» » Президент әр ананы жеке қабылдамақ

Президент әр ананы жеке қабылдамақ


Бас қалада көпбалалы отбасыларға қызмет көрсететін орталық іске қосылмақ. Бұл туралы бүгін тұңғыш рет өткен "Отбасылық" форумда қала әкімінің орынбасары мәлімдеді. Орталықта баспана алу, бизнес ашу, әлеуметтік көмек сияқты маңызды мәселелерге қатысты кез-келген сауалға жауап алуға болады. Өйткені, баспанаға қол жеткізудің тиімді әдістері мен кедейшілік деңгейінен шығуға арналған әлеуметтік жобалардан халықтың басым бөлігі хабарсыз екен.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 
Қазір мына залда көкейтесті мәселелерін көтеруге келіп отырған көпбалалы аналардың қарасы қалың. Олардың басым бөлігі бүгінде балаларын жалғыз асырап отырғандар екен. Басында баспанасы болмай, қиын жағдайға душар болғандар пәтерлі болудан үмітімізді үзбейміз дейді. 
Бас қалада 12 жыл пәтер жалдап келген Гүлжазира Базарбаева "шыдамым шегіне жетті" деп отыр. Баспаналы болуға талай қадам жасаса да тауы шағылыпты.
"Бармаған жерім, ашпаған есігім қалмады" деген келіншектің 4 баласы бар. Оның біреуі құлағы естімейтін мүгедек екен. Ал, күйеуі былтыр дүниеден өтіпті. Осы себепті, "пәтер жалдауға қауқарым жетпейді, ал көмек қолын созар жан жоқтың қасы" - дейді.  
"Әкімдікке де бардым. Кіре алмай кеттім. Екіқабат кезімде бардым жылап-еңіреп. Осылай отырып аламын мені кіргізбесеңдер деп отырдым. Қатырамыз бәрін үйтеміз, бүйтеміз деп, көмекшімін деп біреулер шығарып салған. Сөйтсе олар да ешкім болмай шықты. Кеше де тағы бардым. Кіруге жазылып кеттім орынбасарына. Кіре алмай жүрмін", - деді көпбалалы ана Гүлжазира Базарбаева. 
Елордада бүгін алғаш рет өткен "Отбасылық" форумға келген вице-министр көпбалалы отбасыларды баспанамен қамту үшін қажетті амалдар жасалып жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, елдегі 47 мыңнан астам кезекте тұрған жанұя бар екен. Оның 3 501-і көпбалалы отбасы болса, 18 134-і аз қамтылғандар санатында. Сондай-ақ, 2 718 жетім бала баспанаға мұқтаж дейді. 
"Бүгінгі күні мемлекет тарапынан әлеуметтік көмектің 39 түрі көрсетіледі. Жыл сайын бюджеттен 3 триллион 3 миллиард теңге яғни бюджеттің шығыс бөлігінің 27 пайызы осы әлеуметтік салаға арналады. Осы орайда ана мен баланы қолдау әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесі арқылы жүзеге асырылып отырғанын айту керек", - деді Еңбек және халықты әлеуметітк қорғау министрінің бірінші орынбасары Ержан Жылқыбаев.
Ал, кеше ғана елорда әкімінің орынбасары болып тағайындалған Бақтияр Мәкен көпбалалы күміс, алтын алқа иегерлерінің мәртебесін көтеру қажеттігін айтты. Оның сөзінше, елорданың өзінде ғана 15 мыңнан астам көпбалалы баспанасы жоқ жанұя бар екен. Үйлі болудың әдістері көп, алайда халықтың сауаты жетпей жатыр. Сондықтан, Open Space үлгісіндегі "Жанұя" орталығы құрылмақ. 
"Ақпараттарды берген кезде көбі біздің аналарымыз, қыздарымыз түсінбейді. Сондықтан, мақсатымыз орталық арқылы жеке-жеке қабылдап, жеке-жеке азаматқа жолдама беруге соны жолға қойып отырмыз. Соған да сіздердің араларыңызда белсенді қатысатын адамдар болса біз сіздермен жұмыс істеуге дайынбыз", - дейді қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен. 
Бақтияр Мәкеннің айтуынша, аталған орталықтың құрылысы жүріп жатыр. Шенеуніктің сөзіне сенсек, отбасыға қатысты ақпарат беретін мекеме өз қызметін қыркүйектен бастамақ. 
Ал, Алматының мәслихат депутаттары аз қамтылған жанұя балаларына мектеп формасын үлестіріп қуантып қойды. Бұл  "ақшасын жеткізе алмай отырғандардың көңіліне кәдімгідей медеу"- дейді қала тұрғыны. 
"Бұндай іс-шараға бірінші рет қатысып отырмын. Үлкен рахмет Нұр-Отан партиясына. Осылай балаларды  мектепке дайындыққа көмектесіп, қол ұшын созып отыр", - дейді көпбалалы ана Ұлан Дүйсекова. 
Осылайша, көпбалалылардың жағдайына назар аударылып, сең қозғалды. Алайда "аналардың басты арманы орындалуына аз қалды" деп сендіргендердің сөзі құр сөз болып қалмаса игі!
02 тамыз 2019 ж. 76 0

PDF нұсқалар мұрағаты

34-311

22 тамыз 2019 ж.

33-310

15 тамыз 2019 ж.

32-309

08 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031