» » Құрылыс ауырдың асты, жеңілдің үсті емес

Құрылыс ауырдың асты, жеңілдің үсті емес


Сәдірбек Жұмабеков, "Жас құрылысшылар" жасағының жетекшісі:

"Құрылысшы" деген сөзді естігенде, үстіне купайкесін киіп нысан барысында жүрген азаматты елестетініміз жасырын емес. Ал олардың еңбегі сол сәтте ескерілмей жатады. Түптің-түбінде біздің жылы орында ұйықтап, әсем ғимаратта жұмыс істеуімізде құрылысшылардың еңбегі орасан зор. Сонымен қатар Сыр өңіріне 5 жыл бұрын келген адам, бұрынғы қаланы таба алмасы анық. Себебі көздің жауын алатын, заманауи ғимараттар саны күн санап артуда. Оған мысал ретінде сол жағалауды негізге алсақ болады. Ал аймақтың көркін кіргізіп, әр кірпішін қалаған міне, сол құрылысшылар. Бүгін біз құрылысшының қызметін оқырманға жеткізу мақсатында құрылысшылардың жұмысымен таныстыруды жөн санадық. Біздің көкейдегі сауалдарға "Жас құрылысшылар" жасағының жетекшісі – Сәдірбек Жұмабеков жауап берді.
Маңыздылығы жағынан дәрігер мен мұғалім мамандығымен бірқатар тұратын құрылысшылардың әлі күнге дейін тапшылығы байқалады. Биыл жас құрылысшылар жасағы қанша құраммен толықты?
– Сыр өңірінің құрылысы қарқынды дамуда. Оны қаланың әсем ғимараттарынан-ақ байқауға болады. Бұл ғимараттар қызылордалықтардың игілігіне салынды. Ал онда құрылысшылардың ерен еңбегі бар. Сол жағалаудың өзін мақтанышпен айтуға болады. Жаңадан бой көтерген облыстық жастар ресурстық орталығы ғимаратының да құрылысы ерекше көзге түседі. Заманауи ғимарат жастардың шабытын шақыратынына сенімдімін. Сондай-ақ, құрылыс саласының дамуы, елдің экономикалық, әлеуметтік жағдайының арта түсуіне тікелей әсер етеді. Сондықтан соңғы жылдары облыста құрылыс саласы қарқынды дамып келеді деп толық айта аламын. Жас құрылысшылар жасағына келер болсақ, жоспар бойынша 300 жасты қамту ойымызда бар.


Оның қанша пайызы тұрақты жұмыспен қамтылды?
– Мысалы, "Жастар тәжірибесінде" жұмыс істеген қызметкерді басшылық ұнатып, өз ісіне лайықты деп таныса 6 айдан кейін тұрақты жұмысқа қабылдайды. Жұмыс барлығына табылады. Бірақ лайықты деңгейде жұмыс істей алмайтындардың қарасы басым. Бізге тұрақты жұмыс керек-ақ, десе де қойылар талапты ұмытып жатады. Жалпы тұрақты жұмыспен қамтылған жастарды жыл соңына дейін 6 айдан ұзақ жұмыс істеген жастарды есепке аламыз.
Көпшілігі бұл мамандықты сәулетшілермен шатастырады. Сондықтан осы екі мамандықтың аражігін ажыратып алсақ...
– Өзіңізге белгілі, сәулетші ғимараттың жобасын сызады. Ал құрылысшы сол сызба арқылы ғимаратты тұрғызады. Екі мамандық бір ананың егіз балалары сияқты. Бір-бірінсіз нәтижеге жету мүмкін емес. Себебі бір ғимараттың жұмысы толық аяқталмайынша екі мамандық иесі де бір жерден табылады. Олардың идеялары бір арнаға тоғысуы шарт. Қазіргі таңда бздер жұмысшы мамандарды әзірлеу, жастардың еңбек нарығына қажетті мамандықтарды таңдауына ықпал жасауды мақсат тұтудамыз.
Жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту мақсатында жәрмеңкелер өткізіліп тұратыны белгілі. Нәтижесі қалай болуда?
Жұмыссыз жастарды жұмыспен қамтамасыз етуде жәрменкенің жәрдемі көп. Жәрмеңке арқылы жұмыс іздеп келушілер бар. Олар өз мамандығы арқылы, өзіне қажетті жұмысқа орналасады немесе сала мамандарының кеңесіне жүгінеді. Жалпы аймағымызда жұмыссыз жастарды жұмыспен қамту мақсатында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Нәтижесінде ата-анаға масыл болып отырғандар саны азайды. Бұл жастардың жұмыс істеуге, өмірге бейімделуге оң көзқарасын танытады.  
Бүгінде жаңа нысандардың денінде өзбек азаматтардың еңбегі бар. Бұл біздегі кадр тапшылығының әсері ме? Әлде жұмыс күшінің арзан болуы маңызды ма?
– Несін жасырайын, халық үй салып, сырлайтын болса да өзбек азаматтардың көмегіне жүгінеді. Оны ауылдан да, қаладан да байқауға болады. Бәлкім жақсы істейтін де шығар. Келіскен уақытта бітіріп береді деп соған басымдық беретіндер көп. Біз қазақ халқы қай сәтте болса да кешігіп жүретіні белгілі. Әр нәрсені кейінге қалдыра береміз. Уақытты тиімді пайдалана алмаймыз. Соның әсері өзімізге тиеді. Мысалы, бір үйді салатын болдыңыз. Қожайыны сізге "үш айда бітіріп беріңіз" десе, күн демей, түн демей жұмыс істеп, уақытында бітіріп беріңіз. Ол сізді кейін тағы шақырады. Онымен қоймай туысқандарына да айтып жүретін болады. Міне, бізге осы жетіспейді. Сондықтан да өзбек азаматтарына жүгінуге мәжбүр. Айналып келгенде кінәні өзімізден емес, өзгелерден іздейміз. Бірақ тез бітірілген жұмыстың сапасының да нашар болуы әсте мүмкін. Сондықтан құрылысшы мамандарға сеніп тапсырған жөн. Әр мамандық иесі өз жұмысын біледі, ойлана келен ненің дұрыс,  ненің бұрыс екенін тауып алады. Соңғы бір-екі жыл көлемінде құрылыс саласында еңбек етіп жүрген өзбек азаматтарын көрмейміз. Бұл мамандардың қол жетімді бола түскені деп ойлаймын.

Келешегі кемел мамандықтар қатарына бұл саланы кезіктіре аламыз ба?
– Құрылыс экономиканың қозғаушы күштерінің бірі саналады. Құрылысы қарқынды жүрген мемлекеттің экономикасы дамумен қатар сол елдің қалалары мен елді мекендерінің дәулетіне сәулет кіріп, ажарлана түсетіні анық. Бұған Қазақстан Республикасы анық дәлел бола алады. Еліміз тәуелсіздік алған жылдары құрылыс саласында тоқырау болғаны рас. Десе де уақыт өте келе құрылыс саласы қарқын алды. Елбасының «Қазақстанның ширек ғасырдағы жүріп өткен жолын тек Қызылорда облысының өзінен көруге болады» деген сөзін бәріміз білеміз. Ендеше құрылыстың Сыр өңірінде де дамығаны айтпаса да түсінікті екенін ескерсек, бұл құрылысшының еңбегі екенін тағы жасыра алмаймыз. Осы орайда, толық келіспеске шара жоқ. Иә, қай жағынан қарасаңыз да құрылыс ешқашан тоқтамайды, тоқтамақ та емес. Тек біздің өңір емес, жалпы Қазақстан бойынша сәулеті келіскен мемлекет есебінде танымалмыз. Бас қаламыз Нұр-Сұлтанның өзінде күн сайын бір өзгеріс орын алып жатыр. Күнде бір әсемдікті елемеуіңіз мүмкін емес. Ол қалаға рухани демалу үшін барамыз. Сол сәтте ешқандай көліксіз, жаяу серуендеп, таза ауамен тыныстап, әсем ғимараттарға көз жүгірту арқылы Қазақстанның құрылысына деген сүйіспеншілігім оянады. Сол арқылы әлі де талай істің жүгезе асатынына сеніммен қараймын. 
Құрылысшылардың құқықтық сауаттылығы неге төмен?
– Рас, құрылысшылар құқықтық сауаттылықты білмейді. Көбісі келісімшартта не жазылғанына мән бермейді. Сөйтіп өзіңе тиесілі міндеттен, қарастырылған жеңілдіктерден хабарсыз қалып жатады. Құрылыс саласына көбінесе жұмыссыз жүргендердің келетіні тағы бар. Олар кесек өріп, ғимарат соға білетін де шығар. Дегенмен құрылыс саласын жетік білмейді. Сондықтан олардың құқықтық сауаттылығының төмен болатыны жасырын емес.
Құрылыс технологиясы да жыл сайын өзгеріп, жаңғырып отырады. Соған сай мамандар да біліктілігін арттырады. Бұл тұрғыда жас құрылысшылардың ізденімпаздығын сөз етсек...
– Өзгерістердің басым көпшілігі жаңа технологиялардың келуімен байланысты. Жаңа технологияларды игеруге жастардың қабілеті жетеді. Жастар бірден үйреніп кетеді. Мен әрқашан жастарды ізденімпаз, білімге құштар, білуге құмартып тұрады деп есептеймін.
Осы саладағы өзекті мәселе деп нені айтар едіңіз?
– Басты мәселе жастардың жұмыс істеуге құлықсыздығы. Көбі күрек ұстап, кесек құйғысы келмейді. Одан да тәуір жұмыстың басы-қасында болғанын құп көреді. Дұрысы, кеңседе отырып жұмыс істеу. Бірақ кеңседе отырғандардың да жұмысы кесек құюмен тең келерін білмейді. Маған жастардың ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүргені ұнамайды.
Құрылыс саласында жұмыс істеу оңай емес. Аптап ыстық пен қытымыр аяз қыста да еңбек ететін мамандардың еңбекақысы төмен болмайтын шығар?
– Жұмыс түрлерінің қиындығына, маманның тиімділігіне байланысты жалақы төленеді. Мысалы, Дидарлы есімді жігітті 2017 жылы ИП "Қаласов" мекемесіне жұмысқа орналастырған едік. Қазіргі таңда ол сантехник болып жұмыс істейді. Жалақысы – 180 000 теңге.
Өздігінен "мен құрылысшы" болғым келеді деп ізденіп келгендер кездесті ме?
– Әрине. Бұл мамандыққа қызығып, бақытын осы мамандықтан тапқысы келетіндер өте көп. Әсіресе сметчик, проектировчик, ПТО сынды мамандықтарды игеруге құлшынысты жастар көп. Олардың көптігі мені қуантады.
Құрылыс жасағының сарбаздары түрлі нысанда қызмет етеді. Жалпы жасақ мүшелері тек жәрмеңкемен жұмысқа орналаспаған шығар...
– Жәрмеңкені халық көп шоғырланатын жерлерде өткіземіз. Оның тиімділігі жетерлік. Сосын әлеуметтік желілер арқылы бос жұмыстардың барын хабарлаймыз. Десе де тек жәрмеңкеге қарап отырған жоқпыз. Қазіргі таңда ғимарат салып жатқан мекемелер көп. Олардың көбінде біздің жасақ құрамы бар.
Құрылыс саласы тек ерлерге ғана сай деп есептейміз. Алайда бойжеткендер де атсалысып келеді. Жалпы жас құрылысшылар жасағында қанша нәзік жандылар еңбек етеді?
– Бұл салада ерлердің басым екенін білеміз. Нәзікжандылардың бірен-сараны жүруі мүмкін. Бұл саланың жауапкершілігі жоғары. Ауыртпалығы да бар. Сондықтан құрылысты бойжеткендерге тән деп есептемеймін. Өзіңіз де елестетіңізші, бір бойжеткен кесек көтеріп, құм тасып жүр. Бұл ерсі көрінеді ғой. Сол себепті нәзікжандылар өздеріне лайықты жұмыста істеген дұрыс.
"Құрылысшы мәртебесі қашанда жоғары" деп жалаулатамыз. Осы қарқынға сай құрмет көрсетіле ме?
– Жыл бойы қорытынды жасаймыз. Сол кезде үздік деген жастар марапатталады. Бір жылда биік мінберден көрінген 5 жасақ сарбазына лайықты сый көрсетіледі. Сондай-ақ құрылысшылардың арнайы мерекесінде де қалыс қалмайды. Аталмыш мерекеде жаппай құрылысшылар марапатталады. Оларға қаржылай қолдау көрсетіледі.
– Сол жағалауда жас құрылысшылардың қолтаңбасы бар ма?
– Сол жағалаудың құрылысында 60-70 пайыз жасақ сарбаздары жұмыс істейді. Міне, солар өз қолтаңбаларын қалдырды.
Сәдірбектің біз білмейтін қырлары қандай?
– Қасымызда жүрген, жақын досымызды немесе құрбымыз турасында бәрін білеміз деп есептейміз. Шын мәнінде, өз бойында жасырынып жатқан басқа қырлары болатынын біле бермейміз. Менің өзіндік ерекшеліктерім бар шығар. Бірақ жұрттың мені қалай бар, солай қабылдағанын қалаймын. Бәлкім бір күндері басқа қырынан танып та қаларсыз (күліп).
–  "Жастар жылында" жас құрылысшылардан қандай жаңалық күтеміз?
– Қазақстанның жастары – елдің басты байлығы. Еліміздің болашағы да жастар, сондықтан оларға үлкен үміт артылып отыр. Тәуелсіздік жыл­­дарында көп жетістікке қол жет­кіз­дік. Мемлекетіміздің нығая түсуіне бұ­рын­­ғыдан да мол үлес қосу үшін жастар енді бұрынғыдан да белсенді болу керек. "Жастар жылына" әрбір жас өзінше атсалысуы тиіс деп есептеймін. Мысалы, 300 жасты жұмыспен қамтуды жоспарға алдық. Егер меже орындалса, оның өзі үлкен жетістік болмақ. Себебі NEET санатындағы 300 жасты жұмыспен қамтысақ, ол әрине жұмыссыз жас үшін де тиімді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен Мөлдір САБЫРЖАН
16 мамыр 2019 ж. 132 0

PDF нұсқалар мұрағаты

29-306

18 шілде 2019 ж.

28-305

11 шілде 2019 ж.

27-304

04 шілде 2019 ж.

Спорт

НЕАПОЛЬДЕН ЖЕТІ ЖҮЛДЕ
21 шілде 2019 ж. 63
ҒАФУР ҒАЙЫП БОЛДЫ

ҒАФУР ҒАЙЫП БОЛДЫ

20 шілде 2019 ж.
ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ

ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ

19 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031