» » СЕНАТОР БОЛСАМ ДЕП МАҚСАТ ЕТКЕН ЖАН ЕМЕСПІН

СЕНАТОР БОЛСАМ ДЕП МАҚСАТ ЕТКЕН ЖАН ЕМЕСПІН

  Бекмырза Еламанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Ұлт сөзін жаңғыртып, санада кестелеген, рух пен намысты қозғап, Отан деген ортақ мүддеге жұмылуды көздеген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекмырза Қайыпұлымен сұқбаттасудың сәті түсті. Елордада тұрса да Сырға бүйрегі бұрып тұратын ағамыздың ой орамына назар аударсақ.
– Аға, қасиетті Қармақшының тумасысыз. Жүз шайыр шыққан мекеннен  болған соң сізге де домбыра шертіп, әу дейтін қасиет қонған шығар?
– Домбыра шертпеймін. Бірақ жүз шайыр шыққан мекеннің перзенті болған соң бала күннен Тұрмағамбеттің термесін жаттап өстік. Ғибратқа толы жыр-терме, қисса-дастандардың адамды тәрбиелеуге, рухани азыққа қанып өсуіне септігі зор. Сырда туған қайсыбір тұлға болмасын, мұны мақтан ету керек. Кімнің де болмасын, Қармақшы десе, жыр кеніне барғандай сезінетіні осыдан ғой. Кіндік қаным тамған қасиетті өлке сонысымен де ерекше.
– Кіндік қан тамған қасиетті мекенге перзенттік парызды орындап жүрмін деп айта аласыз ба?
– Қай жерде, қай елде жүрсең де туған жерің көкейіңнен кетпейді. Үлкен қалаларда қызмет қылып, еңбек еткеніңмен бүйірің елге бұрып тұрады. Сол елдің дамуына атсалысып, жағымды жаңалықтарына балаша қуанып отырасың. Туған жерге тағзымды әрбір перзент жүрек түкпірінде бір мақсат етіп алады ғой. Мен кәсібін дөңгелеткен кәсіпкер емеспін. Жеке дара өз атымнан мешіт салып, тағы бір нысандарды ашқан жоқпын. Бірақ бірлесіп ел мүддесі жолында жасалатын шаралардан қалыс қалғаным жоқ. Ауыл халқы бір ауыздан ұжымдасып салатын әрбір мешіт, әрбір шараға үлес қосуға дайынмын, қосып та келемін. Туған жерге титімдей болса да көмек бергенге не жетсін, шіркін?!
– Алып анадан туады, ауылдан да шығады. Қазақтың қарашаңырағы ауыл баласының бүгінгі мүмкіндігі қандай? Зор жетістікке жету үшін не істеу керек?
– Иә, қазақта ежелден келе жатқан «Алып анадан туады...» деген нақыл бар. Дегенмен бұрынғы ұлы ойшылдардың бірі «Құдай бермегенді Сорбонна бермейді» деген екен. («Сорбонна» деп отырғанымыз атақты Париж университетінің орталығы). Сондықтан қазіргі қазақты бірі – ауылдікі, екіншісі – қаланікі деп бөлу артықтау болар. Алайда Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» деп атап көрсеткендей, бәріміз де сол қарапайым ауылдың перзентіміз. Кіндігіміз де, түндігіміз де – ауылда. Содан болар, қашанда ауылдың жетістігіне елеңдеп, ауыртпалығына алаңдап отырамыз. Біздің кезіміздегі ауыл баласы мен қазіргі жаңғырып келе жатқан ауылдың баласын салыстыруға келмейді. Қазіргі ауыл балаларының жаңа заманға сай білім алуына, ой-санасын жетілдіруге мүмкіндік жасалған. Елді мекендерде мектептер жаңадан салынып немесе күрделі жөндеуден өткізіліп, заманауи құрал-жабдықтармен, оқу құралдарымен жабдықталған. Олардың қаладағыдан айырмашылығы шамалы. ХХІ ғасыр – Тәуелсіздік тұсында дүниеге келген жастарымыздың дәуірі. Қазір олардың алдының өзі – 20 жастан асқан қыздар мен жігіттер. Олармен ашық әңгімелесіп, сырласып, сұхбаттасқан қызық, көкірек сарайың ашылады. Жастарымыз сауатты, білімді, жоғары интеллектуалды, көздері ашық, жан-жақтағы оқиғалар мен құбылыстарға анализ жасай біледі. Мұндай жаңа заманға, жаңа Қазақстанға лайық жастарымыз көп. Мектеп жасындағы дарынды балалар, жоғары оқу орнында білім алып жатқан озық ойлы жастар жеткілікті. Олар түрлі пәндер бойынша әлемдік сайыстарда өз құрбыларының арасында оза шауып, бәйгелі болып жүр. Мұндай табиғи дарынды әлеуетті күшті көзден таса қылмай, баптап, күтіп, оларға мемлекетіміздің баға жетпес құндылықтары ретінде қарау қажет. Оларды көре білу керек. Біздің біржақты замандастарымыз жастарды жамандауға дайын тұратыны рас. Қай уақытта да үлкендердің жастарға үрке қарайтыны шын ғой. Әрине, жастарымыз бәрі бірдей алтын асықтай, заманына сайма-сай деп айту дұрыс емес. Адасып жүрген, теріс пиғылды адамдар мен ағымдардың ықпалында кетіп қалғандар да бар. Жастарды әлеуметтік инфантализмнің құлдығынан арашалап алуымыз керек.
– Біз ұлт мүддесін ұдайы алға қойып жүрміз бе?
– Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – асқан зияткерлікпен, көреген саясаткерлікпен және еліміздің болашағы үшін терең толғаныспен дүниеге келген эволюциялық құжат. Міне, осы бағдарлама іске қосылғалы көзі ашық, көкірегі ояу отандастарымыздың санасы жаңғыруда. Халқымыздың ұлттық құндылықтарына деген көзқарас жаңаша сипатқа ие болды. Тілімізді, тарихымызды, мәдениетіміз бен салт-дәстүрлерімізді жаңа деңгейге көтеруге ұмтылудамыз. Имандылық та ұмыт қалып жатқан жоқ. Жасөспірімдер мен жастардың дінге деген қызығушылығы артты, бірақ оларда шынайы діни қызығушылық қана басым емес пе екен деп ойланамын. Жастарымыз айналада болып жатқан оқиғалардан кейін, «діни уағызшылардың» соңынан көзсіз, ештеңе ойламай еру неге апарып соғатынын түсінулері тиіс. Ал, мешіттерге жіберіліп жатқан имамдардың білім деңгейлерін үнемі тексеріп тұру қажет деп есептеймін. Ең бастысы, Пайғамбарымыздың: «Еш нәрсеге, тіпті дінге де шектен тыс берілмеңдер. Сіздерден бұрын өткен көп қауым дінге шектен тыс берілгендіктен, өкініште қалған» деген хадисін жастардың санасына құйып отыру қажет. Күмәнді діни ағымның жолына түсіп, қоғам дамуынан, жалпы ортадан және туған Отанымыздың мүддесі жолындағы жауапкершіліктен тыс қалуға болмайды.
– Мінберде жүріп, қандай мәселенің шешілуіне атсалыстыңыз?
– Сенат депутаттарының барлығы бірдей елдік мәселені шешуге атсалысады. Жалпы міндет те сол – елдің мәселесі. Бұл жерде тек бір адамның ғана жұмысы емес, ауылдағы мәселені ауданға, ауданнан облысқа, облыстан бізге жеткізіп, шешуін сұрайды. Осылай бірнеше адамның, яки органның араласуы нәтижесінде мәселе шешіліп жатады. Сенаттың аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауыл-аймақты дамыту жөніндегі комитетінің мүшесімін. Мен көбіне осы саладағы түйткілдерге араласамын. Заң шығарарда елге хабарласып, нендей мәселелерің бар деп сұраймыз. Біздің өңірде суармалы егіншілік, Арал мәселесі, Сырдария өзеніне байланысты нық қадамдар жасап жатырмыз. Бастысы, қаузаған түйткілдер шешіліп, елдің алғысына бөлену. Біздің мақсатымыз да – сол. Түптеп келгенде Сенат депутаты – жай ғана қызмет емес, жауапкершілік жүгін мойынға қамыт қылған үлкен міндет.
– Сіз үшін өмірлік бақыт деген  не?
 – Бұл өмірге келген соң өзіңнің елге керек екеніңді сезіну – зор бақыт. Мен үшін үлкен бақыт – осы. Бауырың бүтін, айналаң аман-есен болып, бейбіт заманда, дамыған қоғамда өмір сүріп жатсаң, бақытты жан емей, кімсің?! Үлкен Отаның мен кіші Отаныңның отымен кіріп, күлімен шықсаң, халқыңа қызмет қылсаң, сол – бақыт. Соңыңда ұлағатты жолыңды жалғайтын ұрпақ қалса, сол – бақыт. Жалпы бұл ұғымның мағынасы кең. Ең маңыздысы, осылар.
– Сіз өзіңізді мақсатқа жеткен жанмын деп санайсыз ба?
– Алдыма әкім болсам, сенатор болсам деп мақсат қойған жан емеспін. Алған білімім мен жинаған тәжірибемді ел мүддесі жолында жұмсасам деп армандадым. Бала күннен солай еді, қазір де солай. Елдің қолдауымен, Алла қалап, осы деңгейге жеткен екенбіз, Алла абырой берсін. Қай жерде қызмет қылсам да елдің ықыласына бөленіп, кейін де халықпен ұялмай жүздесетіндей болуым керек деп мақсат қойдым. Шүкір, осы мақсатым орындалып келеді.
Сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Ерасыл ШӘРІБЕК
13 тамыз 2019 ж. 11 0

PDF нұсқалар мұрағаты

34-311

22 тамыз 2019 ж.

33-310

15 тамыз 2019 ж.

32-309

08 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031