» » БІЗДІҢ ФАНАТТАР ҚАНДАЙ?

БІЗДІҢ ФАНАТТАР ҚАНДАЙ?

  Төрткүл дүниенің төрт бұрышында ала допқа қызығатындар саны жыл санап артып келеді. Сүйікті командасының ойынын тікелей тамашалау үшін аренаға ағылатындар қаншама?! Әйтсе де Қазақстандағы жағдай тіпті бөлек.
Кейінгі жылдары қазақ футболы клубтық деңгейде толағай табыстарға қол жеткізді. Еуропаның ірі додаларында атой салу біз үшін қалыпты жағдайға айналып үлгерді. Мәселен, биыл «Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтуге жақын. Әйтсе де қазақ футболының еңсесі көтерілді деуге әлі ерте. Рас, команданың алға жылжуына фанаттардың үлесі зор. Сүйікті командасына дем беретін  жанкүйерлер қарасы біздің біріншілікте тым аз.
Біздің клубтар еуропалық командалармен сынға түскенде аренаға ағылатын жанкүйерлерді ішкі біріншілікте майшаммен іздеп табу қиын. Мәселен, биылғы премьер-лиганың 23-турындағы бүкіл ойындарды қосқанда стадионға 17500 жанкүйер жиналыпты. 6 ойында мұнша халықтың жиналуынан байқағанымыз, тұрақты жанкүйердің қалыптаспағынын аңғаруымызға болады. Еуропаға еліктегішпіз. Англия немесе Испанияның төменгі лигасына үңілсек, әлемге беймәлім "Лутон таун", "Луго" секілді командалардың өзіне 20-25 мың жанкүйер қолдау көрсетеді екен. 17500-ді орта есеппен есептесек, әр матчты 3500 көрермен тамашалаған. Тіпті кей кездесулерге 2000 ға жетер жетпес жанкүйер жиналған сәттер кездесті. Жалпы қала халқының 1 пайызы ғана отандық футболға қызығушылығы бар. 
Біздегі екінші мәселе жанкүйер мәдениеті. Яғни отандық фанаттар мәдениеттен жұрдай десек артық айтқандық емес. Біздің фанаттар бірде көл, бірде шөл. Яғни ұтса бөркін аспанға атады, ұтылса өкінішке қарай...  Журналист болған соң іс-сапармен өзге де облыстарға барамыз. Сонда стадиондағы футболды қалт жібермеуге тырысамыз. Ел біріншілігіндегі 4-5 команданың ойынын көзбен көрдік. Мәдениетсіз жанкүйерлерді ол жақтан да байқадық. Бір ғана мысал. "Қайсар" өз алаңында "Ақтөбеден" және "Оқжетпестен" жеңілді. Қызылордалық ойыншылардың жеңіске ұмтылғаны маңдай терінен-ақ байқалып тұр. Барынша тырысып бақты. Сәттілік серік болмады. 90 минутыңыз 9 минуттай сырғып өтті. "Қайсарды" қолдауға келген жанкүйерлеріңіз қонақ командаға болысып, футболшыларды балағаттай бастады. Ең сорақысы аяқдопшылардың жары мен балаларына тиісіп, көргенсіздік танытқаны. Мұндай сүреңсіз сөздер мен келеңсіз көріністерді отандық футболдың кез келген айналысынан кезіктіруге болады. 2014 жылы әлемдік титулды Бразилия өткізді. Әлем біріншілігінің 5 дүркін жеңімпазы өз елінде атой салатынына біз де сендік. Дегенмен жартылай финалда футболдың отаны саналатын Бразилияңыз өз жерінде Германиядан 1-7 есебімен ойсырай ұтылды. Аренаға жиналған қалың көрерменнің алдында бразилиялық футболшылар жер болды. Сонда таңғалғаным жанкүйерлер футболшыларын жерден алып, жерге салған жоқ. Эмоциясын бір тамшы жаспен шығарды да жіберді. Мәдиенет дегеніңіз осы. Бүкіл әлем жабылып қолдау көрсететін "Реал" мен "Барселонаңыздың да" сан соғып қалған сәттерін талай байқадық. Әлгі стадиондағы мәдениетсіз жанкүйерлеріңіз сонда сабырлы болатынын қайтесіз. Расымен мәдениет өркендеудің бір формуласы. Сондықтан команданың нәтижесі үшін емес шынайы жанкүйер болуға талпынғанымыз жөн. Алысқа бармай-ақ "Ақтөбенің" фанаттарынан сабақ алсақ жеткілікті.
Ерасыл ШӘРІБЕК
24 тамыз 2019 ж. 117 0

PDF нұсқалар мұрағаты

38-315

19 қыркүйек 2019 ж.

37-314

12 қыркүйек 2019 ж.

36-313

05 қыркүйек 2019 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30