QazNet Trust Network

Халқымыз ақпараттық қауіпсіздік дегенді білмесе де, "отыз тістен шыққан сөз, отыз ру елге кетер", "ешкім жоқ деме, қабырғаның да құлағы бар", – деп сөзге де сақтық керегін ескертіп отырды. Заман дамып, технология қолданысқа енген соң, "айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғыздық". Ғаламтор арқылы, әлеуметтік желідегі парақшаларымызбен де әлемнің кез-келген жерінен ақпарат алып отырмыз. Әсіресе ірі саяси науқан сайлау кезінде, елдің түкпір-түкпіріндегі ақпараттар желіге тез тарап кетті. Осы жағдайдан кейін бе, әлде Аблязовтың алыстан жіберген сәлемдемелері әсер етті ме, әйтеуір Қазақстан билігі QazNet Trust Network ұлттық қауіпсіздік сертификатын енгізбек.
         Қазақстанның цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өндірісі министрі Асқар Жұмағалиев жаңа сертификаттың мақсатын "қолданушыларды кибершабуылдар мен заңсыз контенттен қорғау" деп түсіндіреді. Асқар Жұмағалиев қауіпсіздік сертификатын "сенімді" деп атап, оны өз телефонына орнатқанын мәлімдеді. Министр сертификат орнату бастамасын интернет қолданушыларын желідегі қауіптерден, сайттарды ықтимал шабуылдардан, балаларды жағымсыз контенттен қорғау мақсатымен түсіндіреді. Қазақстан билігі сертификат орнату туралы түпкілікті шешімді әр азамат өзі қабылдайтынын айтады. Сонымен қатар QazNet сертификатынан бас тартқандар көптеген әлеуметтік желі мен пошта жүйесіне кіре алмауы мүмкін деген ақпарат та бар.
         Қазақстандық қолданушыға арналған Qaznet Trust Network қауіпсіздік сертификатын билік жаппай орнатуға шақырады. Ал мамандар бұл бастама интернет үшін аса қауіпті екенін айтып отыр. АҚШ-тың Мичиган университетіндегі Censored Planet зерттеу тобы сертификаттың қолданушы мен веб-ресурстар арасындағы ақпарат алмасуға араласу, трафик ұрлау, контентті модификациялау және қолданушыны аңду тәрізді функциялары бар екенін анықтаған. "Ресми нұсқада Qaznet Trust Network қауіпсіздік сертификаты Қазақстан азаматтарын кибершабуылдардан қорғайды деп түсіндірілді. Сіздің ойыңызша, сертификат қызметіне мұндай міндет кіре ме", деген сұраққа Эрик Вустроу: "Менің ойымша, сертификат мұндай қауіптерден қорғай алмайды. Сертификат әсер ететін сайттар тізіміне қарасақ, оның мақсатына "фишинг", зиянды бағдарлама мен басқа да қауіптерден қорғау кірмейтінін көреміз. Ол көлемі шектелген әлеуметтік желілер мен сайттарға ғана бағытталған. Олардың көбі – өздерін қорғау әдістері жолға қойылған ірі компаниялар. Сертификат орнатқан азаматтар өз ақпаратын қорғай алмайды.  Билік айтқандай хакерлер мен онлайн шабуылдардан қорғамайды. Оның орнына бөтен біреуге жеке деректеріңізді қарап, трафигіңізді бақылап, онлайн ақпаратыңызға өзгерістер енгізуге мүмкіндік береді. Қолданушылардың көпшілігі сертификат орнатудан бас тартып, билік мұны бүкіл елге тану талпынысын доғарады деп үміттенемін.", - деп жауап берген Censored Planet тобының сарапшысы, компьютерлік ғылым профессоры Эрик Вустроу.
         Qaznet Trust Network сертификатын енгізу бастамасын ел ішіндегі және шетелдегі киберқауіпсіздік саласы мамандары мен халықарылық беделді құқық қорғау ұйымдарының көпшілігі сынаған. Сарапшылардың пікірінше, 2015 жылы Қазақстан үкіметі қолданушыларды мемлекеттік қауіпсіздік сертификатын орнатуға міндеттемек болған. Ол кезде бұл бастама сот шешімімен тоқтатылып, жүзеге аспай қалған. Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымының әлемдегі интернет еркіндігінің деңгейі туралы есебінде Қазақстан 2018 жылы 65 елдің ішінде 46-орында тұрған. Freedom House Қазақстанды "әлеуметтік желілер мен коммуникациялық платформаларды жиі бұғаттайтын" елдер қатарына жатқызады.

Бұл бағытта Қызылордада бір топ IT мамандар бірлесіп жұмыс істеп жүр. Олардың айтуынша, жеке азаматтар түгіл, мекемелердің ақпараттары қолжетімді ашық жатыр. WiFi сымсыз желіге қосылу арқылы кезген хакер ірі қаржыны қолды етуі мүмкін. "CyberSec2018" атты серіктестік құрып, іскер жастардың басын қосқан Ерсұлтан Ермағамбетов халық арасында түсіндірме жұмыстары кеңінен жүргізілуі қажет дейді.
Ерсұлтан Ермағамбетов, "CyberSec2018" cеріктестік директоры және кибер қауіпсіздік маманы:
 – IT технология қарқынды дамып келеді. Күллі әлем IT технологияның өркендеуіне атсалысып, таңғаларлық жаңалықтар жарыққа шығып жатыр. Қазіргі әлеуметтік желілер мен мессенджерлер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Бәрі электронды режимге жылжып бара жатыр. Бірақ бұл сала қанша қарқынды дамып, адам өмірін жеңілдеткенімен сонымен қатар кейде қолайсыз жақтары да орын алып жатады. Кибершабуылдар, вирустар, трояндар, ғаламтор құрттары т.б секілді жағдайлар қазір бізде де күрделі проблемалардың бірі. Отандық IT мамандар бұл проб­лемалармен күресу жолдарын қарастырып, тынбай еңбек етуде. Соңғы шыққан жаңалық қауіпсіздік сертификаты – жақсы ойластырылған қорғаныс механизмі. Себебі ғаламтор желісінде әртүрлі сайттар мен сервистер 100% сенімді емес.
         Мамандар алаңдаушылығын туғызған түрлі жайсыздықтар ғаламтордағы қызметтермен сайттар арқылы болып жатады. Үйдегі компьютерге немесе ірі компанияның корпоративтік желісіне бұл зиянкес бағдарламалар моральдық және материалдық шығындарға әкеп соғуы мүмкін. Ғаламтор желісінде болатын онлайн банк транзакциялары секілді маңызды операциялар қауіпсіз режимде орындалады. Қазақстан қауіпсіздік сертификатын HTTPS шифрлау протоколын пайдаланып, елдің аумағынан заңсыз ақпаратқа қол жеткізуді болдырмау үшін қолданбақ. Мысалы, егер Facebook қолданушылары ел заңнамасын бұзса, сертификат қазақстандық пайдаланушыларға тұтастай алғанда Facebook-қа емес, өзінің бетіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сертификат орнату туралы түпкілікті шешімді әр азамат өзі қабылдайды.
Гүлбану МАҚАЖАН
12 тамыз 2019 ж. 123 0

PDF нұсқалар мұрағаты

49-326

05 желтоқсан 2019 ж.

48-325

28 қараша 2019 ж.

47-324

21 қараша 2019 ж.

Экономика

U-STUDY

U-STUDY

13 қазан 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031