» » Ақмешіттен Сауранға дейін

Ақмешіттен Сауранға дейін

Түс ауған шақ. Қоғамдық көліктен түсе сала жұмысқа беттедім. Ұжым азаматтары болып қасиетті айда киелі орындарға тәу етпекке талап қылғанбыз. Содан кешіккім келмей, жүрісімді жеделдете түстім.
 Сонымен, "Сыр медиа" жігіттерінен жасақталған топ жолға шықтық. Әуелгі аяалдағанымыз Асан ата кесенесі болды. Ел аузында "Жеті әулие қорымы" атанып кеткен мекеннің тылсымы көп, ұзын жолдың бойындағы кесенеге келушілердің де қарасы қалың. Жолдың бойы болған соң телефон желісі де бірде бар бірде жоқ боп келе жатыр. Соған қарамастан баба жайында білгенімізді тағы бір пысықтап алмаққа, интернетке үңілдік.
 
 Ей, Ақмешіт, жерің тар екен
Күмбез және күмбез астындағы орын-жай 3,8 м және 6,98 м мөлшерлі берік тікбұрышты кіреберіске сүйенген. Жерден күмбез ұшына дейін ғимараттың ұзындығы – 7,76 м. Күмбездің сегіз қырлы құрылысы бұрышты сүйірленген аркалардан тұрады. Кесененің ішкі интерьері цемент және саз ерітінділерімен әрленген қабырғалар. Асан ата мәңгілік мекенін тапты делінетін кесененің жалпы сипаты осындай.
 Желмаясына мініп, жиһан кезген ойшылдың бар өмірін жасыл орманды, көкорай шалғынды, мөлдір сулы – елді жау шаппайтын, малға жұт келмейтін – суы мол, шөбі шүйгін, ауасы бал жерұйық мекенді, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын құтты қоныс іздеумен өткізгенін бәріміз білеміз. Жарлысы мен байы тең, жабысы мен тайы тең,  шадыман-шаттығы үзілмеген елді армандайды. Осы мақсатта ұлан-байтақ қазақ даласын аралап, барлық жерге өз бағасын беріп кетеді.
Осы сапарында Жиделі Байсынға (қазіргі Ташкент маңайы) келіп:
Әй, Жиделі Байсын, артыма бөктере кетер ем, әттең, атымның сауырына сыймайсың-ау, – дейді.
Ал, Сыр бойына, Ақмешітке келгенде:
Ей, Ақмешіт, жерің тар екен, суың жар екен, әр бұтаңның түбінде бір кесек етің бар екен, – дейді. Ал, Түркістан қаласын, қасындағы Сауранды көргенде:
Әттеген-ай, қорғанды қорғай алмайтын тақырдың бетіне, шөлстанның өтіне салған екен. Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ деген екен.  
Ақшамға іліне Арыстан бабтың басына жеттік. Келген бойда жататын орнымызды реттеп, құрбандығымызды шалып, кесенеге жол тарттық.
 
 Арыстан бабқа түне...
Кесенеге кіргеннен-ақ бойыңды бір сезім билейді. «Арыстан бабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деген сөзді бұрыннан естиміз. Бірақ бұл сөздің не үшін айтылатынын бірі білсе, бірі білмейді. Ендеше аңыз былай өрбиді: «Алланың елшісі Мұхаммед (с.ғ.с) 63 жасында дүниеден өтіпті. Дүние саларында «кім менің аманатымды алып, ісімді әрі жалғар екен» деген өтінішіне 300 жастағы Арыстан баб жауап берген деседі. Ол 30 түрлі дінді білген, бірақ тек исламға мойынсұнған адам екен. Арыстан бабтың келісімін алған Мұхаммед (с.ғ.с) Алланың қалауымен аманатын Арыстан бабқа береді. Содан 500 жыл өткен соң далада келе жатқан Арыстанбабқа 11 жасар бала: «Ата, аманатымды беріңіз» дейді. Сол бала Қожа Ахмет екен.
Бұл аңыздың негізгі ойы — Қожа Ахмет Мұхаммедтің (с.ғ.с) ісін жалғастырушы болса, Арыстан баб — оларды байланыстырушы дегенге саяды.
Арыстан баб кесенесі — көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші. Кесене дәлізхана, мешіт, құжырахана, азан шақыратын мұнара сияқты жеке бөлмелерден құралған. Кесененің ең көне бөлігі қабірхана болуы тиіс. Қазір де оның едені басқа бөлмелермен салыстырғанда едәуір биік. Қабір үстіне алғашқы белгі 12 ғасыр шамасында салынған. Кесене 20 ғасырдың басында жергілікті халықтың қаражатымен күйдірілген кірпіштен   бұрынғы Меккеге қараған есігі Түркістанға, Әзірет Сұлтанға бағытталып, Солтүстік жағы кесене, Оңтүстік жағы мешіт есебінде қайта жөнделген. Дәліз-қақпа маңдайшасына мәрмәр тақта қаланып, бетіне һижра бойынша 1327 жыл, яғни соңғы құрылыс жүрген уақыт деп көрсетілген.
Кесененің кереметі шығар, сол түні әйтеуір көз іле алмадық. Таң белгісі білінгеннен қайта жолға дайындалдық.
Қожа Ахметтен тіле
Өз аты Ахмет, есімінің алдындағы «қожа» мұсылман дінін таратып, уағыздаушылық қызметіне орай берілген атау, ал соңындағы «Йассауи» ақынның қай жерден шыққандығын көрсетеді. Бірақ нақтылық үшін айтсақ, Йасы қаласы оның туған жері емес, жастайынан жетім қалып, ағайын туыстарының қолына келіп, бала кезінен өскен жері.  
Сонымен, дұғамызды қайырып, кесенеге ендік. Бір қызығы, мұнда "фотоға, видеоға түсіруге болмайды!" деген тыйым мүлдем жоқтың қасы. Шетелден келген туристер үшін кесененің әр өрнегі қызық. Қолына ұялы телефонын ұстап, соны түсіріп жүргендер көп. Бірақ киелі жерде білгенін істеп, шектен шығып жатқандарды тағы көрмейсің. Мінәжат еткен тақуа да, қыдырған турист те кесене ішіндегі ұйыған тыныштықты бұзғысы келмейтіндей.
Қалаға да шағын саяхат жасап үлгердік. Былтыр облыс орталығы болған шаһарда құрылыс қызу жүріп жатыр. Жұмысшылар жаңа Арбаттың бойын жайнатуға кірісіп кеткен. Облыс әкімдігінің ғимараты да орталыққа лайық керемет нысан болғалы тұр екен. 
 
 Гауһар ана туралы не білеміз?
Қазақ даласында аналарымызға арналған тарихи ескерткіштер де өте көп. Мәселен, Домалақ ана кесенесі, Айша бибі мазары, Қарашаш ана, Гауһар ана кесенесі және т.б. Әр ескерткіштің өз тарихы бар. Түркістанның оңтүстік-шығыс бөлігінде анадайдан мен мұндалап Гауһар ана кесенесі көзге түседі. Гаухар ана – ұлы ақын, ойшыл Қожа Ахмет Йассауидің қызы. Анамыз туралы жазылған аңыз-әңгімелерге сүйенсек, емшілік қасиеті ерекше жан болған деседі. Әлі күнге дейін ана кесенесінің маңында емдік қасиеттері бар артезиан суы шығатын құдықтар көптеп кездеседі. Қожа Ахмет Йассауи мен Гауһар ана кесенесі арасында жерасты жолы бар деген аңыздар да бар. Гауһар анамыз әкесі жерасты қылуетіне түскен кезде өмірден өтеді.   Йассауи   қызының мазарына барып тұру үшін жерасты жолын салған деседі. Бірақ тарихи деректерде жерасты жолы туралы мағлұмат көп кездеспейді. Аңыз-әңгімелерде ГауҺар ананың баласы болмағанын айтады. Әкесі «Еміңнен жазылған адамдардың бәрі – сенің балаларың» деп қызын жұбатқан деседі. Ана өмірден өтерінде: «Мені інім Ибраһим шайхтың қаны төгілген жерге қойыңдар» деп аманаттаған екен. Гауһар ананың інісі Ибраһимді халық өздері қазған құдықтан рұқсатсыз су алғаны үшін кетпенмен шауып өлтірген екен. Нақақтан нақақ жаны қиылған бауырының қаны төгілген жерде Гауһар ананың мазары тұр. Деректерде, анамыздың ақылы көркіне сай ерекше жан болғандығы айтылады.
Гауһар ана кесенесі – өте көне ескерткіштердің бірі. Тіпті, патшалық Ресей кезінде ескерткіш мүжіліп, жартысы құлап қалған екен. Кейін ел тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кесене қайта тұрғызылған.
   Сыры терең Сауран
Түркістаннан бері шыққанымызға шай қайнатым уақыт болғанда сол жағымыздан өркеш-өркеш қабырғалар көзге шалынды. Бұл әйгілі Сауран қалашығы еді.  
Үйіндісі өткеннен сыр шертетін Сауран – өзгеше қала. Ақ Орда орталығы болған кезең қала үшін нағыз гүлдену шағы болыпты. Кейін атақты Әмір Темір қорғанға айналдырған деседі. Сауранның ең басты ерекшелігі –жерасты суару жүйесінің болғандығы. Қашықтағы Қаратау жоталарынан тартылған жерасты жүйе талай жыл шаһарды сумен қамтамасыз етіп тұрған. Ресейлік археологиялық комиссия шешімімен Сауранды алғаш рет 1867 жылы орыс шығыстанушысы П.И.Лерх зерттеген. Осыдан кейін тура 100 жыл өткенде Қазақ ССР Ғылым академиясының Жетісу археологиялық
экспедициясы отряды қазба жұмыстарын жүргізді. Тарихи қаланы тани түсу бағытындағы бастамалар қазір де жалғасып жатыр. Сыры терең Сауран зерттей түскен сайын   кереметімен таңқалдыруда.
  Қасиетті айдағы тарихи орындарға сапар танымымызды кеңейте түскен шара болды.
Мүсілім БӘЙДІБЕК
18 мамыр 2019 ж. 104 0

PDF нұсқалар мұрағаты

29-306

18 шілде 2019 ж.

28-305

11 шілде 2019 ж.

27-304

04 шілде 2019 ж.

Спорт

НЕАПОЛЬДЕН ЖЕТІ ЖҮЛДЕ
21 шілде 2019 ж. 36
ҒАФУР ҒАЙЫП БОЛДЫ

ҒАФУР ҒАЙЫП БОЛДЫ

20 шілде 2019 ж.
ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ

ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ

19 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031