Адам–маман

  Қазір мамандық көп. Кейде осы жүздеген кәсіп арасынан өзіңе қолайлысын тауып алу қиынға айналатыны бар. Кейбір ата-ана баласының өзі таңдаған мамандығына келісім беріп, еркіндік танытып жатса, кейбірі   «ол мамандықпен алысқа бара алмайсың» деген уәжбен баласын бетін қайтарып жатады. «Мен түспеген мамандыққа сен түстің, менің орындалмаған арманымды сен жүзеге асырасың», «Сен осы салаға бейімсің, осы салада сен ашыласың», «Саған керек мамандық осы, мен білемін ғой саған не керек екенін», «Сен бізді мына кәсіппен көгертпейсің», «Әкеңнің мамандығын таңдамай-ақ қой, білеміз ол саланы басқаға бет бұр!» дегенді де жиі еститініміз жасырын емес. Әрине, баланың адам болғаны да, маман болғаны да қажет. Сондықтан кәсіп таңдаудағы бұл тайталас төркіні әркімге де түсінікті.
   Бір сәт ұлылардың еңбегіне үңілейік. Әйгілі Мағжан Жұмабаев «Педагогика» кітабында «Баланы тәрбие қылу – тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз. Қалса өзін, асса барлық адам баласын әділ жолмен өрге сүйрейтін ер шығару деген сөз» демей ме? Мамандық таңдарда оның балаға берерін емес, жұрт арасындағы беделін ойлайтын бізге осы сөз ой салуы тиіс. Қазір екінің бірі қаржыгер, заңгер. Қолдарында диплом, жұмыс таппай сарсылып жүр. Есесіне, темірді темірге жалғайтын пісіруші, техника тілін білетін, компьютерді меңгерген қазақ баласы санаулы. Неге?  Бар себеп баланы дүниенің кетігін тауып қалануға бейімдемеген бізде жатыр.  «Жас бала – жас бір шыбық. Жас күнінде қай түрде иіп тастасаң, өскенде сол иілген күйінде қатып қалмақ. Теріс иіліп қалған шыбықты артынан түзейміз десең, сындырып аласың. «Баланы бастан» деген сөздің мәнісі осы. Тәрбие деген – баланы бетке қақпай, бетімен жіберу емес. Яки отырса басқа, тұрса аяққа ұрып, көр бала қылып өсіруде емес. Тұрмыста түйінді мәселелерді тез шеше білетін, тұрмыстың тұңғиық теңізін қалың қайратпен кеше білетін, адалдық жолға құрбан бола білетін, қысқасы, адамзат дүниесінің керек бір мүшесі бола алатын төрт жағы түгел кісі қылып шығару», деп жазады Алаштың аяулысы Мағжан ақын. Бұдан түйеріміз – әуелі тәрбие керек, дұрыс тәрбие көрген бала бағдарынан ешқашан адаспайды.
Байтүгей СУАН
13 тамыз 2019 ж. 56 0

PDF нұсқалар мұрағаты

34-311

22 тамыз 2019 ж.

33-310

15 тамыз 2019 ж.

32-309

08 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031