» » АНИМАЦИЯ: ҚАРЖЫ, УАҚЫТ, ТАҚЫРЫП

АНИМАЦИЯ: ҚАРЖЫ, УАҚЫТ, ТАҚЫРЫП

  Қасиет САҒИДОЛЛА, аниматор, режиссер:

     «Балапан» телеарнасының бүлдіршіндерін қуантқан «Дала ойындары» мультфильмінің бүгінде үшінші маусымына дайындық жүргізілуде. Цифрланған ғаламның ауқымды мәселелерін шешуді көздеген кішкентай қаһармандар жайлы анимациялық сериалдың қоюшы режиссері және продюсері Қасиет Сағидолла бүгін бізге қазақ анимациясы жайлы әңгімелеп берді.
‒ Қасиет, әңгімемізді анимация саласына қалай келгеніңізден бастасақ...
‒ Бала күнімде тың жаңалық ашуды, жаңа дүние ойлап табуды жиі армандайтынмын. Ержете келе кинематография саласында қызмет етемін  деген шешімге келдім. Солай 2017 жылы Қазақ Ұлттық Өнер университетінде анимация және режиссер мамандығын алып, анимация саласына аяқ бастым. Жалпы бұл салаға келгенде де менің алдымда екі таңдау болды: бірі ‒  кинофильм, екіншісі ‒ мультфильм бағыты. Елімізде анимация саласы ақсап тұрғандықтан, мен осы бағытты таңдадым әрі кішкентай күнімнен сурет салуға қызығатынмын.
‒ Анимация ‒ ұлттық идеологияны насихаттап, тарихыңды ұрпағыңа ұқтырудың төте жолы. Бүгінгі қазақ мультфильмі ұлттық болмысты бала бойына сіңіруге қаншалықты қауқарлы? Біз қазір «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Қаңбақ шал» т.б мультфильміндегі қазақы бояуды жоғалтып алмадық па?
‒ Қазіргі қазақ анимациясы төл тарихымызды бала санасына толықтай құяды деп айта алмаймын. Оның түрлі себептері бар. Соңғы уақыттағы қазақ анимациясының дамуы қарқынды, жаңалығы да көп, бірақ бұл біздің жасөспірімдерімізді толықтай өз экранымызға жинай алдық деген сөз емес. Себебі қазір шетелдік мультфильмнің саны өте көп, әрі олардың сапасы  жоғары және бұл туындылар бала психологиясын зерттеу арқылы түсірілген. Шетелде мамандар баланың қандай дүниеге қызығатынына сараптама жасау арқылы жұмыс істейді, оған қоса өте көп қаржы мен уақыт жұмсайды. Ол тұтас бір қоғамның қадағалауы арқылы сүзгіден өткен. Ал қазақ анимациясына келсек, мұнда біршама қиындық бар. Біріншіден, біздің елде халық саны аз, көрермендер шығармашылық топты толықтай қамтамасыз ете алмайды, ал Америка немесе Жапонияда алдын ала туындының қаржысы дайындалады. Ал біздегі анимация әлі күнге Үкіметке тәуелді. Екіншіден, шығармашылық топқа берілетін тапсырма көбіне тарихи тұлғалар мен батырлар тақырыбын қамтиды. Біз осыны балаларға ұнайтын форматқа ауыстырып, ауыр тақырыпты жеңілдетіп ұсынуға тырысамыз. Мысалы, Абылай, Абай ‒ алты Алашқа танымал тұлғалар, бірақ оны мультфильмде басқаша форматта беру бізге қиындық тудырады. Сол үшін ең алдымен еркін тақырыптағы, бүлдіршіндерді қызықтыратын мультфильм дайындап, аудитория жинасақ дұрыс болар еді. Содан кейін ғана тарихи тұлғаларды дәріптегеніміз абзал. Бірақ бізге мұндай мүмкіндік әлі берілген жоқ.
Келесі мәселе шығармашылық топқа берілетін уақыт пен қаржы. Бұл ‒ үлкен мәселе. Әдетте біз шетелдің анимациясын көргенде сапалы деп бағалаймыз, бірақ олар  бір сағаттық фильмнің өзін 2-3 жыл түсіреді немесе 10-15 жылға созылуы мүмкін. Осы уақытқа дейін мен «Қазақфильмде» жұмыс істедім, ол жерде бізге берілетін уақыт бір жылдан асқан емес. Тек «Мұзбалақ» мультфильмі ғана 2,5 жылға созылды, сол себепті ол сапалы болды. Бұл біз үшін уақыттың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Одан бөлек қаржы мәселесі де бүгінге дейін шешімін таппай келеді. Шетелде толықметражды 75-80 минуттық фильмге кемінде 200 миллион доллор жұмсалады, ал бізде бұл қаржы 1 миллион доллар ғана. Сондықтан қанша жерден тату ұжым, мықты режиссер болса да осындай аз қаржымен шетелді басып озамыз деп айта алмаймын. Осы қаржы, уақыт, тақырып мәселесін шешіп алмайынша біздің анимациялық фильмдер көрерменді толықтай қамти алмайды.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ‒ Әмен Қайдаровтың ерекше қолтаңбасы, қазақ анимациясының әліппесі. Біз бұл фильмдердің бояуын жоғалтқан жоқпыз, өйткені бұл қазақтың қанына сіңген дүниелер. Тіпті біз Голливудқа барып жұмыс істесек те, қазақы бояуды көпшілікке көрсете аламыз. Бірақ қазіргі кезде қазақ анимациясы көркемдік шешім жағынан, режиссерлық стиль тұрғысынан  әртүрлі эксперименттерге баруда. Бұл тәжірибелердің нәтижесі бүгін көзге ала-құла, ұлттық бояудан ада болып көрінгенмен болашақта қазақ анимациясының жаңа толқынын қалауға негіз болады. Сондықтан қазір ұлттық болмысты насихаттауға қарағанда, анимация саласының сапасын жақсарту керек деген сұрақ аясында тәуекелге бару керек. Мұның бәрі мол тәжірибе мен ұзақ уақытты қамтитыны сөзсіз.
‒ «Дала ойындары» алғашқы туындыңыз ба? Жасанды интеллект, урбанизация тақырыбын қамтыған мультфильм сценарийі қалай жазылды?
‒ Ең алғашқы туындым ‒ «Абайдың балалық шағы» деп аталатын 100 сериялық анимациялық фильм. Мен туындының бірінші бөлігін толығымен аяқтадым. Одан кейін университетте дипломдық жұмыс ретінде қазақ халқы ертегісіне негізделген «Түлкі мен бөдене»  атты  қысқаметражды анимациялық жұмысымды даярладым. Содан кейін ғана «Дала ойындары» жобасын қолға алдым. Осы идеяның туындауына және жүзеге асуына «Балапан» телеарнасының басшысы Мақпал Жұмабайдың көп ықпалы болды.
 Жалпы «Дала ойындарына» балалар әлемінің кішігірім мәселелерін арқау еттік, оның ішінде ең күрделісі бүлдіршіндердің электронды дүниеге мұқтаждығы, компьютер мен ұялы телефонға тәуелді болуы, логиканы дамытуға қарағанда дайын дүниені таңдауы олардың тұйық, қоғамнан шет қалуымен қатар денсаулығына да кері әсер етуде. «Дала ойындарының» негізгі мақсаты ‒ техникаға тәуелді баланы далаға шығарып, еркіндікте ойнату. Оған қоса балаларға мультфильм арқылы қоршаған ортаны қорғау керегін насихаттағымыз келді. «Дала ойындарының» екінші бөлімі «Бәйге» деп аталады, режиссері ‒ Қалиолла Рамазан, продюсері өзім. Екінші бөлімнің алғашқы туындыдан айырмашылығы, балаларға ақпарат әлемінің кемшілігі мен артықшылығы анық түсіндіріледі.
‒ Елімізде анимация саласының мамандары аз екені жиі айтылады. Бұл жөнінде сіздің пікіріңіз қандай? Жалпы команда жұмысы жайлы айтып берсеңіз...   
Елімізде анимация саласы бойынша үш оқу орны бар, біріншісі Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан Қазақ Ұлттық Өнер университетіндегі анимация және режиссер мамандығы. Бұл жерден жыл сайын бес-алты түлек бітіріп шығады, бірақ соның екі-үшеуі ғана осы салада
жұмысын жалғастырады. Екіншісі ‒ Алматыдағы Т.Жүргенов академиясындағы анимация факультеті. Ол жерде де мамандардың шығуы осындай деңгейде. Одан кейін Шымкентте анимациялық колледж бар, осы ортада да болашақ аниматорлар тәрбиеленіп жатыр. Алайда еліміздегі анимацияның үлкен аудиториясын қалыптастыру үшін әлі де сапалы мамандар қажет. Бұл мәселеге оқу орнының аздығы және мамандыққа жүргізілетін түсіндірме жұмысы мен жарнаманың жетімсіздігі кедергі деп ойлаймын. Шыны керек кейде мамандар аз болған соң мультфильмді дайындауға шамамыз жетпей жатады.  
Біздің командамыздың құрылғанына 3-4 жыл болды, біз осы кадр мәселесін шешу үшін «Q-GOO Qazart grafıkalyq oqytý ortalyǵy» атты жоба жасадық. Өзіміздегі тәжірибелі мамандардың үйретуімен анимацияға керекті мамандық пен жалпылама ұғымды өндірістік тәжірибеден өткізетін орталық ашамыз. Егер бұл ойымыз жүзеге асса өзімізге де, қазақ анимациясына да үлкен көмек болар еді.    
‒ Әлемге әйгілі Pixar студиясы анимациялық өнімдерін шығаруға ұзақ уақыт жұмсайды екен. Мысалы, 6 минуттық «Қарызға алынған уақыт» мультфильмінің картинасы 5 жыл бойы салынған. Ал біздегі бір мультфильмді дайындауға қанша уақыт керек?
‒ Pixar, Disney ‒ алпауыт компаниялар, олардың  жүз жылдық тарихы мен ауқымды аудиториясы бар. Сонымен қоса олар кассалық бағытта жұмыс істейді, сол үшін толықметражды туындыға 2-8 жыл аралығында уақыт жұмсайды. Франция, Ресей, Италия, Жапонияда бұдан да жақсы авторлық негізде жұмыс істейтін студиялар бар. Ең әйгілісі ‒ Ресейдегі Александр Петровтың командасы. Ол кісілер 12 минуттық анимациялық фильмге 10 жыл уақыт бөледі, ал Жапонияда бір толықметражды фильмге 5-10 жыл уақыт кетеді.
Анимация ‒ тиянақтылық пен мұқият болуды талап ететін жұмыc. Егер  фильм 2D форматында болса, оның бір секундына 24 кадр салынады. Ал  3D форматындағы анимациялық фильм экранда көрсетілетін дүниені шынайы өмірдегідей етіп жасап шығуды талап етеді. Мультфильмнің алдын-ала дайындық шарасына 3 жыл уақыт кетеді, сол кезеңде мультфильм тақырыбы кеңінен зерттеледі. Қазақстандағы анимацияға берілетін уақыт көңіл көншітпейді, айталық бізде толықметражды фильмге бір жыл ғана уақыт беріледі, одан тыс анимациялық сериалдарға алты ай уақыттан артық белгіленбейді.
‒ Анимацияның қызықты әрі күрделі сала екенін айттық. Осы орайда мультфильм дайындау кезінде кездесетін қызықты сәттер мен тосын жағдайлар жайлы айтып беріңізші...
‒ Иә, анимация ‒ ауқымды тақырып, оны жасалу техникасы мен формасына қарай бірнеше топқа бөлеміз. Атап айтсақ, 3D, 2D өлшемді, Stop-motion сынды   түрлері бар. Одан әрі қарай қағаз, түтін тәрізді қозғалатын заттар  анимациясы жасалады. Осыған сай шығармашылқ
құрам да  әртүрлі болады. Мысалы, 3D форматындағы шығармашылық топта дайындық кезеңіндегі режиссер, суретші, қоюшы суретші, сценарист, актер тағы басқа мамандардан тыс техникалық көмекшілер  бар, яғни бір шығармашылық құрам 30-дан аса адамнан құралады.   Қазір студиямызда жиырмаға жуық адам тұрақты жұмыс істейді. Жұмыс барысы ауыр, яғни таңертеңнен кешке дейін,  кейде түнде де жұмыс істейміз.
        Студиядағы ең қызықты сәт ‒ кешкі уақыт. Сол кезде біз үлкен экранға күні бойы жасаған жұмысымызды шығарамыз, ал ол 2 секундтан аспайды (күліп). Бірақ соны он қайталап көріп, 2-3 сағат талқылаймыз. Содан болар жұмыстың өнімділігі жоғары. Біздің саланың қиындығы да қызығы да көп, содан болар, мультфильмді тамашалаған сәтте бірде-бір бүлдіршін теріс қарап немесе телефонға назар аудармаса екен дейміз. Себебі туындының әр секундында біздің маңдай теріміз бар. 
‒ «Дала ойындарында» Әмір атты кейіпкер әлемді құтқарады. Жалпы мультфильмнің басты идеясы әлемді жақсартуға арналған. Бірақ  кейіпкерлер бейнесі заманауи болғандықтан қазақы бейнені байқай алмадық...
‒ Әмір ‒ екі бөлімде де бас кейіпкер. Бірақ бірінші бөлімде бес кейіпкерді де басты рөлде беруге тырыстық. Енді мультфильмнің үшінші маусымы басталып жатыр. Ол жерде әрбір кейіпкердің болмысын ашу үшін жеке-жеке серия етіп түсірдік. «Дала ойындарында» қазақылықтың нышаны болмады деген сөз жиі айтылады, оның да бірнеше себебі бар. Біріншіден, әрбір кейіпкерге оюды таңбалау жиі қайталанатын көрініс, біз бұл жолы осы ұстанымды қолданбадық, керісінше бабаларымыздың батыр, текті тұлғасын кейіпкерлер сөзімен, іс-қимылымен беруді жөн көрдік. Әрі бұл еркін тақырып күйінде қазақ анимациясында жаңа бағыт қалыптастыру үшін жасалды. Алайда келешекте кейіпкерлерді нағыз қазақ болмысында жасайтын боламыз. Айта кетейін, қазір экранда беріліп жатқан «Дала ойындарының» екінші маусымында ұлттық ойындар кеңінен насихатталған. Осы орайда Жапонияның мультфильмін мысал еткім келеді. Байқасаңыз, жапондардың мультфильм кейіпкері ұлттық киіммен жүрмейді, тіпті олардың бет-әлпеті де өздеріне ұқсамайды. Олар тостағандай жанары бар кейіпкермен-ақ өз стилін қалыптастырды. Бірақ бүкіл әлем ол туындының жапондікі екенін сөзсіз мойындайды. Францияда, Америкада  да солай. Олар тура сол ұлттан аумайтындай кейіпкер жасап жатқан жоқ. Бұл ‒ әлемдік анимацияның тәжірибесінде бар жақсы мысал. Сол үшін ұлттық болмыспен шектелуге  қарағанда, қазақ анимациясында алуан түрлілік болу қажет деп ойлаймын.
‒ Анимациядан бөлек қандай салаға қызығасыз? Жаңадан не үйренгіңіз келеді?
‒ Анимация ‒ біздің жанымыз ғой, біз күні-бойы соны ойлап жүреміз (күліп).
Ал өз басым жаңа бағдарламалардан бөлек, фольклорлық, діни, дәстүрлі мәдениетке қызығамын. Алдағы уақытта тарихи дүниелер жайлы кеңінен ізденіп, ұлтымыздың идеологиясын зерттегім келеді. Мәдениет саласында жүргендіктен жасаған мультфильмнің де тәрбиелік мәні зор болса екен деймін.
‒ Сұхбатыңызға рақмет!
      
Әңгімелескен
Гүлдана ЖҰМАДИН
16 тамыз 2019 ж. 161 0

PDF нұсқалар мұрағаты

34-311

22 тамыз 2019 ж.

33-310

15 тамыз 2019 ж.

32-309

08 тамыз 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031