданында ағымдағы жылы 2340 пәтерлік 50 тұрғын үй салынады. Оның ішінде 431 пәтер аз қамтылған көп балалы отбасыларға беріледі. Бүгінде қаланың жаңа бөлігінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 320 орындық балабақша салынды. Сондай-ақ жеке құрылыс салушылардың есебінен 14 көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. «Болашақ» университеті кампусының құрылысы аяқталуда. 2019-2020 жылдары емханасы бар көпбейінді аурухана, отбасылық медицина орталығы, жатақханасы бар физика-математикалық мектеп, жеке мектеп және т.б. салу жоспарланған. 2018 жылдан бастап сол жағалау аймағында қажетті инфрақұрылым құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн.
Сырдария өзенінің сол жағалауындағы пайдалануға берілген алғашқы нысан 1925 жылы ұлтқа «қазақ» атауын қайта беру туралы тарихи шешім қабылданған бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитетінің сызбасы бойынша салынған «Рухани жаңғыру» орталығы болды. Президент ғимараттағы Қызылорда қаласының тарихына арналған мұражай экспозициясымен танысты. Сол жағалаудағы тағы бір маңызды нысан – мамыр айының басында пайдалануға берілген тәулік бойы жұмыс істейтін Жастар орталығы. Қасымжомарт Тоқаев осы орталықтың қызметімен танысып, аймақ жастарымен кездесті.
Бес жұлдызды «Сұлтан плаза» қонақүйіндегі Президенттің өңір жұртшылығымен кездесуіне 400-ден астам қызылордалық қатысты. Өңірдің зиялы қауымы, ардагерлер мен жастар өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен БАҚ өкілдері қатысқан жиында халықты әлеуметтік қолдау мәселелеріне назар аударылды.  Шетелдік компанияларда жұмыс істейтін қазақстандықтардың мүддесі айтылды. Мемлекет басшысы аймақтардан түсіп жатқан ұсыныстар негізінде өңірлерді дамытуға бағытталған арнайы кешенді мемлекеттік бағдарламаның іске қосылатынынан хабардар етті. Осы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін облыс басшылығы шешуі тиіс бірқатар мәселелерге тоқталды.
«Тұңғыш Президент бастамасымен іске қосылған барлық әлеуметтік бағдарламалар толық жүзеге асады және ауқымы кеңейеді. Әлеуметтік саясатты одан әрі тиімді жүзеге асыруға қосымша 2 триллион теңге бөлеміз. Көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға 40 мың жалдамалы пәтер салынады. Азаматтардың еңбек құқығы – қоғамды мазалайтын келесі мәселе. Әсіресе шетел компанияларында жұмыс істеп жатқан отандастарымыздың мүддесін қорғау маңызды. Республикалық деңгеймен салыстырғанда Қызылорда халқының тұрақты табысы әлі де төмен. Мәселені бір күнде немесе бір айда шешу мүмкін емес. Мен мұны түсінемін. Бірақ жағдайды өзгерту керек. Аймақтағы азаматтардың жалақысын өсіру – Үкімет пен облыс әкімінің басты міндеті», – деді Мемлекет басшысы. 
Дамудың жаңа драйверлерін қалыптастыру және қуатты экономикаға қол жеткізудің маңыздылығын атап өтті. «Индустрияландыру саясаты өзінің жемісін берді. Бұл бағыт одан әрі жалғасады. 2013 жылдан бері Қызылорда облысында өңдеуші өнеркәсіп саласы екі есе өсті. Ірі цемент зауыты іске қосылды. Шалқия кен орнында қуатты комбинаттың құрылысы басталды. Бұдан бөлек облыстағы шыны зауытының құрылысын аяқтау қажет. «Бәйтерек» холдингі мен облыс әкімдігіне зауытты іске қосып, Қазақстанның алғашқы шынысын шығаруды тапсырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Ауылдардың өсіп-өркендеуі агросектордың ілгерілеуіне септігін тигізетінін айтқан Президент облыстың ауылшарушылығындағы әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай отырғанына назар аударды. Суармалы жерлердегі су тапшылғын жою үшін жаңа су қоймаларын салу қажеттігін айтып, осыған байланысты нақты жұмыс жоспарын ұсынуды тапсырды. Бұдан кейін Президент экологиялық мәселелерге, Арал проблемасына, айналаға зарарын тигізіп отырған мұнай-газ және уран қалдықтарына назар аударды.
«Экология – қызылордалықтарды толғандыратын мәселенің бірі. Халық Арал тағдырына алаңдайды. Елбасының бастамасы бойынша «Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы іске асырылуда. Осы жобаның және Көкарал бөгетінің арқасында Кіші Аралдағы су қалпына келді. Бұл балық шаруашылығын жандандыруға септігін тигізді. Тағы бір маңызды мәселе – бүгінде тұрғындарды мұнай-газ бен уранның зиянды қалдықтары алаңдатып отыр. Өңірдегі кәсіпорындарға жаңа технологиялар енгізіп, экологиялық қауіпсіздікті жаңа стандарттарға сай ету қажет», – деді Мемлекет басшысы.  Бұдан соң ғарыш технологияларын да Отанымыздың мүддесі үшін қолдану мәселелері ортаға салынды.
Президент сөзінен соң өңір жұртшылығы атынан ардагерлер, кәсіпкерлер, мұғалімдер, спортшылар сөз сөйлеп, бірқатар ұсыныс-тілектерін жеткізді. Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбілбай Садықов өңірдің әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелерін шешкені үшін Тұңғыш Президент – Елбасына алғыс айтып, Сыр еліне қонақ болуға шақыратын тілегін Елбасына жеткізуді сұрады. Мұнымен қоса Шиелі ауданының «Ақмая» шаруа қожалығының басшысы Дәулет Жұмбеков, «Аралтұз» АҚ Президенті Айдынбек Тауасаров, аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Әлима Әбдіхалықова, мәнерлеп сырғанаудан әлемнің вице-чемпионы Этизабет Тұрсынбаев аймақ дамуының түрлі салалары жайында баяндап, ұсыныс-тілек жеткізді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы өңірді дамыуға сүбелі үлес қоқан қызылордалықтарды мараптаттады. Олардың қатарында «Сыр маржаны» ЖШС директоры Мінәжадин Өтеев, «Бақ-береке 2030» ЖШС директоры Қайрат Ерназаров, облыстық медициналық орталық хирург дәрігері Абдулла Шүленбаев, «Нартай» өнер мектебінің директоры Мұхаммедәлі Бекпейісов, мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева бар.
Мемлекет басшысының Сыр өңіріне сапары Байқоңыр қаласында қорытындыланды.                                             
                                                                           А.ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ
16 мамыр 2019 ж. 137 0

PDF нұсқалар мұрағаты

29-306

18 шілде 2019 ж.

28-305

11 шілде 2019 ж.

27-304

04 шілде 2019 ж.

Спорт

НЕАПОЛЬДЕН ЖЕТІ ЖҮЛДЕ
21 шілде 2019 ж. 63
ҒАФУР ҒАЙЫП БОЛДЫ

ҒАФУР ҒАЙЫП БОЛДЫ

20 шілде 2019 ж.
ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ

ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ

19 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031