» » БАЛАЛАР ҮЙІНЕН ХАТ

БАЛАЛАР ҮЙІНЕН ХАТ

  Сан қилы тағдыр, сан тарау өмір жолы. Шыр етіп дүние есігін ашқан күні әр адамның маңдайына тағдыры жазылып қояды дейді. Мүмкін...
Оның да маңдайына осы тағдыр жазылды ма екен?! Әлде өмір соқпағында бір жақсылық, қуаныш, бақытқа толы күндер күтіп тұр ма?! Ол жағы белгісіз. Бірақ қазір оның ең бірінші арманы – анасын табу. Әр таңды үмітпен қарсы алып, әр кешті үмітпен батырады. Қолына қаламын алып, күн сайын хат жазады. Ақ қағаз бетіне бар арманын, бар сырын, үміті мен сағынышын түсіруден шаршаған емес...
Хатқа былай дейді: «Саламатсыз ба, анашым?! Жағдайыңыз қалай? Аман-есен жүрсіз бе? Бұл хатым сізге жетпес, мүмкін оқып көзіңізге жас аларсыз. Бірақ мен сізді осы күнге дейін күтіп келемін. Өмірі бір көрмеген ай-жүзіңізді өзімше қиялдаймын. Сағыныштан сарғайып, аялы алақаныңызды аңсап зарығамын. Осыдан он төрт жыл бұрын нөсерлі жаңбыр құйып, найзағай жарқ-жұрқ етіп тұрған күздің қара түнінде бауыр етіңіз балаңызды  тастандылардың үйіне қалдырып, қайырылмастан кете бардыңыз. Бір жапырақ қағазға: «Есімі – Қуаныш, балама жақсы қараңыздаршы», – деп бір ауыз сөзіңізді қалдырыпсыз. Білемісіз, сол қағаз менде әлі күнге дейін сақтаулы. Жоғалтпаймын! Алла жазса, осы қағазбен ер жеткенде  сізді тауып  алармын деген үміт бар. Жазуыңыз өте әдемі екен. Өзіңіз одан да әдемі шығарсыз. Ал әкем... Ол менің жарық дүние де аяқ басып жүргенімді біле ме? Мен әкеме ұқсаймын ба? Қандай адам өзі, мейірімді ме? Сан сауалдар санамды шарпып кетеді. Қаншама жыл өтті. Сіз де мені сағынған боларсыз? Басқа балалар «Мені тезірек басқа біреулер асырап алса екен», − деп тілейді. Ал мен, сіз келіп маңдайымнан иіскеп: «Балам, мен сенің туған анаңмын, сені қатты сағындым, екеуміз үйге барамыз» деген сөзіңізді күтіп жүрмін. Осы күнді асыға күтемін.
Кейде ойыма әр түрлі ой келеді. Алдыңғы күні тәрбиеші апайлардың әңгімесін естіп, қатты жабырқадым. «Мына бейбаққа анасы неліктен Қуаныш деп ат қойды екен», − деп мені әңгіме етуде. Расымен, мені неге бұлай атадыңыз? Мені бұл жарық дүниеге  неге әкелдіңіз? Сізге қайғы сыйладым емес пе?
Мен бірде Нұрлан есімді жігітпен төбелесіп қалдым. Оның жасы үлкен болатын. Ол маған «тастанды баласың, әкең қыз құмар біреу, ал анаң әркімге қуыршақ болып жүрген жеңіл жүрісті», − деп сіздер туралы ауыр сөздер айтты. Қалай ашуланып, қалай оны ұра жөнелгенімді білмеймін. Әрине, әлім жетпеді. Тәртіпсіздігім үшін әдеттегідей оңбай таяқ жедім. Көгерген жерім әлі ауырып тұр. Ал одан да ауыры жүрегімнің сыздағаны.
Анашым, мен бір үмітпен өмір сүріп келемін. Әрбір таңым сізді күтумен атады. Сіздің бір күні келіп, мені алып кететініңізге сенемін. Осымен хатымды аяқтайын. Менің жай-күйім сізге аян. Осы хатты оқып отырсаңыз, мені іздеп келіңізші. Мұздаған кеудемді ыстық кең құшағыңызға алыңызшы, анашым. Жан анам!».
 Хат иесі осылай сөзін аяқтады. Өкініштісі, жер бетінде әке махаббатын сезініп, ана жылуын көріп өскен  сәбилер аз. Оның үстіне бүгінде бауыр еті баласын қоқысқа тастағандар саны басым. Оның көпшілігі жасөспірімдер. Мені қынжылтатыны қоғамда белең алып жатқан осы оқиғалар...
Дәулет САҒИТ,
ҚМУ студенті
14 маусым 2019 ж. 522 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-315

19 қыркүйек 2019 ж.

37-314

12 қыркүйек 2019 ж.

36-313

05 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30