» » Темірдің тілін түсінген Айдана

Темірдің тілін түсінген Айдана

   Темір тұлпарды тізгіндеу әдетте ер адамға тән көрінетіні белгілі. Бірақ соңғы жылдары көлік рөлінде нәзік жандарды жиі көретін болдық. Дегенмен бұзылса тілін білмейтіндердің қатары көп. Ондай кезде барлығы көлік жөндеу станцияларының көмегіне жүгінеді. Міне, сондай көліктерді жөндеуге бүгінгі кейіпкеріміз Айдана Тәжібаева да атсалысады. Ол бүгінде Қызылордадағы техникалық қызмет көрсету орталығында автокөлікші болып жұмыс істейді. Қазақ «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» дейді. Дұрысы сол. Алайда оның мұнда жұмыс істеп, тәжірибелі маман атанғанына да бір жылдан аса уақыт өткен.
Айдана Қызылорда қаласының тумасы. №172 мектепті бітіріп, «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Семей қаласындағы көлік колледжіне оқуға түседі. Онда «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығын тәмамдаған. Білім беру мекемесінен жиырма алты студент түлеп шыққан. Оның алтауы – қыз бала. Бүгінде өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқан Айдана ғана.
Алғашында мамандығына айтарлықтай мән бермеген оның ІІ курстан бастап өз саласына деген қызығушылығы арта түседі. Оған себеп – тобындағы жігіттермен бірге көлік жөндеп, темір тұлпардың қыр-сырын меңгеруі еді. Үш жыл ізденісінің арқасында оқуды үздік бітірген ол туған жерге оралған соң жұмыс іздей бастайды. Бірнеше ай шаштаразшы, аспазшы болып та бағын сынап көрген. Дегенмен ешқайсысы көңіліне жақпай, жұмыстан шығып кетеді. Ақырында интернеттен өз мамандығы бойынша жұмысшы қабылдап жатқан орталыққа ат басын бұрады. Бастапқыда тәжірибе жинақтаушы болып кірген ол айналдырған бір ай ішінде өзінің іске ептілігін, біліктілігін көрсетіп, жұмысқа қабылданады. Осылайша қызметтегі алғашқы баспалдағын Қызылордадағы техникалық қызмет көрсету орталығында автокөлікші болып бастайды.
Теориялық білімін тәжірибелік дағдымен ұштастыра білген ару Александр Пан есімді шеберден автомобильдің электр жабдықтарымен қалай жұмыс істеу керегін үйреніп, білікті мамандардың санатына қосылған.
«Көлік жөндеу, оны құрастыру ер адамның жұмысы ғой. Алғашында қызымыз үшін алаңдадық. Расында оны жұмысқа жібергім келмеді. Тіпті еліміздің мықты қалаларына қолөнер үйрену үшін жібергім келді. Бірақ қызым айтқанынан қайтпады, – дейді анасы Гүлзат Сәулебаева.
Ата-анасының қарсылығына қарамастан өз таңдауын жасаған Айдана бүгінде тәжірибелі маманға айналған. Жалақысы да тәп-тәуір.
– Менің бұл қызмет көрсету стансасында жұмыс істеп келе жатқаныма бір жылдан аса уақыт болды. Міндетім – автокөліктің электр жабдықтарын жөндеу. Болашақта өз станциямды ашқым келеді. Бұл әзірге тек жоспар ғана. Бірақ мен өзімнің бұрынғы мақсаттарыма қол жеткіздім және тәжірибе жинақтадым, бұл арманның да жүзеге асуы бек мүмкін», – деді Айдана.
А.БЕРДІБАЙҰЛЫ
25 шілде 2019 ж. 119 0

PDF нұсқалар мұрағаты

47-324

21 қараша 2019 ж.

46-323

14 қараша 2019 ж.

45-322

07 қараша 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930