» » ӘЖЕМЕ КӨЙЛЕК ТІГІП БЕРСЕМ ДЕЙМІН

ӘЖЕМЕ КӨЙЛЕК ТІГІП БЕРСЕМ ДЕЙМІН

Айдана ЖАҢАБАЕВА, жас кәсіпкер:

«Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Шиелілік Айдана Жаңабаева тұрмысқа шыққан соң тігінші атанды. Енесінің анасы Ұлман Мамреева тынымсыз еңбегімен елдің ықыласына бөленген еңбек ардагері. Қария жас келіннің тігінге талабын байқап, білмегенін өзі үйретіп, жол көрсетіпті. Айдана енелерімен қатар отырып құрақ құрап, киім пішіп, ісмер келіншек атанды.
Өткен жылы Айдана «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының ІІ бағыты аясында» Бастау Бизнес жобасы бойынша 1 айлық кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Сертификат алды. Мамандармен бірге өзінің бизнес жобасын дайындап, комиссия алдында сәтті қорғап шықты. Нәтижесінде «Ауыл шаруашылығының қаржылай қолдау қоры» арқылы 6%, 5 жыл мерзімге 2 млн.теңге көлемінде шағын несие алды. Бұл қаражат тігінші келіншектің кәсібін бастауына үлкен себеп болды. Қазір кент тұрғындарының тапсырысын орындап жүр. Киім пішу, тігу, құрақ көрпе, көрпеше, төсек жабдықтары барлық тұрмысқа қажетті заттарды тігіп береді. «Әжем мата қиындыларын ысырап қылмай құрақ құрауға баулыды. Майда маталарды бір кәдеге жаратудың есебін табатын болдым. Әжеміз: «құрақ «Құдай құрастырсын» деген сөзден шыққан. Құрақ құрап, шын ықыласыңмен тіксең, бірің екі болады. «Құралсын, көбейсін» деген ырыммен тігу керек. Құрақтың да түрі көп. «Ботакөз» деген түрі – тіл-көзден сақтасын, бұрыш-бұрыштанып, айналасына сәуле шашқан жұлдызға ұқсас «жұлдыз» атты құрақ – бағы жансын, жұлдызы жарқырасын, «қошқар мүйіз» – малды, жанды болсын деген ниеттен туған», – деп көп нәрсе үйретті дейді кейіпкеріміз.
Айдана  дайын үлгідегі киімді ұсынбай, әр адамның дене бітіміне, талғамына сай ақылдаса отырып, ерекше көйлек үлгілерін тігіп шығарады. Күнделікті жұмысқа киетін көйлектермен қатар, көздің жауын алатын кешкі әсем көйлектерге де тапсырыс беруге болады.
– Ата енеммен бірге тұрамын. Екі ұлым бар. Қолым қалт етсе тігін машинасының қасына отырамын. Тұрғындардың түрлі тапсырыстарын орындап беремін. Қыз жасауын дайындаймыз. Өзіме әдемі той көйлектерін де тігіп алатын болдым. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, қыздар мен балаларға арналған киімдер тігіп, нарыққа шығарып көрсем деймін. Маған осы кәсіпке жол көрсеткен әжеме, қолдау білдіріп отыратын енеме алғысымды білдіріп, жаздық жұқа көйлек тігіп бергім келеді, – дейді кейіпкеріміз.
Шаңырақтың күнделікті тірлігімен қатар, тігіншілікті де қатар алып жүрген ісмер келіншектің кәсіпкерліктегі алғашқы қадамына сүйсіндік. Тұтынушының қалауын дөп тауып, ойындағыдай киім тігіп беріп, қуантуға асығатын тігінші келіншек Айданаға – үлкендердің ұлағатымен алға қадам басқан жас кәсіпкерге, сәттілік тілеп тарастық.
Гүлбану МАҚАЖАН
01 шілде 2019 ж. 62 0

PDF нұсқалар мұрағаты

29-306

18 шілде 2019 ж.

28-305

11 шілде 2019 ж.

27-304

04 шілде 2019 ж.

Спорт

ҒАФУР ҒАЙЫП БОЛДЫ
20 шілде 2019 ж. 70
ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ

ОЛЖАМЕН ОРАЛДЫ

19 шілде 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031