» » Ән «әлемді» билеп тұр

Ән «әлемді» билеп тұр


−  Динара, телефоным сөндірулі еді. Сенің телефоныңнан музыка тыңдасақ бола ма?
−  Әрине! Топтағы студенттер болып, соңғы шыққан әндерді бір-бірімізге жіберіп тұрамыз. Мендегінің бәрі жаңа! Көңілді әндер...
      Тыңдап жүрміз. Көңілдісі көңілді-ау. Бірақ мағына тұрмақ, бұл әндерде сөздің өзі санаулы екен. Мұндай ырғақтағы қазақша, шетелдік музыканы тыңдап, эмоцияны жасыра алмай, тіпті билеп жүріп жұмыс атқаруға болады.  Бірақ бұл әндер «есті» емес.
 
Білесіз бе, музыка арқылы адам санасын басқарып, дертін емдеуге болады. Дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ. Айталық, әуежайдың күту залы менқоғамдық орындарда баяу, керісінше сауда орталықтарында көңілді ән қосылып тұрады. Алғашқысы асығып-аптығып, мазасызданып жүретін жолаушыларды тынышталдыру үшін әдейі қосылса, екіншісі адамды көңілдендіріп, өзі ойлағаннан артық сауда жасату мақсатында ойнатылады. Ал, біз байқамаймыз. Қоғамдық көлікте, ойын-сауық орталығындағы әнге қарай ойланатынымызды ескермейміз. Мәселен, туған ел, отанға қатысты музыка тыңдап отырып, дос туралы ойлау екіталай. Әлбетте, ауыл, ағайын еске түседі. Ал, тойларда ше? Есті аулаған ән әсерінен салмақты адамның өзі тым көңілденіп кеткенін байқамай қалады. Біртүрлі би, былайғы күні ұяттылау көрінетін ойын кезіндегі іс-әрекет дәл сол сәтте қалыпты көрініс. Бұл әуен әсерінен терең ойланбаудың салдары.
Әннің адам ойына тікелей әсер ететінін мына жағдайдан да байқауға болады. Жазушы Мұхтар Әуезов шығарма жазар алдында әуелі радио қосады екен. Егер мағынасыз, шулы әуен берілсе, «бұларда тәртіп жоқ» деп радионы сөндіріп, жаңа туындысын біразға дейін бастамайтын көрінеді. Бұл туралы Тұрсын Жұртбай «Бейнет сусыны» кітабында жазған.
Бүгінде ерікті-еріксіз мағынасы аз ән тыңдайтынымыз жасырын емес. Әлеуметтік желіде вайнерлердің қалжыңға толы бейнежазбалары да күлдіруге жарағанмен, бітпейтін күлкі, шамасынан асқан эмоция сананы басқарады. Жұмысқа дұрыстап ден қоюға мүмкіндік бермейді. Ғалымдардың айтуынша, ойланбау ақылсыздыққа әкеледі, ал ақылсыздарды басқару оңай. Гитлердің «жаулап алған ел тұрғындарына мәнсіз, тым көңілді әуен тыңдату арқылы санасын улап, оп-оңай басқаруға болады» дейтіні де осы болса керек. Бір қарағанда, телеарнадағы еркін форматтағы шоу бағдарлама, дискотека, түнгі клуб санының артуы жастарға еркіндік болып көрінгенмен, инфантилизм дертінің асқынғанын аңғартады. Ғалымдардың айтуынша, инфантилді  ұрпақ жалындаған жастығын ойын-күлкіге арнап, қыдырудан басқаға уақыт таппай, өнер-білімнен кенде қалады. Мұның соңы көбінің қылмысқа ұрынып, берекелі отбасын құра алмауына апарады екен. Демек, мінез қалыптасуына әннің айтарлықтай әсері бар.
Сөз басында музыканың медицинада қолданылатынын айттық. Музыкалық терапия жүйке жүйесінде әртүрлі ауытқуы бар науқастарды күйзелістен арылтады. Емдеудің бұл түріне Бах, Моцарт, Бетховен музыкаларымен қатар, қазақтың күйлері де қосылған. Себебі «күй – жабыққанның жанын емдейтін құдіретке ие» дейді мамандар. Әннің адам санасына ерекше әсер ететінін мына мысалдан да байқауға болады. Бірде академик Ісмет Кеңесбаев шетелге ғылыми жиынға барғанда қатты ауырып, қазақтың музыкасын тыңдап, жазылғаны туралы өз аузымен айтып берген. Оны академик Өмірзақ Айтбай «Егемен Қазақстан» газетінде 2007 жылы жарық көрген «Тау алыстаған сайын биіктейді» мақаласында жазыпты.
«Мұнтаздай таза бөлменің ішінде жалғыз жатқанымды енді-енді байқай бастағандаймын. Халімнің мүшкілдеу екенін се­земін. Приступ жиі-жиі ұстайды. Ара-арасында ес жиғанда жан-жағыма қараймын. Қасымда екі түрік жатқан. Олар­ды басқа палатаға ауыстырып жіберіпті. Оқтын-оқтын соғатын приступтан жан қысылады, әбден әлім құрыған. Бой-бойымшығыптерлеп, естен­ тана­ жаздаймын. Приступ келе жатқанын алдын ала сезем. Көзім ашық, санам ұйқыда. Көз алдым мұнарланып бірді біліп, бірді білмей қиналысқа түсіп жатқан, бей-жай кезім еді. Дәл сол мезетте алыстан ғажайып бір таныс әуен құлағыма жеткендей болды. Түріктің небір тамаша әндері бар ғой. Олар әбден миымды жеп біткен, мезі қылған. Ал мынаның жөні басқа. Тілмен айтып жеткізе алмас жақын да жайлы үн тұла бойымды мақпалдай сипап, мәпелеген, не деген тәтті әуен дерсің. Жүйке-жүйемді балбыратып еніп барады, емірентіп барады. Япыр-ау, бұл не қылған ырғақ, қайда жатыр­мын? Әлгі әуен қайдан шығып тұр, неменеге сонша егілемін деймін. Аздап есімді жия бастадым. Қайда, қандай жағдайда жатқаным есіме түскендей болды. Анкарада екенмін деймін. Тағы да шалажансар кейіпке түсіп: «Мұнда неғып жатырмын, қазақ музыкасы қайдан жүр, бұл қалай?» – деп аң-таң боламын. Осындай аласапыран ойдың үстінде музыкаға елтіп жатқанда, бетіме ып-ыстық бір нәрсе тырс-тырс тама бастады. Құлағым әуенде, көзімді жайлап ашып қарасам, бас жағымда бір ғажайып келісті келіншек отыр. Өңім бе, түсім бе, білмеймін. Мөлдіреген көзін маған қадап егіледі. Дәл осы кезде тағы да приступ басталды. Тоқтап қалмаса екен, отыра тұрса екен деген екіұдай сезім жетегіндемін. Сөйтіп, жатқанда приступ тоқтап, жаным жайлана бастады. Анықтап айналама қарасам, әлгі келіншек өткен жазда бізге Алматыға келіп кеткен Американың атақты ғалымы, түрколог Ильза Циртаутес ханым екен. Ол да осы Еуропада өтіп жатқан дүниежүзілік кон­греске баяндамамен келіпті. Менің ауырып конгреске қатыса алмай жатқанымды біліп жеткен екен. Ал әлгі әндер, күйлер соның қолындағы кішкентай магнитафон қобдишадан шығып жатыр. Мұны ол жазда Қазақстанға барған сапарында жазып алған екен. Соны шетелде ауруханада жатқан маған әкеп тыңдатуы – өзгеше бір ізгіліктің, мәдениеттіліктің белгісі еді.
Е, жігіттер, біздің бастан осындай да бір сәттер өткен еді. Еліңнің, жеріңнің, Отаныңның, әнің мен өнеріңнің қадірін адам сыртта жүргенде айқынырақ сезінеді екен және кейде әннің дәруі дәрігердің емінен де күшті-ау деймін, – деп толғанып барып әңгімесін тоқтатты Секең».
P.S. Байқадыңыз ба, ән арқылы адам жанына бойлауға да болады. Өзіңді ұмытып, есіріп, елтіп жүрсең де мейлің. Ең абзалы, ұлттық ән-күйіміз. Бір сөзіне тұтас мағына сыйып кететін дәстүрлі әндерімізде тұп-тұнық тәрбие бар.
Гүлдана ЖҰМАДИН


03 тамыз 2019 ж. 102 0

Ұқсас жаңалықтар:

PDF нұсқалар мұрағаты

34-311

22 тамыз 2019 ж.

33-310

15 тамыз 2019 ж.

32-309

08 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031