» » ПРЕЗИДЕНТ СЫР ЖАСТАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

ПРЕЗИДЕНТ СЫР ЖАСТАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Елбасы жастардың қоғам өміріндегі белсенділігін арттыру мақсатында биылғы жылды "Жастар жылы" деп жариялағаны белгілі. Бүгінде аймақ жастарына жан-жақты қолдау көрсетіліп, әлеуеті арта бастады. Жуырда шаһардың сол жағалауында ашылған Жастар орталығында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев  жалынды жастармен жүздесті.
Кездесу кезінде Санкт-Петербург мемлекеттік өнеркәсіптік технологиялар және дизайн университетінің түлегі Жазира Смаилова мемлекеттің жастарға қамқорлығы мен қолдауы үшін ризашылығын білдірді. Жазира Мәскеу мен Санкт-Петербургтің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында Ресей Федерациясы Үкіметінің қаражаты есебінен білім алған 500-ге жуық қызылордалық жастың қатарынан. Бүгінде ол – Жаңақорғандағы «СКЗ-U» күкірт қышқылы зауытының инженер-технологы.

– Аймақ басшылығының қолдауымен сырбойылық мектеп түлектері 2014 жылдан Ресейдің алдыңғы қатарлы техникалық жоғары оқу орындарында білім ала бастады. Осындай қолдауға ие болған жастардың қатарынан табылғаныма қуаныштымын, – деді жас маман.
Еске салайық, былтыр 32 түлек оқуын тәмамдап, жергілікті кәсіпорындарда еңбек етуге кірісті. Биыл тағы 132 білім алушы оқуын бастайды деп жоспарланып отыр. Осы орайда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев 900-ге жуық дарынды да талапты ауыл баласына арнайы білім гранттары бөлінгенін атап өтті. Бүгінде олар еліміздің озық жоғары оқу орындарында өңірге қажетті мамандықтарды меңгеруде. Одан бөлек, 4,5 мыңнан астам жерлесіміз «Серпін» бағдарламасы аясында орталық, шығыс солтүстік аймақтардың оқу орындарында оқып жатыр.
Мемлекет басшысымен кездесуде аралдық Қасым-Жомарт Сайлаубаев Алматыдан арнайы келіпті. Ол өз есімінің ел ағасының құрметіне қойылғанын және мұны мақтан тұтатынын жеткізді. Он тоғыз жастағы Қасым-Жомарт қазіргі күні Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетінің бизнес мектебі факультетінде білім алуда. Оқуды аяқтаған соң мықты маман болып қалыптасуға тілектестік білдірген Президент кіші Қасым-Жомартқа қолтаңбасын қалдырды.
Сонымен қатар, Президент тәулік бойы жұмыс істейтін Жастар орталығының тыныс-тіршілігімен танысты. Еліміздегі алғашқы республикалық IT-парк те осы ғимаратта орналасқан. Жастарға өздерінің бизнес идеяларын ауқымды жобаға айналдыру үшін барлық мүмкіндік қарастырылғанын орталықтың басшысы Абылайхан Сабанбаев алға тартты. Робототехниканы меңгергісі келетіндер де орталыққа келіп, тәжірибесін толықтыра алады.
Жалпы облыс тұрғындарының 4-тен бірі – жастар. Ашылғанына аптадан енді ғана асқан орталыққа бүгінге дейін мыңға жуық жас келіп үлгеріпті. Болашақта бұл орын сырбойылық жастардың тұрақты бас қосатын шаңырағы болатынына сенім мол. Жаңа ғимарат құрылысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі негізінде «ҚазГермұнай» біріккен кәсіпорны» ЖШС-нің демеушілігі арқылы жүргізілді. Мұнда интернет-кітапхана, антикафе, IT-парк, жаттығу және конференц залдары орналасқан.
Кездесу соңы Президент Сыр жастарымен естелік суретке түсумен қорытындыланды.
Ерасыл ШӘРІБЕК
16 мамыр 2019 ж. 41 0

PDF нұсқалар мұрағаты

20-297

16 мамыр 2019 ж.

№ 19 (296)

09 мамыр 2019 ж.

№ 18 (295)

03 мамыр 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031